Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

ForteBank-тің мажоритар иесі Өтемұратов миллиардтаған теңгеге акция сатып алды

Өтемұратов
Фото: zhasalash.kz

ForteBank-тің ірі акционері Болат Өтемұратовтың банктағы үлесі 90,91%-дан 91,1%-ға дейін өсті. 

Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) 2025 жылдың екінші тоқсанына арналған есебінде айтылған. Өтемұратовтың қолындағы қарапайым акциялар саны 1,77 миллиард данаға көбейген. Бұл акциялардың нарықтағы жалпы құны шамамен 19,5 миллиард теңгеге жетеді.

Осы кезеңде ForteBank бұған дейін айналымнан алып тасталған акцияларын қайта нарыққа шығарды. Нақтырақ айтқанда, 1,76 миллиард дана акция қайта айналымға түсті. Қазіргі таңда банктің өз балансында 175,8 миллион ғана сатып алынған акция қалды.

2025 жылдың сәуір айының ортасында ForteBank өз акционерлеріне қарапайым акцияларды «артықшылықты сатып алу құқығы» арқылы сатып алуды ұсынған еді. Ұсынысқа сәйкес, инвесторларға 1 миллиард 934 миллион 434 мың 197 акция 6,16 теңгеден сатылды. Бұл мүмкіндікті пайдалану 17 мамырға дейін жалғасты. KASE деректеріне сүйенсек, дәл осы кезеңде Болат Өтемұратов 1,7 миллиардтан астам қарапайым акция сатып алған. Осылайша, мәміленің жалпы құны 10 миллиард 917 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда оған ForteBank-тің 84 миллиардтан астам акциясы тиесілі.

Өтемұратовтың үлесі қаншаға өскені нақты белгісіз. Алайда 2025 жылдың екінші тоқсанында ForteBank-тің бір қарапайым акциясының бағасы 6,79–11 теңге аралығында болды. Демек, 1,77 миллиард акцияның құны шамамен 12–19,5 миллиард теңге аралығында болуы мүмкін.

27 маусымда ForteBank Home Credit Bank-ті сатып алу туралы келісімге келгенін мәлімдеді. Бұл мәміле тиісті реттеуші органдар мақұлдаған соң аяқталады деп жоспарланған. Келісім жарияланғаннан кейін екі апта ішінде ForteBank акцияларының бағасы 5,7 есеге өсті. Осы арқылы Болат Өтемұратов бір сәтте Қазақстандағы ең бай адам атанып, оның байлығы $9,56 миллиардқа жетті.

Егер Өтемұратов бұл акцияларды дәл қазір сатып алғанда, олар оған үш есе қымбатқа — шамамен 43 миллиард теңгеге түсетін еді. Себебі 2025 жылдың 27 маусымында ForteBank Home Credit Bank-тің 100% акциясын сатып алатыны туралы хабарлағалы бері банк акцияларының құны 7,66 теңгеден 24,76 теңгеге дейін күрт өсті.

ForteBank Home Credit Bank-ті сатып алуға қатысты келіссөздерді үш ай бойы жүргізген. Банк басшылығы бұл қадамның компанияның нарықтағы үлесін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегия аясында жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Home Credit Bank-тің қазіргі иелері: халықаралық PPF тобының топ-менеджері Иржи Шмейц (34,7%), топтың өзі (9,9%) және басқа да қызметкерлері.

Ал PPF тобының негізгі иесі – Чехиядағы ең бай әйел, марқұм Петр Келлнердің әйелі Рената Келлнерова. Оның байлығы $19 миллиардқа бағаланады. 

Еске салайық, 2024 жылдың қарашасында Болат Өтемұратов ForteBank-тегі үлесін 81,66%-дан 89,01%-ға дейін арттырған. 2024 жылдың 1 шілдесіндегі дерек бойынша, банк акционерлерінің қатарында Өтемұратовтың ұлы Алидар Өтемұратов та болған – оған 7,34% үлес (7,5% қарапайым акциялар) тиесілі.

Сондай-ақ, өткен жылдың қазанында Болат Өтемұратов «31 арна» медиахолдингінен де шыққан. 2023 жылдың 25 қыркүйегінде «31 арна» жаңа меншік иесі ретінде «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры тіркелді. Бұған дейін арна «Верный капитал» тобы арқылы Өтемұратовқа тиесілі болған.