Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Франция соты Башар Асадты қамауға алуға ордер берді

Башар Асад
Фото: Reuters

Франция соты Сирияның экс-президенті Башар Асадқа және оның алты жақтасына халықаралық қамауға алу ордерін берді.

Бұл туралы  France 24 хабарлады.

Ордерлер 2012 жылы Сирияның Хомс қаласына жасалған әуе шабуылы кезінде қаза тапқан америкалық журналист Мари Колвин мен француз фотографы Реми Окликтің ісіне қатысты шығарылған. Франция билігі бұл шабуылды адамзатқа қарсы қылмыс және соғыс қылмысы деп санайды.

Асадтан бөлек, қамауға алу ордері оның інісі, Сирия армиясының 4-ші танк дивизиясының командирі Махер Асадқа, сондай-ақ бұрынғы барлау басшысы Али Мамлюкке және Сирия Қарулы күштерінің экс-бас штабы бастығы Али Аюбқа қатысты шығарылды.

Асадтың биліктен кетуі

Башар Асад 2000 жылдан 2024 жылға дейін Сирия президенті болды. Ол 2011 жылы антиүкіметтік толқуларды күшпен басты, соның салдарынан елде азаматтық соғыс тұтанды.

2015 жылдан бастап Асадқа Ресей ашық қолдау көрсетті. 2016 жылы ресейлік әуе күштерінің жаппай бомбалауынан кейін оның әскері Алеппоны қарсыластарынан тартып алды.

Халықаралық ұйымдар Асад билігін адам құқықтарын бұзды, бейбіт тұрғындарды жаппай қырды, химиялық қару қолданды және азаматтық нысандарды атқылады деп талай мәрте айыптаған.

2023 жылы Франция соты Асадқа химиялық қару қолданғаны үшін ордер шығарған болатын.

2024 жылғы желтоқсанда Асад көтерілісшілер тарапынан биліктен құлатылды да, Дамаскіден Мәскеуге қашты. Жаңа сириялық билік Ресейден оны экстрадициялауды талап етті. Алайда президент Владимир Путин Асадты беруден бас тартты.

Тегтер: