Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Француздық шарм немесе Бодлер мен Делакруаға жақындай түскен Шоқан

Шоқан Уәлиханов
Фото: ашық дереккөз

Суретші Шоқан Уәлиханов туралы

Ш.Уәлихановтың өмірі туралы жазушы С.Мұқанов «Аққан жұлдыз» деп аталатын роман жазды. Қаламгер кітабын жазып бастауға итермелеген жайт туралы: «Шоқанның 1904 жылы орыс тілінде басылған шығармалар жинағын және сол жинақтағы портреттерін алғаш 1913 жылы Шоқанның ата-бабасының мекені – Сырымбет тауының етегінде, туған інісі Нұрмұхамбеттің үйінде көрдім. Кейін 1921 жылы сол үйден Шоқанның сурет салған альбомдарын тамашалауым оның өмірі мен қызметіне айрықша көңіл бөлуіме түрткі болды», – дейді. Демек, жазушыны Шоқан әлеміне жетелеген нәрсе – оның салған суреттері. Бұл жағдай бізге де Шоқанды басқа қырынан, яғни, суретші ретінде қарастыруға жетеледі.

Әдетте Ш.Уәлихановты біз көбіне ғалым, ағартушы, шығыстанушы, этнограф, тарихшы, географ ретінде танимыз. Ал Шоқанды зерттеуші ғана емес, суретші ретінде қарастырсақ ше? Қылқалам арқылы тау көрінісін, көшпелі өмір салтын, нәзік сұлудың бейнесін қағаз бетіне түсіріп отырған Шоқанды елестетсек ше? Бірақ біз оның суретшілік қыры туралы аз білеміз. Неге бүгінде оның туындыларын галерея қабырғаларынан көрмейміз? Оның суреттері бізге не айтады? Бүгінгі әңгіме осы жайында, ғалым емес, суретші Шоқан турасында болмақ.

Ш.Уәлиханов 1835 жылы қараша айында қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданына қарасты Күнтимес қыстауында дүниеге келді. Ол – Орта жүздің соңғы ханы болған Уәли ханның немересі, Аманқарағай округінің аға сұлтаны Шыңғыстың ұлы. Азан шақырып қойылған есімі Мұхаммед-Ханафия болса да, халық оны бала күнінен-ақ «Шоқан» деп атап кетіпті.

Шоқан бес жасынан хат танып, туған ауылындағы мектепте білім алды. Ерте жастан араб және парсы тілдерінде оқуды меңгеріп, Шығыс ақындарының өлеңдерін жаттай бастады. Осы шақта-ақ ол сурет салуға әуестеніп, қағаз бен қылқаламды өмірлік серік етті. Оның суретке әуестігіне әкесінің де әсері болды. Себебі Шыңғыстың үйі – нағыз шағын мәдени орталық іспетті еді. Мұнда орыс суретшілері мен топографтары, геодезистер, ғалымдар, инженерлер мен офицерлер жиі қонақ болып, әңгіме-дүкен құрды. Ресейдің ірі мәдени орталықтарынан келген саяхатшы-ғалымдар мен өнер зерттеушілері де бұл шаңырақтың төрінде болып, жас Шоқанның дүниетанымын кеңейтті. Осы орта оның болашақта жан-жақты тұлға, зерттеуші әрі суретші болып қалыптасуына берік негіз қалады.

1

1847 жылы Шоқанды әкесі небәрі он екі жасында Омбыдағы кадет корпусына орналастырды. Корпус қабырғасында ол Н. Костылецкий, Г.Гонсевский, А.Сулоцкий сынды ұстаздардан тәлім алды, ал географ Е.Старков Шоқанның географиялық білімінің тереңдеуіне ықпал етті. Жас Шоқанның мұнда философиялық трактаттар мен әлеуметтік романдарды құныға оқып, орыстың ұлы ойшылдары Белинский, Герцен, кейінірек Чернышевский мен Добролюбов еңбектері арқылы өз дүниетанымын қалыптастырды.

Осы жылдары Шоқанның сурет өнеріне деген сүйіспеншілігін одан сайын оятқан – кадет корпусында сурет пәнінен сабақ берген суретші Померанцев еді. Потаниннің естелігінде: «Оның пәтері нағыз сурет шеберханасы болатын. Шоқан демалыс күндері сол шеберханаға үнемі барып тұратын», – деп жазады. Кейіннен Бас штабта қызмет еткен жылдары Померанцев Шоқанның ықпалымен қазақ халқының тұрғын үйін зерттеп, ғылыми еңбек жазды.

Омбы кадет корпусында Шоқан тек әскери ғылымдарды ғана емес, өнер тарихын меңгеруге мүмкіндік алды. Мұнда «архитектура және оның құрамдас элементтерінің мәні туралы» арнайы курс оқытылып, курсанттар антикалық, ортағасырлық және жаңа дәуір өнерінің тарихы мен теориясынан дәріс алды. Бұл сабақтар жас шәкірттің эстетикалық талғамын жетілдіріп, суретшілік көкжиегін кеңейтті. Екінші курстан бастап кадеттер құрылыстарда тәжірибеден өтіп, жоспарлау, жердің ой-қырын өлшеу (нивелировка) сияқты практикалық жұмыстарды орындады – бұл да Шоқанның бақылағыштығын шыңдап, кейінгі сурет нобайларына архитектуралық дәлдік сыйлады. Осы жылдары ол акварельге ерекше әуестеніп, табиғат көріністерін, Омбы қаласының панорамасын, жолдастары мен офицерлердің портреттерін қағазға түсірді.

1853 жылы Шоқан кадет корпусын үздік бітіріп, корнет шенімен Сібір шептік казак әскерінде қызметін бастады. 1857 жылы Императорлық Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланып, Шығыс Түркістанды зерттеу мүмкіндігіне ие болды. Сол жылы қыс бойы Верныйда (қазіргі Алматы) тұрақтап, Қашқар сапарына дайындық жүргізді: мәліметтер жинады, карталар мен саяхатшылар жазбаларын зерттеді. 1858 жылдың 28 маусымында Семейден шыққан керуенге құпия түрде қосылып, жасырын экспедицияға аттанды. 1858 жылдың қазанынан 1859 жылдың наурызына дейін Қашқарда болып, көрген-білгенін қағазға түсіріп, этнографиялық суреттер, сәулет нысандарының нобайларын салды. 1859 жылдың 12 сәуірінде Верныйға оралып, Қашқар сапарының толық есебін жазуға кірісті және жинаған материалдарын жүйелеп, күнделіктерін ретке келтірді. 1860 жылдың ақпан айының соңында Шоқан Петерборға аттанып, Қашқарға сапары кезінде және кері қайтар жолда жасаған портреттері мен суреттерін өңдеп, кейбірін акварельмен толықтыруға кірісті.

Өмірінің соңғы жылдары Шоқанның денсаулығы сыр беріп, өкпе дертіне шалдығады. Қымыз ішіп емделу мақсатында ол 1861 жылдары елге оралып, Аққанбұрлық алабындағы жайлауларда, Сырымбет пен Көкшетау өңірінде тұрды. Алайда оның денсаулығы одан әрі нашарлап, 1865 жылдың 10 сәуірінде Алтынемел баурайындағы Көшентоған елді мекенінде суретші Шоқан небәрі 29 жасында дүние салды.

1

Суретші Шоқан

Шоқан – көзі көркемдікке үйренген, әлемді суретпен тануға ұмтылған нағыз суретші. Оның қолтаңбасы – XIX ғасыр қазақ даласының көркем күнделігі іспетті. Ол табиғат көріністерін, аң-құстарды, өсімдіктерді, тұрмыстық заттар мен қару-жарақты, киіз үйдің ішкі құрылысын, аңыз кейіпкерлерін, бәрін қағазға түсіріп отырған. Шоқанның қолтаңбасындағы дәлдік пен нәзік лиризм оның суреттерінің көркем туынды екенін көрсетеді. Алайда әзірге оның эстетикалық көзқарасы түбегейлі зерттелмеген.

«Уәлихановтың мол көркемдік мұрасын зерттеу – қазіргі қазақ өнертануының ең асыл, ең мәртебелі міндеттерінің бірі, өйткені ол Қазақстан өнері тарихын зерттеудің бейнелеу негізін құрайды», – деп жазады Әлкей Марғұлан. Расында да, Шоқан Уәлихановтың бейнелеу өнері саласына әкелген серпілісі ұлттық бейнелеу өнеріміз үшін аса құнды мұра. Бұл мұра алғаш рет толыққанды түрде 1972 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының «Ғылым» баспасынан жарық көрген Шоқан шығармаларының бес томдық жинағының 5-томында – «Графикалық мұралар» атты жеке басылымда жүйелі түрде ұсынылды. Әлкей Хақанұлы ұсынған бұл басылымда Шоқанның графикалық туындылары барынша жинақталып, әрбір суреті салынған мерзіміне қарай негізгі сегіз тақырыптық кезеңге бөлініп, ғылыми тұрғыдан сараланды. Оның еңбектерін жеке альбом ретінде басып шығару – қазақ бейнелеу өнерінің тарихындағы айтулы кезең болды. Себебі басылым арқылы Шоқан халқына тек ғалым немесе саяхатшы емес, нағыз суретші ретінде қайта оралды.

Енді «Шоқанның салған суреттерін қайдан көрсек болады» деген сұрақтың тууы заңды. Шоқанның негізгі көркем туындылары Санкт-Петербургтегі архивтерде сақтаулы: КСРО Ғылым академиясының архивінде, Шығыстану институтының Ленинград бөлімінің архивінде (В.В.Григорьев қоры), Бүкілодақтық географиялық қоғамның архивінде және Салтыков-Щедрин атындағы мемлекеттік көпшілік кітапханасының қолжазбалар бөлімінде. Сондай-ақ Шоқанның кейбір суреттері Г.Н.Потанин архивінде, Томскіде сақталған.

«Бұған дейін Орта Азияның үстін әлдебір жұмбақ шымылдық бүркемелеп тұрғандай еді» деген Шоқанның сөзін мысалға келтірген жазушы С.Мұқтарұлы «Шоқан және өнер» кітабында: «Суреттерінен де, сөз тіркестерінен де символдық, романтикалық астар қылаң береді», – деп баға береді оның өнеріне.

Шоқанның бойындағы ақынға да, суретшіге де тән ерекше романтикалық сезім мен даралықты Шоқанның Петербургтегі Көркемсурет академиясында білім алған інісі Мақы да атап өткен. Мақының айтуына қарағанда, Шоқан бір көрген адамын жатқа айна қатесіз бейнелей алатын айрықша кабілетке ие болған. Петербург Көркемсурет академиясынан тәлім-тәрбие алған Мақы өзіне қарағанда Шоқанның табиғи таланттылығының молдығын мақтаныш еткен.

Шоқанның графикалық мұралары ішінде портреттік жұмыстар ерекше орын алады. Ол жасаған портреттерде әр кейіпкердің типтік келбеті мен болмысын дәл бейнелеп, мінез-құлық ерекшеліктерін шебер ашады. Мысалы, «Алатау қырғызы», «Қытай мырзаларын Құлжада қабылдау», «Тезек төре», «Қалмақ зайсаны» еңбектерінде бейненің ұлттық сипаты анық көрінеді. Ал «Бұғы руының жоғары манабы Борамбай», «Үлкен орданың сұлтаны Мамырхан Рүстемов», «Сарыбағыш руының биі Аилшы Шамратовтың баласы» сияқты портреттерінде тұлғалардың мінезі, ішкі болмысы айқын сезіледі.

Автопортрет

Автопортрет

Шоқан Уәлихановтың ең атақты туындысы, бұл, әрине, оның автопортреті. Бір қарағанда, қарапайым ғана этюд сияқты көрінетін бұл жұмыста суретші Шоқанның шеберлігі барынша көрінеді. Тушьпен орындалған шағын автопортрет 1856 жылы, «Кіші Бұхараның сипаттамасы» қолжазбасының жиегіне салынған болатын. Онда Шоқан өзін диванда шалқасынан жатқан күйде бейнелейді. Бұл сурет Шоқанның бейсаналы түрде өзі туралы айтып тұрған психологиялық келбеті іспетті.

Суреттің салынған жылы 1856 жыл, яғни әскер қатарындағы жас Шоқанның құлшыныс жігерге толы шағы. Автопортретте сол кезеңнің рухы сезіледі: ол диванға шалқасынан жатып, шылымын асықпай шегіп жатыр. Оның бейнесі ойлы, аздап шаршаған, бірақ сабырлы, нағыз XIX ғасырдың интеллигентін еске салады. Бұл ресми парадтық портрет емес, керісінше, суретшінің іштей ирониясы бар автопортреті. Мұнда Шоқан өзін «тірі», ойға батқан, аздап жалқаулығы да бар, азат рухты лирик ретінде бейнелейді.

Суреттің композициясы да ерекше. Шоқанның денесі көлденең диагональ бойымен созылып, ол жатқан диванның сызығы диагональға параллель орналасып, көрініске тыныштық пен орнықтылық орнатады. Жоғарғы бөліктің бос кеңістігі – «ақ тыныс», кең ауа мен еркіндіктің белгісі ретінде қызмет етсе, түтіні бұрқыраған шылым философиялық ойдың, уақыттың өтіп бара жатқанын сезінудің символы бола алады.

Көрермен де бейнебір Шоқан секілді диванда отырып, оны төбеден емес, төменгі ракурстан көріп отырғандай сезіледі. Бұл әдіс те суретке интимділік, шынайылық үстейді. Мұнда бір қызықты деталь бар. Ол Шоқан аяғын тіреп отырған кішкене үстелше. Оны символдық тұрғыда «еуропалық өркениет» белгісі ретінде қабылдауға болады. Аяғын үстелшеге сүйеген Шоқан – өзінің тамыры шығыста болғанымен, батыс мәдениетіне иек артқан жас ғалым ретінде көрінеді деген ойдың меңзелуі де ғажап емес.

Бұл туындыдан жеңілдік пен нәзіктік, тіпті француздарға тән бір шарм сезіледі. Француздар демекші, Шоқан мұнда шынымен қатаң реалистерден гөрі Бодлер мен Делакруаға жақындай түскендей. Бодлерге оны бейнесіндегі лирикалық мұң мен философиялық тереңдік үшін теңеп, декаданттығын өмірдің күрделілігі мен әдемілігін бірдей ойлап, түтін бұлтына оранған кейпінен көре аламыз. Ал сызықтардың дербестігі мен батылдығы, ішкі энергиясы мен романтизмі үшін оны Делакруаға жақындатуымыз әбден орынды.

Дәл осы ішкі қуат пен ойшылдықты бұл портреттен Ғабит Мүсірепов те көрген екен. Ендеше, мақаламызды Ғ.Мүсіреповтің Шоқан портретін көргендегі әсерлі сөздерімен түйіндейік. «Қаншама арманы, білімі, ойы бар адам. Бойкүйездік, тоқмейілдік дегенді білмеген азамат. Жасағанына, атқарып үлгергеніне риза болмай, өзіне сын тағып, мін артып: «Не бітірдің, Шоқан?» – деп толғанып жатыр-ау... Бұл – аз жасап, көп тындырған Шоқанның келешекте осылайша, тым болмаса бір сәттеме уақыт алаңсыз жатар күн туар ма екен деген қиялы тәрізді. Мұнда уытты астар да бар ма деймін..

Санжар Сырғабаев

суретші-өнертанушы