Фашисті қынадай қырған қарағандылық танкіші қыздар

Кеншілер өлкесінен шыққан қаhарман танкіші қыздар Литва қалаларын неміс басқыншыларынан азат ету жолында жан аямай шайқасты.
Бұл туралы «Советтік Қарағанды» газетінің 1944 жылғы 22 тамыздағы санында «Танкіші қыздар» деген мақалада былай деп жазылады: «Қыздар аз уақытта соғыс техникасын меңгеріп, танкші-механик, атқыш және даңқты барлаушы болған. Солардың бірі – омырауында «Батырлығы үшін» медалі жарқыраған экипаж командирі, кіші сержант Жамал Байтасова. Сөзге шешен, іске шебер, жауынгер Жамал қаладан немістерді жөңкілте қуды. Литваның сәулетті қалаларын неміс-фашист басқыншыларынан азат ету барысында жендеттерді аяусыз талқандады. Осы құрамдағы Күлкен Тоқбергенова жаудан «тіл» әкелетін барлаушы болды. Барлау жұмыстарында командованиенің тапсырмаларын батырлықпен орындағаны үшін үш рет марапатталған. Бөлімшедегі танкіші қыз Күлжәмила Талқанбаеваның ерлік істері де ерекше көзге түседі. Олардың ішінде радист, пулеметші Жәмила Бейсенбаева да өз қызметін жақсы атқарды. Танкіші қыздар бір күнгі ұрыста жаудың бес атыс ұясын жойып жіберген». Бұл мақаланы сержант Топай Жүнісов майдандағы 28054-0 дала поштасынан жіберген.
Аңызға бергісіз ақиқат
Әлбетте, бұл жалаң сөз, ойдан құралған аңыз емес. Ақиқат қайсы десеңіз, соғыс ортасындағы болған оқиғаны көзбен көріп, куә болған қандасымыз, сержант Топай Жүнісовтің майданнан жіберген мақаласы тайға таңба басқандай дәлелдеп тұр. Өкінішке қарай, бүгінге жеткен дерек осы шағын репортаж. Топай атамыз қыздардың ортасында болып, тілдескен екен. Енді сол репортаждан тағы үзінді келтірейік: «Литваның бір шаhарын жаудан азат ету жолындағы ұрыста немістің ондаған солдаттары мен офицерлерінің өлікселерін таптап, көп олжаларын ортаға түсірдік. Командованиенің бұйрығын абыроймен орындап, танк бөлімінің алға басуына жол аштық», – дейді Күлкен өз әңгімесінде.
Қолмен қойғандай факт. Оқиғаның қай қалада, қай майданда өрбігені жайында шағын мақалада жазылмаған. Қазір автор жайында дерек табу қиынға түседі. Кезінде бұл тақырыпқа қызығушылық білдіруші табылмаған. Әлбетте, темірді қызған кезде соғу керек. Бәлкім, жазылған жайға жаңғырық болғанда, ақтаңдақтарымыз уақыт оздырмай анықталар ма еді?! Қазақ қай кезде де, төл тарихына қатысты деректерді таңбалауда марғаулыққа салынып келген.
Зерттеуді қажет етеді
Қарағандылық танкіші қыздар жайында ақпарат бүтін қазақ халқы үшін құнды тарихи дүние болып табылады. Көңілге қанағат боларлығы, оқиғаның желісіне арқау болар дерек бар. Ендігі міндет – оны егжей-тегжейлі зерттеу. Бұл тарихшылардың еншісіндегі шаруа. Аталған сала ғалымдарынан сұрағанымызда, орасан зор олжаға бас қойған жан жоқ екенін айтты. Көптен іздестіре келе, «Орталық Қазақстан әйелдері соғыс жылдарында» кітабының авторы Зәуреш Сақтағанованы тауып, хабарластық. Ғалым осы еңбегінде Сарыарқадан соғысқа аттанған қыз-келіншектердің еселі ерлігі жайында тың әрі толайым зерттеулер келтірген. Автор қарағандылық танкіші қыздар жайында жоғарыдағы газет мақаласынан шағын дерек келтірген. Одан әрі толық мәліметке бойламаған.
– Кітабыма дерек жинау барысында Ресейдің Подольск қаласындағы мұрағатында болып, ұзақ уақыт ізденіп, жұмыс істедім. Біздің өлкенің танкіші қыздары жайында мәліметті толықтырып, жіті зерттегім келді. Бірақ мұндағылар Ресейдің қорғаныс министрлігінен арнайы рұқсатнама алу керегін ескертті. Ресми мұрсат ұзақ уақыт шешіледі екен. Бұл тақырыпты қысқа қайыруымның себебі – осы. Бір білетінім, Ресейде танкішілер дайындайтын 11 арнайы оқу орны болған. Біздің қыздар соның бірінде білім алуы бек мүмкін. Бойдағы қуатым ортаймаса, егде жасыма қарамастан, келешекте терең бойлағым келеді. Менен бұрын жас және орта буын әріптестерім қызығушылық танытып жатса, мархабат деуден басқа айтарым жоқ, – дейді тарих ғылымының докторы Зәуреш Ғалымжанқызы.
Танкіші қыздар Ұлы Отан соғысына қашан, қай әскери комиссариаттан аттанды, қайда түсті, аман-есен оралғандары бар ма? Бұл сауалға жауап жоқ. Облыстық мұрағатта соғыс кезіндегі құжаттар мен деректер толық емес. Сақталғандардың өзі көгеріп, көң басқан. Қарағанды облыстық мұрағатының директоры Жаңагүл Тұрсынованың айтуынша, 1942 жылы біздің аймақтан соғысқа 50 қыз-келіншек өз еркімен аттанған. Келесі бір айғаққа сүйенсек, «Қазақстан тарихы» порталында жарық көрген мақалада журналист Дина Игсанова танкіші қыздардың экипажы Прибалтикадағы шайқаста қаза тапқаны туралы жазған.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл болса да, Ұлы Жеңісті сыйлаған батырлардың даңқы жайында тың дастандар әлі де қылаң беруде. Жарияны күтіп жатқан құпия деректер қаншама. Бірақ бұл істен біз кенже қалудамыз. Тарихқа бойлайтын жас ғалымдарда ынта аз. Жанкешті жандар табылса, қаржы қаттығы бөгет болады. Жандары пейіште тынышталған қайсар қыздардың ерлігі жайында жұмбақ сыр ашылып, жариялануы керек. Ол үшін елімізде кезек күттірмейтін мемлекеттік бағдарлама жасалса жөн болар еді.