Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:15

Франция сапары. Инвестицияның ауқымы кеңейіп келеді

1

Әлемдік тәжірибеге көз тастасақ, шетелдік және ішкі инвестицияларды тиімді тарту экономикалық өсімнің қарқынын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, технологиялық жаңғыруды жеделдетуге және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

 Қазіргі жаһандану дәуірінде елдер арасындағы экономикалық бәсекелестік бұрынғыдан да күшейіп, әр мемлекет өзінің инвестициялық тартымдылығын арттыру жолында сан түрлі стратегияларды іске асырып келеді. Сондықтан инвестиция тарту тек экономикалық бағыт деп қарайтын заман әлдеқашан өткен, ол елдің беделі мен даму бағытын айқындайтын ұлттық идеологияның да бір бөлігіне айналғалы қашан. Президент те жыл сайынғы жолдауында осы мәселеге басымдық береді. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі бастаған ресми делегация Франция Республикасына жұмыс сапарымен барып, екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар маңызды келіссөздер өткізді. Бұл сапар Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып, негізгі мақсат – Жамбыл облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру, сондай-ақ өнеркәсіп, су шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларында ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату болды. Делегация құрамына облыстың жетекші салалық басқармаларының өкілдері мен кәсіпкерлері кіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өндірістік-инновациялық әлеуетін кеңінен таныстырды.

Сапар барысында жамбылдық делегация Орлеан қаласында өткен Француз минералдық өнеркәсібі қауымдастығының (SIM 2025) 74-ші конгресіне қатысты. Бұл форум Еуропадағы минералдық-шикізат өндірісі саласының ең ірі кәсіби жиындарының бірі саналады. Мұнда делегация мүшелері A3M – Францияның тау-кен, металлургия және болат кәсіпқойлары федерациясының, BRGM – Ұлттық геологиялық қызметтің, сондай-ақ әйгілі Mines Paris – PSL инженерлік мектебінің өкілдерімен кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Тараптар пайдалы қазбаларды экологиялық тұрғыда тұрақты өндіру мен өңдеуге, геологиялық деректерді цифрландыруға, төмен көміртекті технологияларды дамытуға және ғылыми-техникалық тәжірибе алмасуға басымдық беретінін атап өтті. Бұл бағыттар болашақта өңірдің экономикалық құрылымын әртараптандыруға және заманауи экологиялық стандарттарға сәйкес өндіріс саласын дамытуға мүмкіндік береді.

Сапардың тағы бір маңызды сәті Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде өткен кездесулер болды. Мұнда делегация әлемдік минералдық шикізат өндіру мен өңдеу саласында көш бастап тұрған халықаралық Imerys компаниясының басшылығымен пікір алмасты. Әңгіме барысында тараптар Қазақстан аумағында минералды шикізатты тиімді игеру, жергілікті кәсіпорындармен бірлескен жобаларды іске асыру және ғылыми зерттеу бағыттарында ынтымақтасу мәселелерін талқылады. Бұл кездесу Қазақстанның минералдық ресурстарын тиімді пайдалану ісінде жаңа технологиялық шешімдерді енгізу үшін стратегиялық маңызға ие. Париж қаласында да жамбылдық делегация бірнеше француз компанияларымен кездесіп, нақты жобаларды жүзеге асыру тетіктерін қарастырды. HydroPlus компаниясының басшылығымен өткен келіссөздерде өңірдегі су инфрақұрылымын дамыту, су қоймалары мен бөгеттерді қайта жаңғырту, су тасқынынан қорғану жүйелерін жетілдіру мәселелері қозғалды. Француз тарапы Fusgate технологиясын, яғни, суды тиімді реттейтін автоматтандырылған жабқыш жүйесін жергілікті өндіріс алаңында енгізуге қызығушылық білдірді. Бұл өз кезегінде аймақтың су қауіпсіздігін арттырып, ауыл шаруашылығына қажетті су ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Freyssinet компаниясымен өңірдегі ірі спорт нысандарын жаңғырту және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері талқыланды. Aden Group компаниясының өкілдерімен өнеркәсіптік аймақтар мен индустриялық парктердің инфрақұрылымын дамыту жобалары бойынша келіссөздер жүргізілді. Бұл – бағыттағы әріптестік аймақтағы инвестициялық климатты жақсартуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және білікті мамандар даярлауға жол ашады деп сенеміз.

Францияның теміржол және көлік саласындағы ірі инвесторы – Alstom компаниясы өңірмен әріптестігін жалғастыруға дайын екенін растады. Кәсіпорын өкілдері Шу қаласындағы колледждер базасында теміржол саласы бойынша кәсіби мамандарды даярлауға арналған оқу алаңын құру бастамасын қолдауға дайын екенін жеткізді. Бұл бастама аймақта техникалық білім берудің сапасын арттырып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Ал құрылыс материалдары өндірісінің әлемдік көшбасшысы Saint-Gobain компаниясына құрылыс саласында техникалық кадрларды даярлау және инновациялық материалдар өндіру бойынша оқу орталығын ашу ұсынылды. Делегацияның сапары барысында Овернь-Рона-Альпі өңіріне де жұмыс сапары жасалып, Монталье-Версье қаласындағы Vicat тобының өндірістік алаңына барды. Бұл кәсіпорын шикізатты қайта өңдеу мен айналмалы экономика қағидаттарын тиімді пайдалану бағытында Еуропадағы үздік үлгілердің бірі болып саналады. Vicat компаниясы жылына 1,5 млн тонна цемент өндіретін қуатты кәсіпорын иесі және Жамбыл облысында жүзеге асқан ірі жобалардың бірі – «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» зауытының негізгі инвесторы болып табылады. Бұл жобаға салынған инвестиция көлемі 350 млн АҚШ долларын құраған, ал қазіргі таңда ол өңірдің құрылыс индустриясын дамытудың тірегіне айналған. Сонымен қатар француз іскер топтарының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде Жамбыл облысы мен Франция арасындағы экономикалық байланыстардың болашағы кеңінен талқыланды. Іс-шараға өңірлік өнеркәсіп палатасы, Medef кәсіпкерлер қауымдастығы, сондай-ақ Poma және Berthoud компанияларының өкілдері қатысты. Кездесулер барысында ауыл шаруашылығынан бастап, туризм мен инновациялық өндіріс салаларына дейінгі бағыттарда өзара әріптестік орнатудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылды.

«Жамбыл облысы мен Франция арасындағы серіктестік байланыс тұрақты әрі нәтижелі дамып келеді. Vicat, TotalEnergies, Alstom және Saint-Gobain сынды ірі компаниялардың өңірде жүзеге асырған жобалары – соның айғағы. Бұл жобалар бойынша жалпы инвестиция көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асып отыр. Мұндай әріптестік екі ел экономикасының өзара толықтырушы сипатын дәлелдеп, жаңа өндірістер мен технологиялардың дамуына негіз қалайды», – дейді Ербол Қарашөкеев.

Жалпы алғанда, бұл сапар Жамбыл облысының инвестициялық тартымдылығын халықаралық деңгейде танытып, өңір экономикасына жаңа серпін беретін маңызды бастамаға айналды. Франциямен арадағы бұл байланыс тек экономикалық емес, сонымен қатар мәдени және ғылыми ынтымақтастықтың да жаңа кезеңін ашты.

С. Бақберген

Жамбыл облысы

Тегтер: