Францияда наразылар қару-жарақ шығаратын зауытты бөгеп тастады

Марсель қаласында наразылыққа шыққандар Израильмен әріптестік орнатқан Eurolinks компаниясының қару-жарақ зауытын бөгеп тастады.
Бұл туралы Франция Ұлттық ассамблеясының депутаты Габриэль Катала әлеуметтік желі X парақшасында хабарлады.
Францияның ішкі істер министрі Брюно Ретайоның мәліметінше, елде жалпы 230-ға жуық наразылық акциясы тіркелген. Наразы топтар 95 нысанды уақытша жауып тастаған.
18 қыркүйек күні таңертең полиция 58 адамды ұстаған, оның ішінде 11 адам Парижде тұтқындалған.
Ал Париж полициясының басшысы Лоран Нуньес ел бойынша шерушілер саны шамамен 900 мың адамға жетуі мүмкін екенін айтты.
Франциядағы бұл ауқымды акциялар «Бәрін бөгейміз» ұранымен өтіп жатыр. Наразылықтар халықтың үкімет ұсынып отырған қатаң үнемдеу шараларына көңілі толмауына байланысты күшейген.
Бұған дейін Парижде шерушілер президент Эммануэль Макронның отставкасын талап еткен болатын.