Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:05

Францияда ондаған науқасты улаған анестезиолог өмір бойына сотталды

Фредерик Пеше
Фото: AFP

Францияның Безансон қаласының соты ондаған науқасты қасақана улағаны үшін бұрынғы анестезиолог Фредерик Пешеге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

 Оны 12 адамның өліміне және тағы 30 науқастың улануына кінәлі деп таныды. Бұл туралы France 24 хабарлады.

Сотта анықталғандай, 53 жастағы Пеше 2008 жылдан 2017 жылға дейін, яғни шамамен он жыл бойы, науқастарға тамшылатып берілетін дәрілерге әдейі жүрек тоқтауына және қатты қан кетуге әкелетін заттарды қосып отырған. Салдарынан кемінде 12 адам қаза тапқан.

Марқұмдардың ең кішісі – төрт жастағы бала. Ол 2016 жылы бадамша безін алу үшін жоспарлы операция кезінде екі рет жүрегі тоқтап, кейін көз жұмған. Ең жасы үлкен құрбан 89 жаста болған. Бұқаралық ақпарат құралдары Пешені «Өлім дәрігері» деп атап кеткен.

Прокуратура мәліметінше, Пеше әріптестерімен жанжалдасқан кездерде, солардың қарауындағы науқастарды улау арқылы кек алған. Кейбір жағдайларда ол өзіне деген күдікті сейілту немесе өзін «қаһарман» етіп көрсету үшін уланған науқастарды қайта тірілтуге (реанимация) де қатысқан.

Тергеу барысында Пеше улану оқиғаларының көпшілігін әріптестерінің «медициналық қателіктерімен» байланыстырған. Ал сотта ол өзі жұмыс істеген екі клиниканың бірінде шынымен де у беруші адам болғанын, бірақ оның өзі емес екенін айтқан.

Сот шешімімен Фредерик Пешеге медицина саласында қызмет етуге өмір бойына тыйым салынды. Сонымен қатар оған ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды. Алайда экс-анестезиолог бұл үкімге шағым түсіретінін мәлімдеген.