Еврейлер есік қағып тұр. БҰҰ-ны тыңдамайтын Израиль әскері Газаға кірді
Израиль Газа секторына жасырынған ХАМАС радикал тобына қарсы арнайы операциясының екінші деңгейіне өткенін ресми түрде мәлімдеп, жұмадан сенбіге қараған түні жаяу әскері, танкілерін, өзге де ауыр техникаларын шекарадан өткізді.
Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың сөзінше, «бұл соғыс ұзаққа созылады». Таяу Шығыстағы жанжалдың Таулы Қарабақтағы қақтығыс іспетті тез біте қоймайтынын Израиль қорғаныс министрі де екі апта бұрын АҚШ мемлекеттік хатшысына шегелеп тұрып ескерткен. Бұған дейін Израильдің Газа секторы маңына 400 мың сарбаз шоғырландырғаны туралы ақпарат тараған. Шекарадан оның қаншасы аттағаны белгісіз. Белгілісі – Газа аймағында тұрып жатқан екі миллионнан аса адамның (жартысына жуығы бала) тағдырына әлем елдерінің алаңы күшейді. Жер жерде шеру, қарсылық жиындары өтіп жатыр.
АШЫҚҚАН ГАЗА
29 қазан, жексенбі күні таң ата Газа тұрғындарының бір бөлігі Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлікке жауапты комитеті күзетіп отырған қамбаның алдына жиналған. Ашыққан, ішіп-жемге зәру топ сырттан кіріп жатқан гуманитарлық көмекті шақтап қана тарататын әрі бәрін кезекке тұрғызып қоятын шетелдіктердің талабына көнгісі келмеген. Жапа-тармағай қамбаның ішіне қарай ұмтылған. Мыңдаған адамға есікте тұрған санаулы жасақ бөгет болсын ба, қауқарсыздық танытқан. Ашулы жұрттан таяқ жеп, жазым болуы да мүмкін екенін түсінген БҰҰ өкілдері палестиналықтарды еркіне жіберген. Халықаралық AFP агенттігі таратқан видео кадрлардан қамба ішіне кіргендердің қолына ілінген затты алып, дорба-дорба ұн, қап-қап азық-түлікті қомағайлықпен қапсыра құшақтап, алыстап бара жатқаны көрінеді. Миллионнан аса тұрғынға арналған гуманитарлық көмекті осылайша әп-сәтте бірнеше мың адам тып-типыл қылған. БҰҰ Израиль мен АҚШ-ты әрең көндіріп, тозған елге құс қанатымен су себуге кіріскенде өзі аз, санаулы су-тамақ ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Ұйым өкілдерінің дерегіне қарағанда, қамбада 80 шақты жүк көлігіне артатындай тауар болған.
AFP агенттігі қоймалардағы азық-түлікті талап әкеткен бірнеше адаммен сөйлесіп үлгерген. Абдулрахман әл-Килани есімді тұрғын «ұн тапшы, суға зәруміз, тіпті дәретханаға да мұқтажбыз. Үйімізді тас-талқан қылды. Әлем бізді ұмытып кетті. Амалсыз осындай қадамға бардық» деп түсіндірген. Ум Самер әл-Аттар есімді әйел «Ашпыз. Бізге таза су, тамақ керек. Балаларымыз жататын жер де таппаймыз. Бұл – әділетсіздік қой» – деп, көз жасына ерік берген.
Палестиналықтардың бұл әрекетіне ұялы телефонның бер жағынан қарап отырып ренжи алмайсыз. БҰҰ да сөйткен. Ұйымның Газадағы халыққа жәрдем жеткізуге жауапты өкілі Томас Уайт таратқан ресми мәлімдемеде бұл оқиғаны «үш аптадан асқан соғыстан соң Газада қоғамдық тыныштықтың бұзылуы» деп атаған және келіп жатқан гуманитарлық көмек өте азын айтып ашыққан халықтың бұдан басқа амалы да жоқ екенін меңзеген. Осы ұйымның тағы бір лауазымды өкілі Филипп Лаццарини Газадағы ахуалды «жердегі тозақ» деп атаған. Ол X (Twitter) парағына палестиналықтар қамбаға басып кірген соң оларға гуманитарлық көмекті үлестіріп жүрген ерікті қызметкерлерінен хабар ала алмай отырғанын жазды. Өйткені Газада не телефон байланысы, не интернет жоқ еді. Осыған ұқсас жазбалар көбейген соң сенбі түстен кейін Газа секторының кейбір аймағында интернет пайда бола бастады. Ал АҚШ миллиардері Илон Маск палестиналықтарға тегін интернет беруге дайын екенін хабарлады. Бірақ интернетті ХАМАС радикалды тобы пайдаланбауы үшін АҚШ билігімен ақылдасып отырмақ.
Таза су мен электр жарығын 2005 жылдан бері Израильден алып отырған Газа халқы ХАМАС шабуылынан соң бұл игіліктен кілт ажыраған еді. Алайда жексенбі күнгі оқиғадан соң халықаралық қауымдастықтың қысымы күшейді ме, әйтеуір Газаға су жеткізетін үш құбырдың екеуі ашылғаны белгілі болды. Түстен кейін халыққа таза су беріле бастаған.
БҰҰ мен ИЗРАИЛЬ
Әлемде өзін тәуелсіз санайтын 190-нан аса мемлекет мүше Біріккен ұлттар ұйымы төрағасы мен ұйым құрамындағы Израиль арасы қазір ушығып тұр. Соңғы бір аптада екі тараптан бір-біріне жақпайтын, ұнамайтын мәлімдемелер айтылды. Жер шары атты үлкен шаңырақтың ұйытқысы міндетін арқалаған БҰҰ басшысы «туғаны жоқ тура би» болғысы келеді. Ал Израиль оған «өгейлік қылдың» деп өкпелейді.
Дау өткен аптада сейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысынан басталды. Жиында ұйым төрағасы Антониу Гуттериш Таяу Шығыстағы ахуалдың қатты қиындап бара жатқанына алаңдап, тараптарды тез арада атысты тоқтатуға шақырған. ХАМАС тобының террористік әрекетін айыптайтынын айта келе ол сөзінің ортасында «ХАМАС шабуылдары да жоқ жерден пайда болған жоқ» деген. Гуттериш баяндамасында Палестина халқы соңғы 56 жылдан бері өз жерінде отырып шетқақпай, азаптау көріп келе жатқанын, Израиль олардың көп жерін оккупациялап алғанын атап өткен. Бұл мәлімдеме Израиль билігіне жақпады. Израильдің БҰҰ-дағы өкілі Гилад Эрдан сол күні-ақ «төраға террористермен бірігіп кетті, орнын босатсын» деп бастама көтерді. Израиль сыртқы істер министрі Эли Коэн де твиттердегі парағына «енді БҰҰ өкілдері біздің жерге келмесін, виза да бермейміз, Гуттериш мырзамен бұдан былай кездеспеймін» деп, қатаң мәлімдеме жасады. Әлем ақпарат құралдары жарыса жазып, дауы қоюланып бара жатқанда Гуттериш мырза «сөзім бұрмаланды, ХАМАС-ты ақтамадым» деп түсініктеме айтуға мәжбүр болды. Бірақ Израиль бұған да тоқтамады. Гилад Ардан «төраға айтқанынан қайтпады, ол басқа әлемде өмір сүреді екен, ондай кісінің ұйымды басқаруға хақы жоқ» деп тағы қайталады. Ардан айтқанмен, басқалар оны қолдап кете қойған жоқ. Төраға орнында қалды.
БҰҰ мен Израиль арасындағы тартыс бұнымен бітпеді. 27 қазанда ұйым Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтату туралы қарар қабылдады. Қарарда ХАМАС радикалды тобын айыптамаған. Оны 120 ел жақтады. Жақтағандардың арасында Ресей мен Қазақстан да бар. 45 ел қалыс қалды. Израиль мен АҚШ бастап 14 мемлекет қарсы дауыс берді. АҚШ ұстанымы бойынша соғысты дәл қазір тоқтатса ұтатын тарап – ХАМАС қана. Дауыс беру біткен соң Израиль өкілі Гилад Ардан ұйымды «жауыздықтың ұзақ жасауына жол беріп отыр» деп кінәлады. Ардан «Таяу Шығыстағы жанжалды тоқтатуға дауыс бергендер ХАМАС тобы адамдарын қаруларын тастап, өз еріктерімен берілуге және кепілдегі тұтқындарды тез арада түгел босатуға көндіріп көрсін» деді. Израиль сыртқы істер министрі Коэн қарарды «масқара» деп атады. Оның сөзінше, «әлем «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы мен неміс нацизмін қалай жойса, Израиль де ХАМАС тобын солай құртады».
Біріккен ұлттар ұйымынан «көңілі қалған» Израиль сенбі күні Газаға жаяу әскер кіргізді. Атысты тоқтату туралы қарарға құлақ асқан жоқ. Бұған дейін осы мәндес талай қарарды Украинаға басқыншылық істеп отырған Ресей де аттап өткен. Мәскеуді сабасына түсіруге қауқары жетпеген БҰҰ Тель-Авивке қандай айла қолдана қойсын? Бұны көріп-біліп отырған Израиль премьер-министрі Бинямин Нетаньяху әскердің Газа секторы шекарасынан өткенін ресми мәлімдеді. Ол «ХАМАС ұйымының әскери күшін талқандау», «басшыларының көзін жою» және «кепілде отырған 230 адамды құтқару» дейтін үш негізгі мақсатты алға тартып, соғыстың ұзаққа созылатынын ескертті.
ГАЗАҒА ҚОЛДАУ
Нетаньяху айтқандай, соғыс шынымен ұзаққа созылса оның зардабы да соншалықты ауыр болмақ. Өшіккен жау Газаның асты-үстін түгел тінтіп шықпай тынбайтынын байқатты. Еврей сарбаздары әрбір қуысты, хамастықтар мақтанышпен айтатын 500 шақырым туннельдің барлық нүктесін тауып, бомбалап, көміп тастамайынша тыншымайтындай. ХАМАС-қа қарсы соғыс қаласа да, қаламаса да Газадағы палестиналықтарға салмақ. Палестина билігінің дерегінше, 7 қазаннан бері Газада кемі сегіз мың адам опат болған. Жараланғандар жиырма мыңға жуықтаған. Al Jazeera телеарнасының хабарлауынша, қазір күніне 400-ден 700 аралығында бейбіт адам көз жұмады. Оның көбі кәмелет жасына жетпеген бала. Израиль бұған дейін ХАМАС тобының шабуылынан 1400 адам қаза тапқанын мәлімдеген.
Израиль Газаға жаяу әскер кіргізуін бірнеше себеппен түсіндіруге тырысады. Ең алдымен, қайта-қайта зымыран атып, халқына маза бермейтін іргедегі жауды, террористік топты (ХАМАС Қазақстанда террорист ұйым емес) біржола жуасытқысы келеді. Ол үшін бұрынғыдай зымыранға зымыранмен ғана жауап беру жеткіліксіз. Ішіне кіріп, әрбір сарбазын қуып жүріп өлтірмесе немесе тұтқынға түсірмесе мақсат орындалмайды. Екінші себеп, ХАМАС пен қарапайым палестиналықтарды ажырату қиын. 2005 жылдан бері толықтай ХАМАС тобының бақылауында отырған газалықтар тұрмыс үшін, тіршілік үшін олардың ережелерімен жүріп-тұруға көндіккен. Бұл тәжірибе өз кезегінде хамастықтар мен палестиналықтарды тым жақындастырып жіберген. Израиль сүйенетін ең негізгі аргумент те осы – «ХАМАС палестиналықтарды тірі қалқан етіп отыр». Сондықтан жаяу әскер әрбір көшені кезіп, әрбір үйдің есігін қақпай болмайды. Үшінші аргумент – туннельдер. Жер бетінен кемі 30-35 метр тереңде қазылған жүздеген шақырым туннельді ХАМАС коммуникацияға да, қару-жарақ, оқ-дәрі сақтауға, өндіруге де, баспана етіп те пайдаланады. Оны Израиль барлаушылары жақсы біледі. Туннельдерді құртпай, ХАМАС тобын жеңу мүмкін емес. Күші әлсіресе де топ ес жиғанда бәрібір шабуылды қайта бастайды.
Израильде өмір сүретін әрбір еврейге биліктің бұл ұстанымы түсінікті. Бірақ террористермен соғысты солардың әдісімен жүргізуге әлем наразы. Соңғы кезде бұл наразылық күшейіп келеді. 28 қазанда Ыстамбұл қаласында өткен қарсылық шеруіне президент Режеп Тайып Ердоған да қатысты. Ол жүз мыңнан аса адамның алдына шығып, Израильге қарсы ауыр сөздер айтты. «Әрбір ел өзін қорғауға хақылы. Бірақ Газадағы әрекет қорғану емес, қантөгіс» деді Ердоған. Ол Түркияның Израильді тұтас әлемге «әскери қылмыс істеген ел» ретінде мойындатуға барын салатынын жеткізді. Ердоған сөзінен соң Израиль Түркияда дипломаттары қалмағанын мәлімдеді. Елші бұдан он күн бұрын кетіп қалған.
Газа халқын қолдау шеруі сенбі күні Лондонда да өтті. Ағылшындардың бұл екінші акциясы. Бір апта бұрын да олар Ұлыбритания астанасында атысты тоқтатуды талап етіп, ұран көтерген. 28 қазандағы шеруге де жүз мыңнан астам адам қатысқан. Бәрі бір ауыздан Израильді айыптаған. Сол күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында да мыңдаған тұрғын митинг өткізген. Таяу Шығыстағы жанжал басталғалы Газадағы ахуалды тынбай көрсетіп келе жатқан Al Jazeera арнасының журналисі тікелей эфирде тұрып шеруде америкалық еврейлердің өте көп жүргеніне таңғалды. Таңғалатындай да бар. АҚШ-тағы еврейлер сол күні Нью-Йорк қаласындағы орталық теміржол бекетін басып алды. Олар «Палестинаға еркіндік!» деп ұрандатып, Израиль билігінің қазіргі әрекетін адамзатқа қарсы қылмысқа теңеген. Наразылыққа Нью-Йорк қаласындағы «Бейбітшілік үшін еврейлердің үні» дейтін үкіметтік емес ұйым бастамашы болған. Пойыздардың жүрісіне кедергі келтірген акция кезінде полиция 300 адамды ұстаған.
Испанияның Мадрид қаласында 29 қазан, жексенбі күні бірнеше оппозициялық партия мен ондаған кәсіподақ бірігіп, Израильге қарсылық акциясын ұйымдастырды. Мыңдаған адам қала көшесімен жүріп өтіп, орталық алаңға тоқтаған. Олар Испанияның қазіргі билігін «бейбітшілік туралы айтқанда үні естілмейді» деп сөккен.
Израильге қарсы ұрандарға Қазақстанмен көршілес екі ел – Ресей мен Қырғыз елінің тұрғындары да қосылды. 28 қазанда Бішкекте мыңға жуық адам Израильді «фашист мемлекет» деп айыптап, М. Горький алаңында митинг өткізді. «Ерік» саяси партиясы мұрындық болған жиынға мыңға жуық адам қатысқан. Соңында бәрі палестиналықтарға гуманитарлық көмек жөнелтуге уағдаласқан.
Дағыстандықтардың бұл әрекетіне баға беруге әлі ерте. Өз билігі, Кремльдегі қожасы, әскердегі ұлдары Украинада жазықсыз мыңдаған адамды өлтіріп, жүздеген қала, ауылдарды қиратып, миллиондаған әйел мен баланы шетелдерге қашуға мәжбүр еткенде тырп етпеген дағыстандықтардың айдаладағы арабтарға жаны ашиды дегенге сену қиын. Бірақ қазір анық көрініп тұрған мотив – олардың діни ұстанымы. Біріншіден, Газада діндес халық азап көріп, қырылып жатыр. Екіншіден, бұл наразылық Ресей билігіне бағытталмаған әрі олардың Израильге қарсы көтерген ұрандары федералды телеарналардан айтылып жатқан нарративпен үндес. Яғни кейін қудалаудан құтылып кетуге болады. Қауіп аз. Қудаланса – бұзақылық үшін ғана жауапқа тартылады. Ресейлік телеграм арналардың жазуына қарағанда, әуежайға басып кіргендер ондағы дүкендерді тонаған, кассадағы ақшаларын да алып кеткен.
Айгүл Баба