Франция президенті Макрон әйелін “ер адам” деп атаған журналисті сотқа берді

Франция президенті Эммануэль Макрон мен оның әйелі Брижит АҚШ-та журналист Кэндис Оуэнске жала жабу бойынша сотқа арыз берді.
Себебі америкалық журналист бірнеше рет Францияның бірінші ханымы Брижит Макронды ер адам деп мәлімдеген. Макрондар шағымда Кэндис Оуэнс өз подкастын насихаттап, жанкүйерлер санын арттыру үшін «жалған ақпаратқа толы ғаламдық масқаралау науқанын» жүргізгенін атап көрсеткен.
Бұған дейін Оуэнс бірнеше «зерттеу» жариялап, онда 72 жастағы Брижит Макронның ер адам болып дүниеге келгенін, бастапқы есімі Жан-Мишель Тронье болғанын алға тартқан. Айта кетейік, Жан-Мишель Тронье — Брижит Макронның туған ағасының аты.
«Оуэнс Макрондардың сырт келбетін, некесін, достарын, отбасын және жеке тарихын келемежге айналдырып, бәрін гротеск сипаттағы әңгімеге айналдырды. Бұл жаһандық деңгейдегі тұрақты қорлауға алып келді», - делінген журналистке қарсы арызда.
Өз подкастында Кэндис Оуэнс бұл сот ісін Франция президентінің өз беделін сақтау мақсатында жүргізіп отырған «үмітсіз пиар-қадам» деп атады. Журналист сот ісінен хабары болмағанын айтты. Ал оның қорғаушысы бұл істі «қорқыту әрекеті» деп бағалап, Брижит Макрон Оуэнстің бірнеше мәрте сұхбат алуға жасаған өтініштерінен бас тартқанын алға тартты.
Макрондар бірлескен мәлімдемесінде журналистке үш рет жала жабуды тоқтатуды талап еткендерін, алайда ол ешқайсысына жауап бермеген соң ғана сотқа жүгінгендерін айтты.
«Ханым Оуэнстің бұл әрекеті бізге және отбасымызға әдейі зиян келтіру, сондай-ақ өзіне назар аударту мен танымал болу мақсатында жүргізілді. Біз оған бірнеше мүмкіндік бердік, бірақ ол жалған мәлімдемелерінен бас тартпады», - делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Брижит Макрон Эммануэль Макронға шапалақпен ұрған сәт бейнеленген видео кең таралып кеткен еді. Президенттің айналасындағылар бұл жағдайды «үй ішіндегі кәдімгі ерегес» деп түсіндірген.