Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:24

Феминизм. 100 мың әйел азаймай тұр

Феминизм
Фото: ЖИ

9 наурыз күні Алматы маңындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде қайғылы жағдай болды.

 Тұрмыс құрғанына екі жылдай болған 2004 жылғы келіншек жоғары қабаттан құлап, қаза тапқан. Марқұмның артында бір жасар ұлы қалды. Қыздың ата-анасы бұл оқиға кездейсоқтық немесе суицид дегенге сенбейді. Тіпті әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде «күйеуі балконнан лақтырып жіберген» деген ақпарат тарап жатыр.

Анасының сөзінше, қызы жұбайынан жиі таяқ жеген. Бірнеше рет өз үйіне қайтып келгенде күйеу баласы кешірім сұрап, алып кетіп жүріпті. Соққының қаншалықты ауыр болғанын дәлелдейтін фотолар да бар көрінеді. Осының бәрін көріп, біліп отырған ата-ана қызының өліміне күйеу баласын кінәлайды. Айтуларынша, қайғылы қазадан кейін қыздарының жұбайы адвокат жалдап, бірден «ешқандай соққы алмаған, өзі өлді» деген құжат жасатып алған.

Алматы облыстық ПД оқиғаны растады: «Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпараттар жария етілмейді».

Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 100 мың әйел

Әдетте мұндай қайғылы оқиғалар кезінде жұрт бірер күн шулайды, сосын ұмытылады. Соңғы уақыттары «әйелін өлтіріпті» деген сөз де ешкімді селт еткізбейтін болған, ағымдағы ақпаратқа айналып кеткендей. Ал статистика әлі де адам шошырлық деңгейде. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңдай хабарлама келіп түскен. Соның 16 мыңы бойынша сот шешімі шығарылыпты. ІІМ берген деректерге сүйенсек, бұл көрсеткіш 2022 жылы – 115 мың, 2023 жылы – 99 мың болған. Демек, соңғы жылдардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі шамалас деп топшылауға негіз бар. Дағдарыс орталықтары былтыр 5,5 мың әйел мен баланы қабылдаған. 69 әйел мен 7 бала қаза тапқан. Ал соңғы 4,5 жылда 869 адам осы себеппен қайтыс болған. Соған қарамастан, жауапты органдар мен мекемелер айтарлықтай прогресс бар деуден танбайды.

«Салтанат ісі» де естеріңізде болар. Осы резонансты жағдайдан соң 2017 жылы декриминализацияланған заң қайта өзгертілді. Былтырғы сәуірден бастап отбасылық зорлық-зомбылық әкімшілік емес, қылмыстық кодекс бойынша қаралады.

Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен гендерлік теңсіздік, дискриминация, стереотиптер тек бізде ғана емес, бүкіл жаһанда елеулі проблема. Әлем елдерінде ХХ ғасырдың аяғында әйелдердің заңнамалық құқықтарын кеңейтуді талап еткен қозғалыстар бүгінде үлкен құқықтық ұйымдарға айналып отыр. Біздің елімізге де әйел құқығы мен гендердік теңдік мәселелері жаппай білім беруді дамытумен бірге келді. Ал 1990 жылдары бірнеше қоғамдық ұйым жұмыс істеген. Олардың басшылары дүниежүзілік форумдарда төбе көрсеткен кездері де болды. Кейіннен, 2000 жылдары Қазақстандағы әйелдердің жайына қатысты төрт негізгі проблема көтерілді: әйелдерге қатысты стереотиптер, олардың әлеуметтік қорғалмауы, зорлық-зомбылық, билікте әйелдердің болмауы.

Сол кезден-ақ билік жоғарыда айтылған мәселелерді шешуге тырысты. Гендерлік теңдікке жету мақсатында әрекеттердің ұлттық жоспары да жасалды. Соңғы жылдары заңнамалық өзгерістер көбейді. Арасында «әйел тілінен табады» дейтін депутаттар болмаса, мемлекет тарапынан үлкенді-кішілі қадамдар жасалып жүр. Бірақ прогресс жеңісті білдірмейді. Түйінді тұстар жетерлік. Мәселен, БҰҰ-ның «БҰҰ-әйелдер» құрылымы жүргізген зерттеуде саясат пен экономикадағы әйелдердің үлесі мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты проблемалардың әлі де сақталғаны айтылады. Бұл еңбек өткен жылы ғана жарияланғанын, сауалнама елдің барлық өңірінде бірдей жүргенін ескерсек, гендерлік теңдік мәселесі Қазақстанда әлі де актуалды екенін түсінуге болады. Әсіресе табыс көзі, жұмыс орнындағы дискриминация, басшылық қызметтерге тағайындалудағы кедергілер, харассмент, отбасылық немесе сексуалды зорлық-зомбылық шешілмеген конфликт күйінде тұр.

Осы тақырыпқа ерекше сезімталдықпен қарап, жағдайды түзетуге тырысатындар – феминистер деп аталады. Бұл сөз соңғы онжылдықта әбден танымалдылыққа ие болды. Аталған идеология әлемді шарлап, теңдік пен тең мүмкіндіктер үшін күреске айналды. Шын мәнінде, феминизмнің артық эмоциясыз сұлбасы – қоғамдағы дискриминациямен күрес. Алайда бұл ұғымды сол күйі қабылдап жүргенге ұқсамаймыз.

Қырмызы Скендирова
Фото: ашық дереккөз

Қырмызы Скендирова, «Қазақстандық БАҚ-тағы гендерлік стереотиптер» зерттеуінің авторы: «Феминизмді ЛГБТ-мен шатастырмау керек»

– Қазір салыстырмалы түрде жағдай жақсарды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды проблемалар кеңінен, ашық айтылады, әйелдер білім алу, жұмыс істеу, еңбекақы алу құқығына ие, сайлауға қатысамыз, саясатта да көбейіп келеміз. Енді «бұл жеткілікті деңгейде ме?» деген екінші сауал туындайды.

Елде әйелдер – 51, ерлер – 49 пайыз. Бірақ министр әйелдер 2-3-еу-ақ, облыс әкімі тіптен жоқ. Олар әдетте орынбасар, хатшы қызметінде, басқарушы емес. Келесі, жалақыға келсек, ерлер мен әйелдердің орта жалақысының арасындағы айырмашылық 34 пайызды құраған. Мысалы, ер дәрігерлер мен әйел дәрігерлер жұмыс тәжірибесінің бірдейлігіне қарамастан, әдетте әртүрлі жалақы алады. Атырауда бұл айырмашылық 80 пайызға дейін кетіп қалған. Бұл гендерлік дисбаланстың айқын көрінісі. Өсудегі қиыншылықтар да дәлелденген. «Ол ертең декреттік демалысқа кетіп қалады, бала тәрбиесімен кетіп қалады» деген стереотиптер бар екені жасырын емес. Мансап құруда теңсіздіктермен бетпе-бет келуге тура келеді.

Парламентте 30 пайыз азшылық топтардан құралуы керек дейді. Оның ішіне әйелдер, жастар, мүгедектер кіреді. Әйелдер халықтың жартысынан астамын құраса, неге ол азшылық топқа жатуы тиіс?

Зорлық-зомбылық өз алдына үлкен бір тақырып. Соның бір сорақы жері, көбіне зорлыққа ұшыраған қыз-келіншектердің өзін кінәлау тенденциясы байқалады. «Тіліңнен таптың» деген де, «тана көзін сүзбесе» деген де айтылады. Құқық қорғау саласындағы мамандар да ерлер болғандықтан, тергеу барысын «зорлықтан кейінгі моральдық зорлық» деп бағалауға да болар еді. Осындай сексистік түсініктер де ашық дискриминация. Сталкингті де (адамды аңду, оның жеке өміріне қол сұғу) дәлелдеу, ол бойынша жауапқа тарту да қиын нәрсе. Десек те, қаншама қыз бен келіншек бұрынғы жігітінен, күйеуінен қорлық көріп, қаза тапты? Соңғы Ақтөбедегі дәрігер қыздың өлімін ұмыта қоймаған шығарсыздар... Ал ол бұрындары бірнеше рет полиция қызметкерлеріне шағымданған екен.

Осының бәрін айтып, тырысып жүрген феминистерді, феминизмді біздің қоғам дұрыс қабылдай бермейді. Этимологиялық тұрғыдан, бұл сөз «әйел» деген мағынаны білдіреді. Демек, әйел құқығы үшін күрес. Біз болса, феминизм деген ЛГБТ-ның пропагандасы деп қабылдайтын секілдіміз. Ондай қате түсініктер бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Себебі бүгінде феминизм мәселесін көтеріп жүрген әйелдердің біразы басқа ориентациядағы адамдар, әрі оны ашық айтады, көрсетеді. Сондықтан белгілі бір ассоциациялар кездеседі.

Шын мәніндегі феминизм баяғыда-ақ қалыптасып қойған. Ол М.Әуезовтің, А.Байтұрсынұлының, С.Сейфулиннің, тағы сол секілді Алаш зиялыларының жұмысынан анық көрінеді. Демек, феминизм шетелден келген жат нәрсе, бейтаныс түсінік деуге болмайды. Дінде де феминизм бар.

«Көк түс – ұлдардікі, қызыл түс – қыздардікі емес»

Ал әлеуметтанушы маман Дана Рахымғали гендерлік теңсіздік мәселелерді шешуде ненің маңызды екенін түсіндіріп берді:

Дана Рақымғали
Фото: Дана Рақымғали

– Гендерлік теңсіздікті азайту үшін ерте жастан сіңірілетін стереотиптерді азайту керек. Бұл орайда әр ата-ананың, яғни жалпы қоғамның атсалысуы маңызды. Көк түс ұлдардікі, қызыл түс қыздардікі деген қарапайым ұғымнан бастап, «әйел – келін» деген көлемді түсініктерге дейін объективтілік сынынан өтуі қажет. Балаларға мектепте құқық пен заң, тең мүмкіндіктер барынша сіңірілуі тиіс. Сонда ғана әлеуметтік нормалар өзгеріске ұшырай бастайды. Одан соң, құқықтық қамтамасыз етуді де жетілдіріп, оларды іске асырудағы тиімділікті жоғарылатса, еңбек нарығында әлі де сақталып отырған теңсіздіктерді жойса, мәдени және діни рөлді патриархалды қоғамдағы көзқарастар призмасынан емес, адамзаттық тұрғыдан жеткізілсе, ең бастысы, жыныстық, отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықты азайтса, гендерлік теңдікке жақындай түсеміз. Соңғы пунктке қатысты, физикалық тұрғыда әлсіз адамның әлдіден зәбір көруі мен моральдық қысымға ұшырауы – қазіргі қазақ қоғамының дерті. Әзірге азаймай да, тыйылмай да отыр. Демек, бұл салада атқарылып жатқан жұмыстарды көбейтіп, бөлінетін ресурсты еселеу жағын да қарастыруға болады.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: