Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:41

Франция 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салмақ

әлеуметтік желі
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Францияда 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуге бағытталған заң жобасы мақұлданды.

 Франция Ұлттық жиналысы (парламенттің төменгі палатасы) 26 қаңтар күні кешке аталған құжатты қабылдап, оны қарау үшін Франция Сенатына жолдады. Заң жобасын 116 депутат қолдап дауыс берсе, 23 депутат қарсы шыққан.

Құжатта «15 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салынады» деп көрсетілген. Алайда Le Monde басылымының жазуынша, бұл тұжырым онлайн-платформаларға тікелей міндет жүктемейді. Себебі әлеуметтік желілердің қызметін реттеу – Еуропалық комиссияның құзыретіне жатады. Соған қарамастан, Франция үкіметі бұл арқылы платформаларды жасты тексеру жүйелерін енгізуге мәжбүрлеуге болады деп есептейді.

Заң жобасында тағы бір маңызды норма бар. Ол 2018 жылдан бері Франциядағы коллеждерде (11–15 жас аралығы) енгізілген мобильді телефон пайдалануға тыйымды кеңейтуді көздейді. Енді бұл шектеу лицейлерге, яғни жоғары сыныптарға да қолданылуы мүмкін.

Бұл бастама Эммануэл Макронның тікелей қолдауымен жүзеге асуда. Президенттің өтінішімен заң жобасы жеделдетілген тәртіппен қаралып жатыр. Мұндай тәртіп әр палатада екі оқылымның орнына бір ғана оқылыммен шектелуді қарастырады.

Францияның бұрынғы премьер-министрі, ал қазір Ұлттық жиналыста президенттің «Ренессанс» партиясы фракциясын басқаратын Габриэл Атталь Сенат бұл заңды ақпан айының ортасына дейін қабылдайды деген үміт білдірді. Оның айтуынша, егер құжат бір ай ішінде күшіне енсе, 1 қыркүйектен бастап 15 жасқа дейінгі балаларға жаңа аккаунт ашуға тыйым салынады. Ал 31 желтоқсанға дейін платформалар жасөспірімдердің бұрын тіркелген аккаунттарын жоюға міндетті болады.

Бұл ұстанымды Эммануэл Макрон да ашық қолдады. Заң жобасы Ұлттық жиналыста мақұлданғаннан кейін ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында:

«Балаларымыздың санасы сатылмайды. Америкалық платформаларға да, қытайлық желілерге де емес. 1 қыркүйекке қарай балаларымыз бен жасөспірімдеріміз ақыры қорғалады. Мен бұған кепіл боламын», – деп жазды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама Францияда балалардың цифрлық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған ең қатаң қадамдардың бірі. Егер заң толық қабылданса, ол Еуропадағы басқа елдерге де прецедент болуы мүмкін.