Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:17

Францияның экс-президенті Николя Саркози түрмеге өзі барды

Николя Саркози
Фото: Reuters

Францияның экс-президенті Николя Саркози, «ливиялық іс» деп аталған тергеу бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілгеннен кейін, Париждегі Санте түрмесіне келіп, жазасын өтеуді бастады. Ол Франция тарихындағы түрмеге нақты жазамен түскен алғашқы экс-президент.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Саркози мінген көлік жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9:30 шамасында Санте түрмесінің қақпасына келіп тоқтаған.

Бұған дейін Tribune Dimanche газетіне берген сұхбатында ол:

«Мен түрмеден қорықпаймын. Санте қақпасына басымды тік ұстап барамын», — деген болатын.

Сот үкімі 25 қыркүйекте шыққанымен, ол сол сәтте қамауға алынған жоқ. Сот оған жеке істерін аяқтап, өз еркімен түрмеге келуге уақыт берген.

Каддафидің ақшасы мен “қылмыстық байланыс” ісі

Саркози 2007 жылғы президент науқанын Ливия диктаторы Муаммар Каддафидің миллиондаған еуро көлеміндегі қаражатымен қаржыландырды деген айыппен кінәлі деп танылған. Оған «қылмыстық қауымдастыққа қатысу» бабы бойынша үкім шығарылды.

Бірақ басқа айыптар — заңсыз сайлау қаржыландыру, Ливия мемлекеттік қаражатын теріс пайдалану және пара алу бойынша ол ақталды.

Саркози өз кінәсін мойындамай, саяси қуғын құрбаны екенін айтып, үкімге шағым түсірді.

Түрмеге барар алдында Саркози әлеуметтік желідегі X (бұрынғы Twitter) парақшасында жазба жариялап:

«Бүгін түрмеге Республиканың бұрынғы президенті емес, кінәсіз адам бара жатыр. Мен – кек пен өшпенділіктің құрбаны болдым», – деп мәлімдеді.

Таңертең Саркозидің Париждің 16-аймағындағы үйінің маңына ондаған журналист пен жақтастары жиналды. 

 Санте түрмесіндегі жағдай

Саркози Париждің 14-аймағындағы Санте түрмесінде арнайы қауіпсіздік блогына орналастырылды. Онда тек жеке камералар бар. Ол басқа тұтқындармен кездеспейді, күніне екі рет серуендеуге шығу құқығына ие.

AFP дерегінше, бұл оқшаулаудың басты себебі – басқа тұтқындардың оның суретін жасырын түсіріп таратпауын қамтамасыз ету.

Камераның көлемі 9-12 шаршы метр, ішінде жеке душ пен стационарлық телефон бар.
Бұрынғы президент айына 14 еуроға теледидар көре алады және 20 минуттық телефон сөйлесуі 110 еуроға дейін түсуі мүмкін. Сондай-ақ ол өзіне тамақ пісіруге және кір жуғызуға мүмкіндік алады.

Figaro басылымына берген сұхбатында Саркози:

«Мен камерама үш кітап ала барамын. Солардың бірі – Александр Дюманың “Граф Монте-Кристо” романы. Ол да әділетсіз сотталған адам туралы ғой», – деді.

 Апелляция және болашақ

Оның апелляциялық шағымы әлі қаралған жоқ. Заңгерлер енді ғана бостандыққа шығару туралы өтініш бере алады, бұл процестің өзі екі айға дейін созылуы мүмкін.

Франция қоғамының реакциясы

Сауалнамаға сәйкес, француздардың 58%-ы сот шешімін әділ деп санайды, ал 61%-ы Саркозидің түрмеде отыруын қолдайды.

Президент Эммануэль Макрон 17 қазанда Саркозиді Елисей сарайында қабылдағанын растады:

«Бұл – адами тұрғыдан қалыпты әрекет. Менің әріптесім осындай жағдайда қалғанда, онымен кездесіп, қолдау білдіру – табиғи нәрсе», – деді Макрон.