Франциядағы дүрбелең. Батысты расизм алаңдатады
Полиция атқан 17 жасар бозбаланың өлімінен соң Францияда наразылық күшейді. Билік дүрбелеңді тоқтата алмай әбігерге түсіп жатыр.
Әуелде «Наһел үшін әділдік!» деп ұрандатқан топтың әрекеті соңғы күндері бұзақылыққа ұласты. Бұған дейін де митингілері полициямен қақтығыссыз аяқталмайтын Францияның өзінде соңғы оқиға шектен шыққан. Мыңдаған көлік, жүздеген ғимарат өртелді, дүкендер, банк бөлімшелері тоналды.
«Олар Наһелдің өлімін пайдаланып кетті. Бәрін сабырға келіп, тынышталуға шақырамыз. Мектептерді қиратпаңдар, онда кінәсіз бүлдіршіндер оқиды. Автобустарды өртемеңдер. Онымен өзге ата-аналар жүреді», – деді жексенбі күні Францияның BMF TV тәуелсіз ақпарат тарататын телеарнасына берген сұхбатында 17 жасар Наһелдің әжесі Надя.
Наһел – 27 маусымда полиция оғы тиіп жан тапсырған жасөспірім. Сол күні таңертең Наһел мен жанындағы екі жолдасы мінген көлік жылдамдығы шамадан асып кеткен. Мұны байқаған полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқан, бірақ жас балалар тәртіп сақшыларының талаптарын орындамаған. 16 минут қуғыннан соң балалар мінген көлік кептеліске тап болып, ақыры кідіруге мәжбүр болған. Мотоциклден түскен полицейлер жүргізуші отырған терезеге жақындай бергенде көлік орнынан жүріп кеткен. Осы сәтте екі полицейдің бірі балалардың соңынан оқ атады. Мүлт кетпепті. Оқ рөлдегі Наһелге тиген. Көлік көп ұзамай жол жиегіндегі бағанға соғылған. Наһел жан тапсырған.
BBC агентігінің жазуынша, Наһел Париж іргесінде анасымен ғана тұрып жатқан. Әкесін танымайды. Оқуы орташа, бірақ сыныптастары оны мейірімді, кішіпейіл деп сипаттаған. Сабақ оқи жүріп Наһел дайын тамақ жеткізіп берумен айналысқан. Қаза табар күні таңертең жұмысына шығып бара жатып айтқан соңғы сөзі «Анашым, сені жақсы көремін» болыпты. Нағашы әжесінің сөзінше, ұлының өлімінен соң анасы өзіне-өзі әлі келмеген.
Осы оқиға тұтас Францияны дүрліктірді. Әуелі Париждің іргесіндегі Нантер (Наһел тұрған қала) қаласында бейбіт басталған наразылық 29 маусымда Францияның өзге ірі қалаларында да қолдау тауып, соңы бүлікке, тонауға ұласты. Наразы топ қару-жарақ дүкендерін де үптеп кетті. Әлеуметтік желіге тараған видеоларды көрсеңіз, Қазақстандағы «Қаңтар оқиғасына» ұқсайды. Қолына таяқ, тас ұстаған, кейбірі жүзін маскамен бүркеген, көшелердегі видеокамераларды сындырған топ өте ашулы. 2 шілде түні кемі 577 көлік, 74 ғимарат өртенген. Париждің шеткі аудандарының бірін басқаратын мэрдің үйі де шабуылға ұшыраған. Мэрдің өзі ол сәтте жұмыста болған, ал ашулы топтан қашпақ болған әйелі аяғын сындырып, баласы да жеңіл жарақат алған. Осы бір күнде 45 полицей таяқ жеген. Демонстранттардың арасында да әртүрлі деңгейде зардап шеккендер көп. Жексенбі күні 700 адам ұсталған. Наразылар кейбір қалашықтарда полиция бөлімшелерін, әкімшілік ғимараттарын, мектептерді де отқа ораған. Алайда, бір аптаға жуықтаған дүрбелеңде ешкім қаза тапқан жоқ. Елисей сарайынан жасаған мәлімдемелерінде президент Эмманюель Макрон өз халқын террористерге теңемеді, ескертусіз оқ атуға бұйырмады. Көзден жас ағызатын газ, құлақ тұндыратын граната лақтырған, су шашқан полиция қарасы қалың, қаһарлы топпен бірнеше рет бетпе-бет айқасса да нөпірге қарсы оқ атпады. “Қаңтар оқиғасынан” ең үлкен айырмашылығы да осы, әйтпесе полиция қызметкерлерінің өміріне қауіп төнсе Франция тәртіп сақшыларының да қару қолдануға хақы бар. Наһелді атқан полицей де сол құқығын пайдаланған. Жүз мыңдаған адам қатысып жатқан наразылықты бақылауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға елде 45 мың полицей жұмылдырылған. Франция президенті де, парламенті де толқуды басуға әзірше әскерді араластырған жоқ.
Наразылықтың бұлай тым қатты ушығып кетуіне қазір кемі үш себеп айқын көрініп тұр. Біріншісі – Наһелдің өлімі. Халық жол тәртібін қадағалайтын полиция қызметкерлеріне өте көп құзірет берілгеніне наразы. Бұл құзіретке Франция полициясы 2017 жылы ие болған. Ол заңды қабылдауға жол ережесін сақтамайтындардың кесірінен кісі өлімінің көбеюі себеп болған. Заң бойынша тоқтау туралы бұйрықты орындамаған, талапқа бағынбаған көлік жүргізушілеріне оқ ату құқығы берілген. Reuters агенттігі полиция осы құзіретін пайдаланып, 2023 жылы елде кемі 6 адамды, 2022 жылы 13 жүргізушіні атып өлтіргенін анықтаған. Былтыр қаза тапқандардың арасында артқы орындықта отырған жолаушы да бар.
Екінші себеп – нәсілшілдік. Өткен сейсенбі күні полиция атып өлтірген 17 жасар Наһелдің шыққан тегі алжирлік. 2017 жылдан бері полиция жолда атып өлтіргендердің көбі тегі араб азаматтар. Бұл да Франция қоғамында жарылуға шақ тұрған іріңді жара. Соңғы жылдары Таяу Шығыстан миллиондаған мигрантқа пана берген француз халқы қазір осы «мейірімінің» зардабын тартып отырғанын айтады. Француз ұлтшылдары да отқа май құйып, мигранттарды елден қуып шығуға шақырып келеді. Ұлтшыл емес, қарапайым француздар да дастарқан үстінде, ошақтың басында отырып жатжұрттықтарды сырттай сыбап алатыны да өтірік емес. Кезіндегі империялық амбициясын аңсайтындары да табылады. Бірақ бұрынғы отарлаушы саясатынан безінген қазіргі Франция халқы қалай дегенмен де кең. Бөтен елден, жат жерден келіп, бірден байырғы тұрғындармен сіңісіп кету жылдам процесс емесін олар да түсінеді. Алайда, нәсілшілдік Батыста әлі де күшейіп тұрған дерт. 2020 жылы АҚШ-тың Флорида штатында полиция тұншықтырып өлтірген афроамерикалық Джордж Флойдтың оқиғасы ел есінен шыққан жоқ. «Қаралардың да өмірі маңызды» дейтін наразылық бірнеше айға созылған. 2021 жылы Францияның әйгілі ПСЖ футбол командасының жұлдызы, бразилиялық Неймарды қарсылас команданың жанкүйерлері маймыл деп мазақтап, банан лақтырып, соңы қоғамда қызу талқыға ұласқан. Мұндай оқиғаны биыл Испанияның «Реал Мадрид» клубында ойнайтын тағы бір бразилиялық Винисиус Жуниор да басынан өткерді. Алаңдағы айғай-шу әлемге тарап, саясаткерлер араласып, әрең басқан. Түбегейлі шешімін таппаған мәселе бетін қанша бүркесең де бәрібір, өзге тұсынан тағы да бас көтеретіні белгілі. Франциядағы Наһелдің өлімі де осы жараны тырнап жібергенмен бірдей оқиға болды. Ашулы топ Франция ұлттық құрамасының ойыншысы, шыққан тегі африкалық (әкесі Камерунда туған) Килиан Мбаппенің «зорлық-зомбылық ешбір мәселені шешпейді, тоқтатыңдар» дегеніне де қараған жоқ. Елде бет-беделі бар танымал адамдардың бәрі наразыларды ақылға келуге шақырып жатыр.
Үшінші себеп – кедейлік. Еуропаның, қала берді әлемнің жетекші елі Францияда да жоқшылықтың зардабын тартып отырған миллиондар бар. Көбі мигрант – жұмысқа орналаса алмаған немесе тұрақты қызмет таба алмағандар. Тұрып жатқан жері адам төзгісіз шаңырақтар жетерлік. Киім-кешек дүкендерінің, азық-түлік супермаркеттерінің тоналуы да осы жоқшылықтың бір көрінісі. Журналистермен сөйлескендері «елдегі теңсіздік, әлеуметтік мәселелер, қымбатшылық пен кедейлік сынды көтеріліске қажет ингредиенттің бәрі қазір бір қазанда қайнап жатқанын» айтқан.
Дүрбелеңнің соңы қандай нәтижеге жетері белгісіз. Анығы – оқиғаға себеп болған полицей мен наразылықты ушықтырғандар, тонағандар мен өртегендер жауапқа тартылады. Франция полициясы Наһелді атқан офицердің жазадан құтылмайтынына уәде берді. Ол да жас баланы атып тастағанына өкініп, туыстарынан кешірім сұрады. Сондай-ақ наразылық білдіруге ерікті жұрт өздеріне қосылмаған, үйінде тыныш жатқан халықтың да берекесін қашырмауға міндетті. Әуелде көппен бірге демонстрацияға қатысқан Наһелдің шаңырағы соңғы күндері халыққа басу айтып әлек. Жоғарыда жазғанымыздай, BMF TV телеарнасына берген сұхбатында Надя әжей немересінің өлімін өзгелер пайдаланып кеткеніне өкініш білдірді. Кәрі кісі бүлікшілердің кім екенін білмейтінін, олардың мақсатын түсінбейтінін айтты. 2 шілде күні BBC агенттігіне сұхбат берген әлемнің ақпарат құралдары да наразылықты әлдебір саяси топқа телуге асығар емес. Өйткені бүлікті Франция билігімен бітіспес қарсылас оппозициясы да айыптады. Әрине, олар да өз позициясы тұрғысынан Макрон саясатын сынап, оңтайлы сәтті пайдаланып қап жатыр. Дегенмен тонауды, зорлық-зомбылықты ақтауға болмайтынына бәрі келіседі.
Франциядағы дүрбелең Макронның сыртқы саясаттағы шаруаларына да кедергі келтірді. 2 шілде күні ол Германияға жоспарланған ресми сапарын кейінге қалдырды. Немістің ARD арнасына берген сұхбатында Германия канцлері Олаф Шольц көрші елдегі жағдайға қатты алаңдайтынын білдірді. Алаңдамай қайтсін, нәсілшілдіктің зардабын қатты тартқан ел осы неміс халқы. Гитлер заманында өздерін өзгелерден биік санаған немістер адам айтса сенгісіз, небір ауыр қылмыстарға көз жұма қарады. Оның үстіне Франция Еуропа Одағының жетекші елі. Көрші мемлекетті тұрақсыздық жайласа, өзгелердің салмағы Германияға түспек. Бір сөзбен айтқанда, кім-кімге де оңай соқпайды. Зияны одаққа да, Ресеймен соғысып жатқан Украинаға да тиеді.