Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:15

«Фантикті» реформа. Балабақша және бизнес

балабақша
Фото: ашық дереккөз

Өткен жылы мектепке дейінгі білім беру саласында жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Осы негізде Тараз, Түркістан, Шымкент және Орал қалаларының мектепке дейінгі ұйымдары ваучерлік қаржыландыруға көшкен.

 Бұл бастаманың бұрынғы жүйеден өзгешелігі – енді балалар балабақшадағы орынды емес, ваучерлік қаржының келуін күтеді. Оған қоса, мекемені білім бөлімі емес, ата-ананың өзі таңдайтын болады. Бұл кезекті азайтады, сапаны арттырады, тағы жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді деген «презентация» жасалды, әрине. Артынша, «пилотка» тиімділігі дәлелденгені де хабарланған. Енді биылдан қалмай бүкіл республиканы осы жүйеге кезең-кезеңімен көшіру жоспарланып отыр. Елордалық балабақшаларды «жаңарту» басталып та кеткен. Бірақ әдеттегідей техникалық түсініспеушіліктер, жауабы жоқ сұрақтар баршылық. 

Ата-аналар ваучерді қалай алуды білмейді

Негізі, Қазақстанда бүлдіршіндерді балабақша кезегіне қою үшін бес түрлі ақпараттық жүйе қолданылады. Жаңа жүйе бойынша кезекке қою, оны бақылау сынды процестер өзгермейді. Тек бұрынғы жолдаманың орнына ваучер беріледі. Түсінікті болуы үшін былай тарқатайық, осыған дейін жауапты мекеме қаржыны балабақшаға беріп, онда кезегі келген балаларды жіберсе, енді бала басына ақша береді, ата-ана осы қаржымен қай балабақшаға барса да өзі біледі. Жан басына шаққандағы қаржыландырудың осылайша жеке шоттар арқылы балабақшаға төленуі – ваучер. Оны алу, балабақшаны таңдау үшін ата-ана өз бетінше «жұмыс істейді». Мәселе де осы тұстан басталады. Ата-аналар: «бұған дейінгі кезегіміз не болады?»; «жаңа жүйе туралы нақты түсінік жоқ, бірақ солай жасауға мәжбүрміз»; «ваучерді қайдан, қалай алатынымызды білмей далмыз» деген пікірлерін білдіріп жатыр. Әрине, бұл техникалық аспектілер. Бірақ дотация алудың жалғыз жолы осы болғандықтан, ата-аналар оны түсінуі қажет. Бұл тұста техникалық көмек беру қызметтерінің жұмысы осал екені жағдайды ушықтыра түседі. Олар: «біз ваучердің қашан келетінін айта алмаймыз, күтіңіз», – деп шығарып салатын көрінеді.

Дәл сол секілді кәсіпкерлер де бірқатар мәселелердің басы ашылмағанын айтады. Соның ішінде ваучерлік қаржының қалай келетіні, ата-аналар ситуацияны түсінбей жатқан кезеңде жекеменшік балабақшалардың шығынға ұшырағаны, жаңа платформаның альтернативасы жоқ болғандықтан, ол бұзылған жағдайда жұмыстың да тоқтап қалатыны талқыланып жүр. Біз хабарласқан кәсіпкерлер де: «Биометриялық тексеріске қарсы болсақ та қабылдады ғой, бұл жолы да бізді ешкім тыңдаған жоқ»; «Ваучердің жалғыз артықшылығы – ата-анаға таңдау беретіні ғана»; «Егер ата-ана ваучер алған соң екі күн ішінде балабақша таңдамаса, оның кезегі жойылады. Бұл талап жалпы процеске кері әсерін тигізуі ықтимал. Себебі массаның қайта-қайта кезекке тұруы кәсіпкерлердің жұмысын баяулатады», – деген пікір білдірді.

Осының ешбіріне қарамастан, жауапты ведомство пилоттық жоба тиімділігін дәлелдеді деп, өңірлерді 100 пайыздық қамту үшін кесте құрғалы жатыр. Десек те, үлкен әлеуметтік саланы бұлайша реформалаудың қиыншылығы мен шикілігі болмайтынына сену қиын. Проблемалар кездесті де, айғай-шу да болды. Ол туралы алғаш болып пилоттық жобаға кіріскен Тараз қаласының білім бөлімінен сұрастырдық. Бұрындары жолдаманы қағаз түрінде алып келген өңірде ақпараттың бәрін жинап, базаға енгізу ұзақ уақыт алыпты.

Кәсіпкерлер шығынға ұшырап жатыр

«Шілдеден бастап «Индиго» ақпараттық жүйесі қолданысқа берілді. Ал 15 шілдеден бастап ваучер таратыла бастады. Әрине, түсініспеушілік көп болды. Ата-аналар білім бөліміне келіп, сұрақтарын жаудырып жатты. Бәрінің дерлік проблемасы – «Индиго» мен «Еd24» қосымшасы. Бұғатталып қалғандар да бар. Ал қазір оның бәрінен өттік. Өздері кіреді, позицияларын қарап, анықтап біледі.

Кәсіпкерлер де қарсылық танытты. Өйткені бұған дейін бізде ортақ кезек тізімі болмаған. Оны ақпараттық жүйе арқылы жасақтап жатқанда балабақшадағы алты жасар балаларды ертерек шығарып тастадық. «Индиго» болса 2-3 айдай жұмыс істемей тұрды. Сол себептен кәсіпкерлер шығып кеткен балалардың орнына жаңа балаларды қабылдай алмай, қаржылық қиындықтарға тап болды. Өз ресурстарын жоғалтты. Қазір бұл мәселелер шешілді», – дейді Тараз қаласы білім бөлімінің әдіскері Шолпан Байғараева.

Ал өзге өңірлердегі мәселелер туралы Қазақстандағы үздіксіз білім беру қауымдастығының өкілі Шарапат Сұлтанғазиева айтып берді:

«Ваучерлік қаржыландырудың негізгі идеясы мен бағыты көп мәселені шеше алады. Алайда ол әлі пилоттық жоба. Ішінен түзетіліп жатқан, жетілдірілуі тиіс тұстар баршылық. Ендігі 1-2 жылда мейлінше ашық, тиімді қалыпқа түседі деп ойлаймын. Ал қазіргі жағдайда басты мәселе – ата-ананың хабарсыздығы. Кәсіпкерлер тарапынан да көп арыз-шағымдар айтылып жүр. Соның бәрінен түйгеніміз, ваучерлік жүйе әлі шикі, жоғарыдан келген ережелер, қай жерде нені өзгерту керектігі түсініксіздеу. Кадрлық құрам әзір емес болып, қателіктер жіберіп алып жатқан мектепке дейінгі ұйымдар көп. Және ата-ана бір балабақшаға 2-3 күн барып, одан кейін басқасына ауысып кетіп жатыр. Кәсіпкер өзіне тіркелген балаға есеп жүргізіп, келіп жүр деп белгілейді. Артынан оны «мертвые души» мәселесімен жауапқа тартып қояды. Қаржы жағынан да бір баланың орны деген мәселелер туындайды».

Иә, естіген құлаққа бұл детальдар бас қатыратын шаруа еместей көрінуі де ықтимал. Бірақ тақырыптың контингенті мен қаншалықты ауқымды екенін есте ұстаған абзал. Қазір Қазақстандағы 11,5 мың балабақшаға 1 миллионнан астам бүлдіршін барады. Оның шамамен 62 пайызы – жекеменшік мекемеде. Педагогтар саны 100 мыңға жуық. Мұндай ауқымды әлеуметтік саланы бір жылдың ішінде жаңа жүйеге көшіру үшін тыңғылықты дайындық қажет екені айтпаса да түсінікті. Бұл туралы сауалдарымызға оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі жауап берді.

«Ата-аналар алдымен бұрынғы кезегіміз не болады деп алаңдаушылық танытып жатыр. Осыған дейінгі балабақша кезегі жойылмайды, ваучер алу үшін қайта тіркелудің қажеті жоқ. Бәрі автоматты түрде жүреді. Техникалық түсініспеушіліктерді реттеуге білім басқармалары мен «Қаржы орталығы» АҚ да жауапты. Бүгінде қызмет көрсету сапасына қатысты барлық ескертпелерді назарға алып, тиісті шаралар қабылданып жатыр. «Аномалиялардың» алдын алуға да көңіл бөлінуде. Кәсіпкерлер тарапынан да қорқыныш бар. Дегенмен жаңа жүйе бәсекеге жол ашады, сапаны арттырады. Бұл жалпы нарыққа берілген жаңа мүмкіндік», – дейді Мереке Амангелдіқызы.

Мемлекет нанға ақша беріп, торт сұрайды

Артық-кемі қатар пилоттық жоба бірнеше жылда қалыпты жүйеге айналып, өз мақсаттарына жетеді деп үміттенейік. Десек те, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыруға қатысты проблемалар мұнымен бітпейді. Әсіресе жеке кәсіпкерлерді қолдау жағы ақсап тұр. Осы тақырып төңірегінде Қазақстандағы үздіксіз білім беру қауымдастығының басшысы Лейла Куленованың жанайқайын ұсынамыз.

– Мен кәсіпке 2001 жылы келдім. 2005 жылы несиеге ғимарат сатып алдық. Оның жобасы мен құрылысы балабақшаға негізделген еді. Сөйтіп, жарты жылдай жүгіріп жүріп балабақшамды аштым. 2019 жылға дейін жеке де, серіктестікте ашылған балабақшалармен де жұмыс істедім. Ары қарай бұл саладағы кәсіптерімді сатып жібердім. Бірақ 2012 жылы құрылған қауымдастығымызды тастаған жоқпын. Бүгінде республика бойынша 20 филиалымыз бар. Әр өңірдегі, әр кәсіпкермен байланысып, бәрінің басын құрап отырмыз.

Осы уақыт аралығында түйгенім, мәселелер кәсіпкердің бірінші қадам жасаған сәтінен-ақ басталады. Мектепке дейінгі білім беру мекемесін ашу үшін 100-ге тарта нормаға сәйкес болуың керек. «Регулировка» тым көп. Оның әрбірінен өтемін дегенше біраз шығынданасың. Сәйкесінше, кәсіпкер салған ақшасын ақтау мақсатында қызметінің құнын қымбаттату жағын ойланады. Алайда халықта қымбат балабақшаға баратын ақша жоқ. Сондықтан көпшілік мемлекеттік балабақшаға жүгіреді. Мемлекеттік балабақшалар болса қажеттілікті жаба алмайды. Жаңасын салуға бюджет ресурсы жетпей жатыр. Альтернатива ретінде кәсіпкерлер қарастырылып келеді. Өйткені жаңа ғимарат салып, оны жөндеп, ішін толтырып, қалпында ұстап отырғаннан гөрі кәсіпкерлерге мемлекеттік дотация төлеп отырған жеңілірек. Қажеттілік болғандықтан кәсіпкерлер де келіп жатыр. Дейтұрғанмен мемлекет оларға бір нанға жететін ақша төлеп, соған торт сатып ал деген талап қоюда. Жеке сектор амалдап жүріп нанның орнына бәліш алатын шығар, бірақ тортқа жеткізе алмайды... Бұл – ең қарапайым аналогия.

Мемлекеттік балабақшамен салыстырғанда, ахуал тіпті нашар. Оларға да, жекеменшік мекемелерге де бір айға 100 теңге беріледі делік. Бұл жағдайда мемлекеттік балабақшаның штат мамандарына жалақы қамтамасыз етілген, ғимарат тегін. Ал жеке сектор сол 100 теңгеден ғимаратының несиесін немесе жалға алу сомасын төлейді, елге айлық береді, салықтары тағы бар. Мұндай ситуацияда кәсіпкер «закупты» да өзі жасайды, ауланы да сыпырады, тамақ жасауға да көмектеседі, тәрбиеші жұмысқа шықпай қалса, оның орнына баламен отырады. Түбінде 2-3 адам амалсыздан бәрін жасауға мәжбүр. Осылайша, әлеуметтік сала отбасылық бизнеске айналып кетеді. Қазіргі картина сондай.

«Адами капиталдан ештеңе аямау керек»

Кәсіпкерлер де жеткілікті штат ұстағысы келеді. Бірақ мына заманда барлық жағдай ақшаға тәуелді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Басқасын қойғанда, тәрбиешілердің өзіне әрең айлық беріп отырған кәсіпкерлер кездеседі. Мәселен, балалар балабақшадан бірнеше күн қалса, оған төленетін айлық төлем де қысқарады. Осының және өзге де факторлардың әсерінен, кәсіпкердің бюджеті де тұрақсыздыққа бейім. Жалпы кіріс төмендеген соң, тәрбиешілердің жалақысы кешігуі мүмкін немесе кейбір премиялар, үстемеақылар қойылмай қалады. Мемлекеттік балабақшаларда ондай қорқыныш жоқ, бәріне сенімді жүресің. Жергілікті билік тарапынан да қолдау, әлеуметтік көмек беріліп жатады. Мұндай жағдайда кадр қайда барғысы келеді?

Шын мәнінде, тәрбиеші өзінің жекеменшік мекемеде жұмыс істейтініне кінәлі емес қой. Ақшасы жоқ, несиесін төлеп, баласын оқыта алмай отырған адам балабақшаға келіп ойнауға, күлуге құлықты бола ма? Әлде амал жоғынан «салбырап» жүре ме? Ал енді сол жерге баласын апаратын ата-ана да мемлекеттік мекемелерде орын жоқтығына кінәлі емес. Қазір елдегі 1 млн баланың 62 пайызы жекеменшік балабақшаларда. Демек, мұндай теңсіздікке жол берілмеуі тиіс. Меншік иесіне қарамастан, адами капиталдан ештеңені аямау керек. Балалар – біздің болашағымыз. Оларды сауатты ғана емес, бақытты адамдар тәрбиелеуі қажет. Мейлі, қазіргі үлкен буын, орта жастағы азаматтар аз жалақыға жұмыс істеуге көнеді. Ал жастар тұрақтылықтан бұрын, табатын табысын ойлайды. Дамуды таңдайды. Яғни алдағы уақытта ақша болмаса сапалы педагог та болмайды.

Сол секілді тамақтандыруға арналған ата-ананың айлық төлемінің көлемі де күлкілі. Мемлекет бекіткен сома өңірлерге қарай 15-20 мың теңгенің айналасында. Баланың балабақшаға келетін күндеріне бөлгенде күніне 1000 теңгеден... Кімді алдаймыз? Бір балаға 4-5 мезгіл тамақ беруге мың теңге жете ме? Азық-түліктің бағасы шарықтап тұр. Соны ескерместен тамақтандыру стандарттарын белгілеп әуреміз...

«Айыппұл салудан басқа тәсілдер қолданылмайды»

Беріп отырған ақша мен бөліп отырған көңілдің көлеміне қарамастан талаптар таудай. Ата-аналар шағымданса, бір оқиға орын алса, резононс туындай қалса, тексеріс жіберіп, шу жасап, айыппұл салуды ғана білеміз. Әр ведомство әр тексерісінде миллиондап «штраф» жазады. Онсыз да өзіне-өзі жетпей отырған балабақшалар 50 пайыз жеңілдікті есептегенде де 500 мың, кейде 1-2 млн айыппұл арқалайды. Ал оның балабақшаға немесе балаларға не пайдасы тиеді? Сол 1 млн теңгеге қаншама ойыншық алуға болар еді. Кілем-пердені жаңартуға, ғимараттың бір бұрышын жөндеуге болар еді. Бұл мәселеге қалай тап болдың, қалай көмектесе аламыз деген сұрақты есту арман. Керісінше, әр даудан соң «енді турникет қоясыңдар», «енді мына камераларың болмайды, бейнебақылаудың талаптары өзгерді» деген секілді жаңалықтарын оңды-солды енгізе береді. Осылайша, жеткізушілердің, «мүдделі азаматтардың» қалтасын толтырумен келеміз. «Оқытасыңдар ма? Тек осы жердің сертификаты қабылданады», «СЭС-тен келісім алу үшін тек мына лабораторияның мөрі жарамды», «Бұны ана жерден сатып алсаң ғана...» Солай жалғаса береді. Осының бәрі бала үшін, сапа үшін дейді. Реалды жағдайда бала үшін жасалып жатқаны сирек. Мемлекеттік жүйе тек «фантикті» әрлеумен-сырлаумен, сыртқы көрініспен айналысуда. Ішкі мазмұнға қашан назар аударатынымыз белгісіз.

«Лицензия – жай ғана қағаз»

Лицензия туралы да көп нәрсе айттық. Ата-аналар да, басқалары да лицензия сапаны арттырады деп ойлайды. Бірақ ондағы критерийлер балабақшаны ашар кезде қойылатын талаптармен бірдей. Оларды орындамасаң, тізім бойынша қажетті қол мен мөрді, рұқсатнаманы жинамасаң, дотация ала алмайсың. Ал өзінің талаптарға сай екенін құжат жүзінде дәлелдеген, бірнеше жылдан бері дотациямен жұмыс істеп келе жатқан мекемелерден тура сол құжатты басқа атаумен сұраудың мәні неде? Артық жұмыс, артық шығын. Екі ортада лицензиядан да ақша жасайтындар табылады, әрине. Осыны айтсаң, жауапты мекемелер «там бардак» деп сылтауратады. Сол балабақшаға әуел баста өздері тексеріс жүргізіп, өздері рұқсат еткендерін ұмытып кетеді ғой деймін... Екінші тексеріс те біріншісі секілді өтпесіне кім кепіл? Ешкім.

Бәріне әділетті қарап, рационалды есеп жүргізбесе, кәсіпкерлер қашады. Кәсіпкерліктен емес, мемлекеттен. Қазірдің өзінде кәсіп бастаймын деп алған несиесін жабу үшін ғана амалдап жүргендердің қатары қалың. Керісінше, бар жағдайды жасап, қолдау көрсетсе, табысы артса, кәсіпкерлер бір балабақшаның артынан онын ашатыны сөзсіз. Осылай кезек те азаяды, бәсеке де күшейеді. Мұның бәрін министрлікке ғана емес, үкіметке де айтып, жазып жатырмыз. Бірақ нәтиже жоқ.

Ең қызығы, жаңа нәрселерді енгізер, бір нәрсені өзгертер кезде біз секілді басқа қауымдастықтардың пікірі сұралады. Кеңестер, жиналыстар өткізіледі. Алайда онда жауапты мекемелердің айналасында жүрген «удобный» сарапшылар «бәрі керемет, қолдаймыз» деп қол қойып береді. Госдотациясыз-ақ бала басына 250-300 мың теңге алатын «элитный садиктер» көпшіліктің, жалпы әлеуметтің ахуалын түсінбей, ойламай, көрмей жатып келісе салады...

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: