Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:05

Францияда Луврдан кейін тағы бір музей тоналды

1
Фото: ЖИ

Ұрылар Дени Дидро музейінен алтын және күміс тиындар коллекциясын алып кеткен

Францияда Лувр музейіндегі ұрлықтан бірнеше сағат өткен соң, белгісіз біреулер «Дени Дидро Ағарту үйін» тонап кетті. Бұл туралы France Info хабарлады.

Оқиға Лангр қаласында болған. Белгісіз адамдар XVIII–XIX ғасырларда соғылған алтын және күміс монеталар коллекциясын ұрлап кеткен. Басқа экспонаттарға зиян келтірілмеген.

«Дени Дидро Ағарту үйі» уақытша жабылды. Лангр мэриясы музейді тәулік бойы күзету үшін жекеменшік қауіпсіздік қызметін тартты. Сонымен қатар, қауіпсіздік жүйесін жаңарту жоспарланып отыр.

Тергеушілер ұрлық алдын ала жоспарланған және мақсатты түрде жасалған деп есептейді. Бұл оқиға 20 қазанға қараған түні, Лувр музейіндегі тоналған заттар қоғамда үлкен наразылық тудырған тұста орын алған. Осыған байланысты Франция Ішкі істер министрлігі музейлер мен мәдени мұра нысандарында қауіпсіздік шараларын шұғыл күшейту туралы шешім қабылдаған болатын.

Дени Дидро (1713–1784) – француз жазушысы, философ-ағартушы және драматург. Ол 1751 жылы жарық көрген «Энциклопедия немесе ғылымдар, өнер және кәсіптердің түсіндірме сөздігі» еңбегінің негізін қалаған. Вольтер, Руссо, Монтескье сынды ағартушылармен бірге ол үшінші таптың идеологы әрі Ұлы Француз революциясына жол ашқан ағартушылық дәуірдің идеялық көшбасшыларының бірі болған.

Еске сала кетейік Лувр музейі 19 қазан күні таңертең тоналған. Париж прокуратурасының хабарлауынша, Наполеонның екінші жұбайы Мария-Луизаның коллекциясынан інжу мен сырғалар, патшайым Мария-Амалия және Голландия ханшайымы Гортензия де Богарнеден үш зергерлік бұйым, сондай-ақ императрица Евгения коллекциясынан бірнеше зат ұрланған.

Луврдағы ұрлықтан келген жалпы залал 88 миллион еуроға бағаланған.

Тегтер: