Евгения Махмутова: Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар билік транзитін қауіпсіздендіріп, Қазақстанды заманауи модельге жақындатады
Жаңа Конституция жобасы билік тармақтарының өзара байланысын қайта құрылымдап қана қоймай, құқықтық мәдениетті, қоғамдық сенімді және саяси процестердің жетілген институттық моделін қалыптастыруды мақсат етеді.
Бұл өзгерістердің ең маңызды ерекшелігі — мемлекет болашағының негізгі тірегі саналатын адам, оның құқықтары, еркіндігі мен қадір-қасиеті Конституцияның кіріспесінде айрықша маңызға ие болуы. Мұндай қадам билік пен қоғам арасындағы ашық диалогқа жаңа импульс беріп, мемлекеттік институттардың легитимдігін күшейтеді.
Реформа аясындағы өзгерістер тек саяси құрылымды оңтайландыру емес, сонымен қатар Қазақстанның басқару жүйесін халықаралық стандарттарға жақындататын институционалдық «ескі модельден» бас тарту үдерісімен қабаттасып жатыр. Бірпалаталы Парламентке көшу, вице-президент институтын қайтару, отбасы мен неке жөніндегі қағидаттарды нақты бекіту секілді бастамалар мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық шешімдер ретінде қабылдануда.
Осы өзгерістердің мәні мен салмағын тереңірек талдау үшін біз Ресей Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің саясаттану кафедрасының доценті Евгения Махмутовамен әңгімелестік. Сарапшы жаңа Конституциядағы құқықтық ұстанымдардың қоғамдағы сенімге ықпалын, бірпалаталы Парламенттің тиімділігін, билік транзиті тұрғысынан вице-президент институтының рөлін және Қазақстанның цифрлық болашаққа бағытталған стратегиялық әлеуетін жан-жақты түсіндіріп берді.
- Евгения Викторовна, преамбулаға адам құқықтары мен бостандықтарын енгізу қаншалықты маңызды?
- Адамға, оның құқықтары мен бостандықтарына, мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылып, бұл қағидаттардың Конституцияның ең басында — Преамбулада бекітілуі сөзсіз мемлекет басшылығы мен қоғам арасындағы ұстанымдардың жақындай түсуіне ықпал етеді. Қазіргі заманда мұндай нарративтерге сұраныс өте жоғары. Цифрландырудың дамуы, ақпаратқа қол жеткізудің кеңеюі жағдайында халық биліктен ашықтықты, қабылданатын шешімдердің халық мүддесімен түсіндіріліп отыруын күтеді.
Бұл ұстанымдар Қазақстан Президентінің «Әділетті Қазақстан» құру бағытымен толық үндеседі. Әділеттілік — Преамбулада бекітілген қағидаттардың іске асуынсыз мүмкін емес. Сондықтан бұл қадам стратегиялық жағынан да, саяси жағынан да өте маңызды.
- Реформадан кейінгі Конституциядағы Қазақстанның институционалдық жетілуін көрсететін негізгі тармақтар қандай?
- Бірінші кезекте — бірпалаталы Парламенттің құрылуы. Бұрынғы қоспалаталы жүйе посткеңестік кеңістікте ғана емес, көптеген елдерде 90-жылдардағы конституциялық процестің дүниесі еді. Қазіргі таңда мұндай модель көбіне бюрократиялық ауыртпалық тудырып, функциялардың қайталануына әкелетіні байқалды.
Қазақстан заң шығару үдерісін оңтайландырып, мандаттар санын ұлғайту арқылы Парламенттің тиімділігін арттыруға кірісті. Бұл — тек ішкі қажеттілік емес, сонымен бірге қазіргі әлемдегі институционалдық жетілудің маңызды тренді.
Екінші — вице-президент институтының қайта енгізілуі. Бұл шешім саяси орталықтандыруды қайта қарауға, басқару жүйесін жаңартуға деген ұмтылысты көрсетеді.
Үшінші — құндылықтық нормалардың күшеюі, атап айтқанда отбасы мәртебесінің, неке түсінігінің нақты бекітілуі. «Брак — ер мен әйелдің ерікті одағы» деген норманың конституциялық деңгейге көтерілуі — демографиялық міндеттерді шешуге бағытталған маңызды қадам.
- Вице-президент институтын енгізу Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін қалай өзгертеді?
- Қазақстанда бұл институтты қайта енгізуге деген ұмтылыс — басқару процесін тәртіпке келтірумен тікелей байланысты. Вице-президент — нақты конституциялық орган, ол саяси партиялармен жұмыс істеу, сыртқы саясатта елді таныстыру секілді бірқатар маңызды функцияларды орындай алады. Бұл Президенттің өкілеттіктерін жеңілдетіп, функцияларды нақты бөлуге мүмкіндік береді. Жаңа түзетулер бойынша Президент Парламент арқылы вице-президент кандидатурасына ықпал ете алады. Ал вице-президент қажет болған жағдайда Президентті алмастырып, сыртқы аренада ел атынан сөйлей алады. Бұл билік сабақтастығының анықтығын күшейтеді. Бірпалаталы Парламентпен бірге бұл қадам мемлекеттік басқаруды бюрократиядан арылтып, шешім қабылдау механизмін айқын әрі жеңіл етеді.
- Қазақстанның цифрлық хабқа айналуы мен жаңа Конституциядағы ашықтық нормалары цифрландыру процесін қалай жеделдетеді?
- Қазақстанның цифрлық хабқа айналу мүмкіндігі өте жоғары. Әсіресе халықтың цифрлық сауаттылығы — үлкен артықшылық. Мемлекеттік қызметтер, логистика, банк жүйесі, тіпті ойын-сауық индустриясы — бәрі цифрлық инфрақұрылымға негізделген. Жаңа Конституциядағы ашықтыққа бағытталған нормалар осы процесті жеделдетуге мүмкіндік береді және Қазақстанның заманауи мемлекет ретінде дамуға деген нақты ұмтылысын көрсетеді.