Франция Палестинаны мойындамақ: Макрон мәлімдемесі Израиль мен АҚШ-тың наразылығын тудырды

Франция президенті Эммануэль Макрон БҰҰ Бас Ассамблеясында ресми түрде Палестина мемлекетін мойындайтынын мәлімдемек. Бұл туралы ол 24 шілдеде әлеуметтік желідегі жазбасында хабарлады.
"Бейбітшілік мүмкін. Бірден отты тоқтатып, барлық тұтқындарды босатып, Газа халқына ауқымды гуманитарлық көмек көрсету қажет. Сонымен қатар ХАМАС-ты қарусыздандырып, Газаны қалпына келтіру мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Ең бастысы — Палестина мемлекетін құру, оның өміршеңдігін қамтамасыз ету және Израильді толық мойындау арқылы Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа үлес қосу керек", — деп жазды Макрон.
Палестинаны мойындаған елдер саны — 142
AFP агенттігінің мәліметінше, қазіргі таңда әлемнің 142 елі Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындаған. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия, Швеция және Польша бар. Ал АҚШ, Германия және Ұлыбритания бұл қадамға әлі бармаған.
Израиль мен АҚШ-тың қатаң сыны
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Макронның бұл шешімін "терроризмге берілген сыйлық" деп атады. Оның айтуынша, палестиналықтар Израильмен қатар өмір сүруді емес, оны жоюды көздейді.
Израиль әділет министрі Ярив Левин бұл шешімді "Франция тарихындағы қара таңба" деп бағаласа, қорғаныс министрі Исраэль Кац палестиналық мемлекеттің құрылуына жол бермейтінін мәлімдеді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да Париждің бұл жоспарына қарсы шықты. Ол бұл шешімді "ХАМАС-тың үгіт-насихатына жұмыс істейтін, бейбітшілікке тосқауыл қоятын, 7 қазандағы құрбандарға жасалған соққы" деп сипаттады.
ХАМАС шешімді қолдайды
ХАМАС радикалды қозғалысы Францияның шешімін оң қадам ретінде бағалап, басқа елдерді, әсіресе Еуропа мемлекеттерін, Францияның үлгісін ұстануға шақырды. "Бұл — палестиналықтардың әділдікке және өз тағдырын өзі анықтауға деген заңды құқығын қолдайтын бағыттағы шешім", — делінген ХАМАС мәлімдемесінде.
Айта кетейік, 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС Израильге шабуыл жасап, 1200-ге жуық бейбіт тұрғынды қырып, 250-ден астам адамды тұтқынға алған. Израиль жауабы ретінде Газа секторына соғыс жариялап, әуе және құрлық арқылы шабуылдар жүргізді. ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, 59 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 143 мыңнан астам адам жарақат алды.