Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға келді
Франция президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келеді, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Мәртебелі мейманды елорда әуежайында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов қарсы алды.
Қысқаша әңгіме барысында үкімет басшысы Эмманюэль Макронның бұл сапары Астана мен Париж арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірген.
Қазақстан мен Франция басшылары екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша келіссөздер жүргізеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақорда 1 қарашада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келетінін хабарлаған еді. Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізіп, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды деп күтілуде.