Франция Парсы шығанағы елдерін қорғауға дайын екенін мәлімдеді
Жан-Ноэль Барро Францияның Парсы шығанағы аймағындағы серіктес мемлекеттерді қорғауға қатысуға әзір екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Париж одақтас елдерге толық қолдау көрсетеді.
Министрдің сөзінше, аймақтағы бірқатар мемлекеттер Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) тарапынан жасалған зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырап, өздері таңдамаған қақтығысқа тартылған.
«Франция мақсатты түрде зымырандар мен дрондар арқылы шабуылға ұшыраған және өздері қаламаған соғысқа араласқан достас мемлекеттерге толық қолдау мен ынтымақтастық білдіреді. Франция серіктестерімен жасалған келісімдерге және халықаралық құқықта көзделген ұжымдық өзін-өзі қорғау қағидаттарына сәйкес, оларды қорғауға қатысуға дайын», – деді Барро.
Сарапшылардың пікірінше, бұл мәлімдеме Таяу Шығыстағы қауіпсіздік жағдайының күрделене түскенін көрсетеді. Соңғы уақытта Парсы шығанағы аймағында әскери шиеленіс күшейіп, бірқатар елдер әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін нығайтуға кірісті.
Франция бұған дейін де аймақтағы қауіпсіздік бастамаларына қатысып келген. Ресми Париж халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүдделі екенін атап өтті.