Филиппиндердегі жер сілкінісінен 22 адам қаза тапты

Филиппиннің орталық бөлігінде қуаты 6,9 баллдық жер сілкінісі болып, кемінде 22 адамның өмірін қиды. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
Жер сілкінісінен кейін көптеген ғимарат пен жолдар қирап, электр қуаты ажыратылды. Құтқарушылар қазір үйінді астында қалғандарды іздеп жатыр.
Эпицентр Себу провинциясындағы Бого қаласынан 17 шақырым солтүстік-шығыста орналасқан. 90 мыңға жуық халқы бар бұл қалада 14 тұрғын көз жұмған.
Сонымен қатар, Сан-Ремихио қаласында тағы алты адам қаза тапты. Олардың қатарында үш теңіз күзетшісі, бір өрт сөндіруші және бір бала бар. Қала вице-мэрі Альфи Рейнес халықты азық-түлік пен ауызсумен қамтамасыз етуге шақырды. Оның айтуынша, жер сілкінісінен кейін қаланың су жүйесі істен шыққан.
Құтқару жұмыстары түнде күрделене түсті. АҚШ Геологиялық қызметінің дерегінше, алғашқы дүмпуден кейін аймақта 5 баллдан жоғары төрт жер сілкінісі тіркелген.
Тынық мұхитындағы цунами туралы ескерту орталығы цунами қаупі жоқ екенін мәлімдеді.
Бұл қайғылы жағдайдан бір апта бұрын Филиппинге, сондай-ақ Вьетнам мен Таиландқа «Буалой» тайфуны соққан еді. Ал соңғы күндері елге тағы екі тайфун келіп, толассыз жаңбыр жауды. Үш тайфун салдарынан Филиппинде 37 адам қаза тапқаны хабарланды.