Франция соты Николя Саркозиға шығарылған екінші үкімді күшінде қалдырды
Франция Кассация соты елдің бұрынғы президенті Николя Саркозиға 2012 жылғы сайлауалды кампания шығындарын асырып жібергені үшін шығарылған үкімді заңды деп таныды.
Осылайша оған тағайындалған бір жылдық бас бостандығынан айыру жазасы (алты айы шартты, алты айы – электрондық білезік сияқты балама шаралармен өтелетін) толық күшіне енді.
Іс не туралы?
Кассация соты істің мән-жайын қайта қарамайды, тек процессуалдық қателердің бар-жоғын тексереді. Негізгі айып – 2012 жылғы президенттік кампанияның шығындарына қатысты.
Заң бойынша кампания лимиті 22,5 млн еуро болуы тиіс еді, алайда Саркози штабы шығынды екі есеге жуық асырып жіберген. Қаражатты жасыру үшін Bygmalion атты event-компаниясы партияға жалған шот-фактуралар берген.
Саркозидің өзі жалған құжатты ұйымдастырды деп айыпталмаған, бірақ кампанияны заңсыз қаржыландыру бойынша кінәлі деп танылды.
Саркози не дейді?
Саясаткер өзін кінәлі санамайтынын мәлімдеп келеді. Оның адвокаттары Кассация шешімін “прецедентсіз” деп атап, апелляция соты Саркозидің лимиттен асқаны туралы білгенін дәлелдей алмағанын айтты.
Енді жақын күндері саясаткер жазаны қандай тәртіппен өтейтіні белгілі болады. Адвокаттары оның 70 жасын ескеріп, режимді жеңілдетуге күш салуда.
Бұл – Саркозиге қатысты екінші үкім
Бұл бұрынғы президентке шығарылған алғашқы үкім емес. 2024 жылдың желтоқсанында ол судьяны парамен көндіруге әрекеттенді деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылған. Жазаны электрондық білезікпен өтеуі тиіс болғанымен, жасы ұлғайғандықтан білезік үш айдан соң шешілген.
2025 жылдың қыркүйегінде Саркози Ливия қаржысын саяси мақсатта пайдалану ісінде “қылмыстық ұйым құру” бабы бойынша 5 жылға сотталған. Үш апта қамауда болып, қараша басында шартты түрде босатылды. Апелляция 2026 жылдың көктемінде өтеді.
“Тұтқын күнделігі” кітабы
10 желтоқсанда Саркозидің “Тұтқын күнделігі” атты кітабы жарық көреді. Онда ол Париждегі Ля-Санте түрмесінде өткізген күндері жайлы жазған. Fayard баспасы кітапты басып шығарады.
Саясаткер X (бұрынғы Twitter) желісінде:
“Түрме – ішкі төзімді күшейтеді” деп жазды.
Саркозидің саяси мұрасы
Николя Саркози 2007-2012 жылдары Франция президенті болды. Әлемдік қаржы дағдарысына қарсы әрекеттерде маңызды рөл атқарды. 2011 жылы Франция Муаммар Каддафиге қарсы көтерілісті қолдаған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Ішкі саясатта зейнет жасын 60-тан 62-ге көтерді, көші-қон мен қауіпсіздік мәселелерінде қатал саясат ұстанды.