Forte bank қорлаған қазақ тілі Жиырма мың теңгелік блогерлердің қалтасында кетті
Forte банктің қызметкерлерді жұмысқа қабылдау талабына байланысты дау туды.
Банк сайтта жариялаған жазбасында «Қазақ тілі – міндетті емес» («Казахский язык – не обьязательно») деген «талап» қойған. Дәл осы бір ауыз сөз көпшіліктің шамына тиді. Елдегі белсенділер мен кәсіпкерлер «банк қазақ тілін керек етпесе, біз де оның қызметінен бас тартайық» деп жазып жатты. Осы даулы мәселе кезінде блогерлер мен журналистер бір мазмұнда әлеуметтік желіде жазба жариялап, банкті ақтау науқаны басталып кетті. Соның нәтижесінде, қоғам олармен күресіп, негізгі мәселе екінші орынға ысырылып қалды.
Бұл алғаш болып отырған жағдай емес. Естеріңізде болса, былтыр «ҚазМұнайГазға» қатысты мұнайшылар талабы кезінде де, 2022 жылы Chocolife компаниясының иесі Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты мәлімдемесінде де оларды ақтаушылар табыла кеткен. Бір қызығы, ақтайтындар кешегі банкті жақтап жатқан журналистер қауымы, қашан да тізім өзгермейді. Мұны негізінен ақпарат тілінде «қоғамдық сананы манипуляциялау» деп атайды, яғни басқа әдіс арқылы қоғам назарын негізгі мәселеден алшақтатып, оны ұмыттыру. Мұндай журналистер мен блогерлердің кім екенін және қандай мақсатта жариялап отырғанын желі қолданушылары біліп болған. Және текстері де бір-біріне ұқсас, бір сарында, бір стильде жазылады. Алғашында, ең болмаса «ұрлығын» жасырып істесе несі кетеді екен деуші едік, уақыт өте келе мұның арнайы тәсіл екенін, ұйымдастырушылар жалдамалы блогерлердің жұрттың жүйкесіне тигенін қалайтынын ұға бастадық. Бұл жолы да солай болды.
Бәріне робот кінәлі
Қоғам арасында банкке қатысты дау көтерілгесін банктің ресми өкілі Гүлнұр Аралбаева қателік кімнен кеткенін айтып, түсініктеме берді. Оның айтуынша, мұндай мәтінді жасанды интеллект жазады екен. Қысқаша айтқанда, қателік роботтан кеткен, ал оны жауапты редактор тексермеген. Банктің бұл ресми жауабы жағдайды тіпті ушықтыра түсті. Көпшілік «банк бар жауапкершілікті роботқа артып, құтылып кетейін» деп отыр деп ызаланды. Жағдай ушығып бара жатқанда банкке көмекке блогерлер мен журналистер келді...
Осы жерде негізгі тақырыбымыздан сәл ауытқып, қазақ тіліне қатысты басы дауға қалған еліміздегі компанияларды да айта кетейік. Жалпы, қазақ тілінде қызмет көрсетуге байланысты еліміздегі банктерге қатысты бұған дейін де талай шу көтерілді. Олардың барлығы ұмытылып кетті.
Мысалы, 2014 жылы павлодарлық Руза Бейсенбайтегі «Цесна» банкті аты-жөнін қазақша қате жазғаны үшін сотқа беріп, жеңіп шыққан. Қазір бұл банк қызмет көрсетпейді, 2019 жылдан бастап оның акцияларын Jusan Bank сатып алған.
Тағы бір жағдай – Түркия азаматы Оғыз Доған қазақ тілінде қызмет көрсетпеген Qazkom банкі мен Air Astana компаниясын сотқа берген. Анығы, Qazkom істі сотқа жеткізбей кешірім сұрап құтылды, себебі бұның алдында да олар блогер Аңсаған Мұстафаның аты-жөнін қате жазып, бұл әлеуметтік желіде біраз шу болған еді. Ал әуе компаниясы Оғыз Доғанмен соттасты, сотта жеңіліп, айыппұл төледі.
Дәл осындай жағдай Рамиль Мухоряповқа тиесілі Choco холдингтің де басынан өтті. Дау өршіген кезде холдингке қарайтын 4-5 компанияның қазақ тілінде қызмет көрсетпейтіні анықталды. Рамиль Мухоряпов кейіннен сайттың барлығын қазақшаландыруға уәде берді. Былтыр Choco Aviata/Chocotravel-ді Freedom Holding-ке 32,3 миллион долларға сатып жіберді. Қазіргі күнде Choco-ның chocofood-тан басқа компанияларының ресми сайты қазақшаланған.
Енді тақырыбымызға қайта оралайық, иә, ForteBank-ке осындай жағдайда ақтап жазба жариялайтын журналистер көмекке келді. Олар өз парақшаларында ForteBank-тің қазақ тіліне қашан да көңіл бөлетінін, Mazmundamа қорының екі әлемдік бестселлерді қазақ тіліне аударуына толық демеушілік етпек екенін, одан бөлек, қазақ тілінде сабақ беретін мектептің құрылысына қаржы бөліп жатқанын жазып әлек болды. Олардың жазбалары инкубатордың балапаны сияқты бір-бірінен аумайды. Аталған журналистер «ақшасын алғаннан соң постты дұрыстап жазу керек» деген оқырмандардың сөзіне пысқырып та қараған жоқ, бірінің жазбасын екіншісі 80 пайыз дәлдікпен көшіріп жатты. Осылай дауды блогерлер мен журналистерге аударып, банк жоғарыда біз жазып өткен басқа банктердегідей жағдайды ұмыттырып жіберемін деп ойлаған шығар. Бұдан бөлек, бұл мәселеге қатысты хабар таратқан бірнеше сайттың кейіннен жазбасын өшіріп тастағанын байқадық.
Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуы керек еді
Банк журналистер арқылы бұл жағдайдан қоғамның назарын аз да болса аудара алды. Қазір қоғам «Фортеден» гөрі оны ақтап жазба жариялаған журналистерді кінәлап жатыр. Белгілі журналист Асылхан Мамашұлының айтуынша, әлеуметтік желіде осындай «шаруамен» айналысатын арнайы топ бар. Олар жай адамдар емес, көпшілігі БАҚ-та қызмет істейтін журналистер. Және осыны кәсіпке айналдырған.
«Жоғарыдан бұйрық түсе ме белгісіз, бірақ белгілісі ақшаға пост жазады. Себебі бәрінің жазбасы бір-біріне ұқсайды және бәрі бір уақытта шығады. Шындап келгенде, олардың кім екенін, шамамен қайдан ақша алып отырғанын білеміз. Олар жұртты ақымақ көреді, қоғамдық ой-пікірге манипуляция жасайды. Кеше ForteBank оқиғасы бойынша «кешірім сұрады, қазақ тілін керемет етейін деп жатыр» дейді. Әр нәрсенің өз жауабы бар. Бұл құқықтық мәселе. Аталған мәселе бойынша құқық қорғау органдары бірден қылмыстық, я әкімшілік іс ашып, шара қолдануы керек еді. Бірақ қоғамдық ой-пікірді соған жеткізбей, дереу бұрғысы келеді. Мұны «ақпараттық манипуляция» деп атайды. Аққа қара жаққандай көрініп тұр. Және бұл бірінші жағдай емес, үнемі қайталанады. Олардың кім екені скриншотымен қосып шығып жатады. Біразын танимыз. Олардың осы істі анық жүргізгені қоғамның шамына тиеді. «Не істейсің маған?» деген сияқты ешкімнен сескенбейді. Әрдайым жазып, шығарып отырады. Тіпті көңілім қалғаны, ең болмаса олар тіл мәселесіне келгенде үндемей қалмайды. Оны да сатып жібереді. Бәрін ақшамен өлшейді. Тым болмаса осындай мәселеде бұғып қалуға болады ғой. Ақшамен өлшенбейтін нәрселер бар ғой. Егер олар коммерциялық мақсатта пайдаланса, постының астына «ForteBank бізге ақша төледі» деп жазып қойсын. «Жарайды, банктің сөзін сөйлесе онда тұрған ештеңе жоқ, ақшасын төлепті» деп қоя саласың. Бірақ өздері журналист бола тұра, қоғамдық сананы бұрмалайды. Ал халық тексеріп отырмайды ғой. Оларға сенеді. Бұл барып тұрған ұят нәрсе, ондайға жол беруге болмайды. Олардың айылын тартпайтыны, ештеңеден ұялмайтыны сонша, кеше ғана ForteBank-ты ақтап, бүгін Бишімбаевтың сотын жазып отыр. Бәрі бір-бірінің аузына түкіріп қойған сияқты, жазбалары ұқсас. Әр нәрсенің де шегі бар, бұлар шектен асып кетті. Соған қатты ашуланып, ызам келеді», – дейді Асылхан Мамашұлы.
Мұндай журналистерді ешқандай басылым жұмысқа алмас еді...
SDU Университеті журналистика мектебінің аға оқытушысы Елнұр Әлімова да әріптесінің сөзін қуаттайды. Оның сөзінше, қоғамда қызу талқыланатын, күн тәртібіне шыққан белгілі бір тақырып бойынша қоғамға фрейминг жасайтын блогерлер бұрыннан бар. Яғни олар сол тақырыптың тонын теріс айналдырып, белгілі бір қалыпқа салып бергісі келеді. Көпшіліктің оларды ақылы пост жазады деуіне түрткі болатын нәрсе де сол, олардың бір-біріне ұқсас нарративтерді таратуы. Мәселен, Бишімбаевтың ісіне келгенде «соттың ашық өтуі, тікелей эфирде көрсетілуі «Әділетті Қазақстанның» жемісі» деген тұрғыда нарративтер таратып, оны президент Тоқаев бастаған реформалардың нәтижесіне апарып тіреді. Forte Bank кейсінде блогерлер мен кей журналистер бір ауыздан кінәні жасанды интеллектіге жауып, банкті ақтайтын посттар жазды.
«Билік пен қоғамдағы институттар мұндай блогерлердің қызметіне бұрыннан жүгінеді. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасында ереуілге шыққан мұнайшыларды даттап, оларды «арандатушылар», «елдің тыныштығын бұзғандарға» балап, ол туралы хабар таратқан тәуелсіз ақпарат құралдарын «ақпараттық дұшпандар» деп көрсетіп, полицияның оқ ату әрекетіне «түсіністікпен қараған» блогерлер болды. Бұл блогерлер кімдер екені жайлы мәлімет ашық дереккөздерде әлі де бар. Дәл сол сияқты 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгершілік күштерін кіргізуді ақтаған блогерлер болды. Бұл блогерлер мен журналистер ақпараттық алаңда әлі де жұмыс істеп жүр. Былай қарағанда, билік институттары ақылы пост жаздырса, бұған бюджет ақшасы жұмсалатыны түсінікті. Яғни билік ақпараттық қауіпсіздікті күшейтудің орнына салық төлеушілердің есебінен өзіне ұнайтын нарративтерді таратады. Мұндай мақсатта қанша ақша жұмсалып жатқаны тағы белгісіз, себебі бұл ешбір құжатта көрсетілмейді. Бұл тұрғыдан алғанда билік институттары қоғамға есепті емес. Өкінішке қарай, журналистік ортада да және жалпы қоғамда репутация институты дұрыс жұмыс істемейді. Ақшаға пост жазатындар ешқандай моральдық немесе басқа да жауапкершілікке тартылмайтынын, қоғам оларды жазаламайтынын біледі. Себебі бұл журналистер мен блогерлердің ақылы пост жазатынын біле тұра, әріптестері олармен бұрынғыдай түк болмағандай қол алысып жүре береді. Айталық, осыған ұқсас жағдай репутация институты жұмыс істейтін Батыс елдерінде болса, бұл блогер мен журналистер жұмыссыз қалу былай тұрсын, бұл салада мүлде қалмас еді. Себебі ақылы пост жазу кез келген медианың стандарттарына қайшы. Ондай әрекетпен көзге түскен журналистерді Батыста бірде-бір басылым жұмысқа алмас еді».
Бұл қоғамның өресін көрсетеді
Жоғарыда біз «банк журналистер арқылы бұл жағдайдан қоғамның назарын аз да болса аудара алды деп жазып өттік. Аз да болса да деп айтып отырған себебіміз, бұл жолы қоғам толық назарын ақылы пост жазатындарға аударып кеткен жоқ. Көпшіліктің наразылығынан кейін, кейбір кәсіпкерлер нақты қадамға барып жатыр. Соның бірі – QAZBILIM GROUP компаниясы. Банктің жазбасынан соң, QAZBILIM ұлттық лицейлерінің 8 қаладағы 420-дан астам қызметкері ForteBank қызметінен бас тартты. Аталған компанияның басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанға хабарласып білгеніміз QAZBILIM GROUP-қа кіретін сегіз компания аталған банктің қызметінен бас тартыпты. Олардың қызметкерлері ай сайын «Фортеден» 250 млн теңге жалақы алып отырған.
«Мұндай банктерден біз сияқты 10-15 компания бас тартуы керек. Себебі бір адамнан олардың мұрты қисаймайды. Олар маған хабарласты, кешірім сұрап жатыр. Бірақ қазір кешіріммен құтылу модаға айналды ғой. Ұстанымым қатты адаммын және сол позициямда тұрамын. Қазір басқа банктерді қарап жатырмыз. Ал тіліміздің көсегесінің көгермеуі тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдан астам уақыттан бері биліктің нақты талап қоя алмауы және қоғамның жалпақшешейлігі, яғни ұстанымсыздығы. Азаматтық ұстаным болмағасын олар ақшаға сатылып кетеді. Былайша айтқанда, қарынның қамы үшін ұлттың қамын ысыра салу ғой. Бұл жағдай кешегі «Форте» мәселесінде де көрініп қалды. Банкті ақтап жатқан журналистердің болуы қоғамның өресін көрсетеді», – дейді А.Ахметжан.
P.S. Қоғам арасында «Фортенің» дауы басылмай тұрып, «Банк ЦентрКредит» қызметкерлері қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартты» деген видео әлеуметтік желіде таралып жатыр. Видеодан банкке келген адамның орысша түсінбегендіктен банк қызметкерлерінен қазақша сөйлеуін талап еткенін, оған көнбегеннен кейін полиция шақырғанын көруге болады. Бұл даудың немен біткені әзірге белгісіз. «ЦентрКредит» ресми мәлімдеме жасамады. Тізімі белгілі журналистер де аталған банкті жақтап әлі жазба жариялай қойған жоқ. Егер «ЦентрКредитке» қатысты мәселе көтеріліп, қызу талқылана бастаса, «ақысын берсең, боқысын шығарамыз» дейтін жазғыштар да қолына қаламын ала бастайтын шығар.
Айтпақшы, ақылы посттардың да бағасына сұрау салып көргенбіз. 50 мың мен 400 мыңның арасында деген мәлімет алдық. Әрине, анығын жазармандардың өздері ғана біледі. Соңғы референдум кезіндегі белсенділіктерінен бері қоғам оларды «жиырма мың теңгеліктер» деп атап жүр.
Тұрсынбек БАШАР