ФБК аннексияланған Қырымнан «Путиннің жаңа сарайын» тапты
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный құрған Сыбайлас жемқорлықпен күрес қоры (ФБК) аннексияланған Қырымның оңтүстігінен Ресей президенті Владимир Путинге тиесілі деп сипатталған «жаңа сарайды» анықтағанын мәлімдеді.
Бұл туралы ФБК 30 желтоқсанда жариялаған зерттеу материалында айтылған.
Фонд өкілдерінің айтуынша, бұл құпия жылжымайтын мүлік нысаны ұзақ уақыт бойы қоғам назарынан тыс қалған.
«Біз бұл объектіні тауып қана қоймай, оның Путинге тиесілі екенін дәлелдедік әрі бүгін оның ішкі көрінісін де көрсетеміз», – делінген зерттеуде.
ФБК дерегіне сәйкес, «сарай» бастапқыда 2014 жылғы Майдан оқиғаларынан кейін биліктен шеттетіліп, Ресейге қашқан Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичке арналып салына бастаған элиталы жазғы резиденцияның орнында бой көтерген. 2015 жылы, Қырым аннексияланғаннан кейін, ресейлік сот бұл құрылысты заңсыз деп танып, сол кездегі Севастополь губернаторы Сергей Меняйло Януковичтің «дачасы» мемлекет меншігіне өтетінін жариялаған.
Алайда ФБК мәліметінше, Айя мүйісінде осыдан кейін «түсініксіз жағдайлар» басталған. Жылдар бойы жаңа санаторийге жолдама сатылмаған, ал бұл аумақта не болып жатқанын білу барған сайын қиындай түскен. Зерттеушілердің пайымдауынша, теңіз жарқабағының үстінде, аса көрікті жерде орналасқан бұл нысан іс жүзінде Владимир Путинге жақын олигархтар – Ковальчук әулетінің бақылауына өткен.
ФБК «сарай» Айя мүйісінде «Берег» компаниясының атына рәсімделгенін, ал оның иесі ретінде құпияланған «Голден Гейт» фирмасы көрсетілетінін айтады. Бұл компанияның салық органдарындағы мүддесін Путиннің Геленджиктегі әйгілі «сарайына» иелік ететін құрылымдармен байланысты заңгерлер қорғағаны да атап өтіледі.
Зерттеу авторларының қолында Қырымдағы «Путин сарайының» фотосуреттері мен ең егжей-тегжейлі архитектуралық жоспарлары бар екені айтылған. Негізгі ғимараттың «тұрғын» қабатында ауданы 233 шаршы метрді құрайтын алып қонақ бөлме орналасқан, онда мәрмәр камин, 20 адамға арналған ас үстелі және рояль бар. Сол қабатта 154 және 138 шаршы метрлік екі жатын бөлме бар, кеңірек бөлмеде медициналық мекемелерде қолданылатын ауа залалсыздандыратын рециркулятор орнатылған. ФБК дерегінше, мұндай құрылғылар Путиннің Кремльдегі жұмыс кабинеттері мен пәтерінде де бар.
Зерттеуде «Януковичтің дачасы – Айя мүйісінде салынған қазіргі нысанмен салыстырғанда лашық қана» деп сипатталады. Жалпы ауданы 9 мың шаршы метрден асатын кешенде «үй клиникасы», ультрадыбыстық зерттеу аппараты, кардиограф, физиотерапия жабдықтары, операция бөлмесі, криокамера және спа-аймақ бар екені айтылады. Сондай-ақ төрт жатын бөлмесі бар қонақ үйі де салынған.
ФБК қолына түскен қаржылық есептерге сүйенсек, бұл құрылыстың құны шамамен 10 млрд рубльге бағаланады.
Зерттеуге қатысты ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, Алексей Навальный құрған Сыбайлас жемқорлықпен күрес қоры мен оның аймақтық штабтары Ресейде экстремистік ұйым деп танылған. Навальныйдың өзі 2024 жылдың ақпанында түрмеде қаза тапқан.