Францияда бюджет шығындарын қысқартуға қарсы жаппай наразылықтар өтіп жатыр

Францияда сәрсенбі күні таңертеңнен бастап Bloquons Tout («Барлығын тоқтатамыз») қозғалысы ұйымдастырған ірі наразылық акциялары басталды. Ереуілшілер тас жолдарды жапты, пойыз қозғалысына кедергі келтірді.
Нәтижесінде ел бойынша көлік коллапсы орын алды, деп хабарлайды BBC News Russian.
80 мың қауіпсіздік қызметкері жұмылдырылды
Франция ішкі істер министрі Бруно Ретайоның айтуынша, ел бойынша 80 мыңнан астам құқық қорғаушы қызметке кірісті, соның ішінде Парижде – 6 мың. БАҚ мәліметінше, акцияларға 100 мыңға дейін адам қатысуы мүмкін.
Министр наразылықтар кезінде 250-ге жуық адамның ұсталғанын растады. Парижде ғана жүздеген маска таққан ереуілшілер полициямен қақтығысып, вокзалға кірмек болған. Құқық қорғаушылар көз жасаурататын газ қолданды.
Парижде қоқыс жәшіктерінен баррикада тұрғызылды
Париждің орталығында, Ұлт алаңы маңында ереуілшілер қоқыс жәшіктерін өртеп, жолды жапты. Полиция оларды тарату үшін арнайы құралдар қолданды.
Автомагистраль операторы Vinci бірқатар қалаларда – Марсель, Монпелье, Нант және Лионда да жолдардың жабылғанын хабарлады. Француз теміржол компаниясы SNCF өңірлік пойыздардың қозғалысында кідірістер болатынын мәлімдеді.
Саяси дағдарыс аясындағы наразылық
Наразылықтар Франциядағы саяси дағдарыспен тұспа-тұс келді. Осы аптада парламент премьер-министр Франсуа Байру үкіметіне сенімсіздік білдіріп, ол отставкаға кетті. Президент Эммануэль Макрон небәрі екі жыл ішінде бесінші үкімет басшысын – 39 жастағы Себастьен Лекорнюті тағайындады.
Жаңа премьер-министр алдында үлкен міндет тұр – елдің мемлекеттік қарызы 3,3 трлн еуроға жетіп, ІЖӨ-нің 114%-ын құрап отыр. Бұрынғы үкіметтің бюджетті 44 млрд еуроға қысқарту жоспарына парламент қарсылық танытқан.
Ереуілшілердің талабы
Bloquons Tout қозғалысы жазда әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, «сары жейделілер» қозғалысына ұқсатылды. Активистер қоғамдық қызметтерге көбірек инвестиция құюды, байларға салық енгізуді, жалдау ақысын тоқтатуды және Макронның отставкасын талап етуде.
Аналитиктердің айтуынша, қозғалыс алғашында оңшыл топтардың бастамасынан шыққанымен, кейін солшылдар мен радикалды солшылдар да қосылған.