Фельгенгауэр: Путин ешқашан өз шешімінің қате болғанын мойындамайды

Ресейдің бұрынғы көлік министрі Роман Старовойттың қазасы ел пропагандасы тарапынан елеусіз қалды.
Алайда бұл жағдай Кремль ішіндегі жүйенің жүйкесін бұрынғыдан да күштірек тоздырды, - деп жазады журналист Татьяна Фельгенгауэр.
Путин ешқашан кадрлық қателігін мойындамайды. Ол шенеуніктер мен басқарушыларды ашық түрде жазаламайды. Ресей билік иерархиясы басқаша құрылымдалған: кінәлілерді жай ғана басқа орынға ауыстырады, ал қылмыстық іс қозғалса, ол көбіне ойдан шығарылған себеппен қозғалады. Десе де, соғыс басталғалы бұл жүйеде де өзгерістер байқалды. Қазір тұтқындау – қалыпты жағдай, ал түрмедегі мерзім – «саяси» істердегідей ұзаққа созылады (тіпті олар сталиндік кезеңді еске түсіреді). Роман Старовойттың қазасы – Путин элитасы үшін жүйкені ширықтыратын жаңа деңгейге өту.
Ақпараттардың хронологиясы – ақылға сыймайды. Таңертең Путин Роман Старовойтты министр қызметінен босатқанын жариялады. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл шешім сенім жоғалтумен байланысты емес екенін ерекше атап өтті. Сарапшылар бұл шешімге не себеп болғанын болжай бастады: Курск облысындағы жемқорлық, әуежайлардағы коллапс, оны министр ретінде шеше алмағаны…
Бірақ бірнеше сағаттан соң құқық қорғау органдарына жақын телеграм-арналарда Старовойттың қайтыс болғаны жайлы хабар тарады. Әлі ресми растау шықпай жатып, түрлі нұсқалар пайда болды: тұтқындалуы тиіс еді, біреулер оған қарсы куәлік берді, Ротенберг кланымен байланысы бар еді деген сыбыс шықты. Ақпарат ағыны барған сайын қисынсыз сипат ала бастады.
Кейбір деректерге сүйенсек, ол сенбі күні өз-өзіне қол жұмсаған. Бірақ солай болса, неге жексенбіде министр жұмыс кездесуін өткізді деп хабар таратты? Тағы бір болжам бойынша, ол марапатталған тапаншамен өзін атып өлтірген, бұл жайында әсіре-патриоттық арналары ерекше қуанышпен жазды.
Сонда министр алдымен қайтыс болды ма, әлде тек одан кейін ғана жұмыстан босатылды ма? Кремль оның өлімін біліп тұрып, ресми түрде отставкасын жариялаған ба? Себебі “Ресейде министр өз-өзіне қол жұмсады” деген тақырыптан қашқаны ма? Әлде бұның бәрі дүйсенбіде, жұмыстан босатылғанын білген соң орын алды ма?
Бұл сұрақтардың ешқайсысына жауап жоқ, әрі жақын арада табылуы да екіталай. Ал федералды арналардың көрермендері бұл сұрақтарды мүлде қоймайды да. Кешкі жаңалықтарда тек Тергеу комитетінің қысқа мәлімдемесі келтірілді. Курск облысындағы ахуал, даталардағы шатасу жайлы бір ауыз сөз жоқ. Себебі басты мақсат – халықтың ел басшылығына сенімін шайқалтпау.
Бірақ мұндай үнсіздік Путин жүйесіндегі элитаны сұрақтардан құтқара алмайды. Облыс әкімдері, олардың орынбасарлары, министрлер, ведомство басшылары – бәрінің ойында бір сұрақ: «Путин мен оның қауіпсіздік қызметтері кімдерді, не үшін жазалайды?»
Сергей Марков атты «сарай саясаттанушысы» бұл туралы ашық айтты: “Суицид нұсқасы — оны жоюға қатысы бар адамдардың, яғни Старовойтқа қарсы куәлік бере алатындардың іс-әрекетін жасыру тәсілі”. Бұл – қазіргі билік жүйесінің нақты көрінісі.
Путин кадрлық саясатты өзіне адалдық пен туыстық/топтық байланыстар арқылы жүргізіп отыр. Кәсіби біліктілік – басты критерий емес. Мұндай жүйе үнемі жемқорлық тудырады, себебі ешқандай журналистік зерттеу бұл жүйені шайқалта алмайды. Бірақ егер олар ФСБ-ның көзіне түссе немесе топтар арасындағы текетіресте “құрбандық” ретінде таңдалса, жағдай күрт өзгереді.
Қазір кадрлық тазалау жүріп жатыр, бірақ оларды ашық мойындамайды. Себебі Путин ешқашан өз шешімінің қате болғанын мойындамайды. Элитаның алдында бір ғана сұрақ қалды: бұл жүйеде қалай аман қалу керек? Қай кезде, не үшін, кімдерді қамауы мүмкін? Бұл жүйеден аз шығынмен қалай кетуге болады?
Бұрын шенеуніктер үшін елден кету, шетелге қоныс аудару – аман қалудың бір жолы болатын. Қазір санкциялардан кейін бұл жол да тарылды. Ресей элитасы үшін қазір ішкі жүйеде де, сыртта да тығырық. Старовойттың өлімі – бұл тығырықтың беткі айсбергі ғана. Енді Путиннің шенеуніктері осылай да аяқталуы мүмкін.
Авторы: Татьяна Фельгенгауэр
Ресейлік журналист, The Breakfast Show бағдарламасының және Медиазона YouTube-арнасының жүргізушісі.
Мақала – автордың жеке пікірі.