Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:15, 15 Қаңтар 2026

FlyArystan әуекомпаниясының бұрынғы қызметкерлері сотталды

Air Astana
Фото: из открытых источников

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты FlyArystan әуекомпаниясының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

 Олар аса ірі көлемде ұрлық жасау және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы Halyqstan  хабарлады.

Сот Дәуір Еркенұлы, Еркін Исанов және Ренат Абулхановты ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Аса ірі көлемде ұрлық») және 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы («Ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру») бойынша айыпты деп таныды.

Тағайындалған жазалар

  • Еркін Исанов – 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық жолмен алынған мүлкі тәркіленді. Сонымен қатар 5 жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды;
  • Ренат Абулханов – дәл осындай жазаға тартылды;
  • Дәуір Еркенұлы – 9 жылға сотталып, мүлкі тәркіленді және 5 жылға басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Сотталғандар жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару мекемелерінде өтейді. Жаза мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.

Үкімнің қарар бөлігінде Дәуір Еркенұлы мен оның туыстарының атына тіркелген мүлікті тәркілеу көзделген. Атап айтқанда, Toyota Land Cruiser 200 (2017), Toyota Camry (2021), сондай-ақ Mercedes-AMG және Zikr маркалы автокөліктер көрсетілген.

Қорғау тарапының уәжі

Сот барысында айыпталушылар мен олардың адвокаттары кінәні мойындамады. Қорғау тарапы келтірілген залал нақты ұрланған қаржыға емес, есептік түрде анықталған, алынбай қалған табысқа негізделгенін алға тартты. Сондай-ақ жолаушылар жәбірленуші ретінде танылмағанын және айыпталушыларға тікелей ақша берілгенін дәлелдейтін нақты айғақтар жоқ екенін мәлімдеді.

Қорғау тарапы брондау жүйелері мен бухгалтерлік есеп деректерінің толық тексерілмегенін, ал кейбір билет операциялары бұрын корпоративтік және агенттік тәжірибе ретінде заңбұзушылық саналмағанын да атап өтті.

Air Astana ұстанымы

Air Astana компаниясы Ренат Абулхановқа қатысты барлық процессуалдық әрекеттер құзырлы органдар шеңберінде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Компания заң аясында жұмыс істейтінін және тергеуге толық көмек көрсетіп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар Air Astana әлеуметтік желілерде тараған материалдардың түпнұсқалығы мен шынайылығын растамайтынын, оларды қоғамдық пікірге қысым жасау әрекеті деп бағалайтынын және іскерлік беделін құқықтық алаңда қорғау құқығын сақтайтынын хабарлады.

Тегтер: