Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 19 Мамыр 2025

ФРГ мен Еуропаның үш елінің көшбасшылары Трамппен Украина мәселесін талқылады

Трамп
Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің алдағы әңгімесі қарсаңында Германия, Ұлыбритания, Франция және Италия елдерінің мемлекет және үкімет басшылары 18 мамыр, жексенбі күні кешке АҚШ президентімен Украинадағы жағдайды талқылады.

"Жексенбі күні кешке (18 мамыр – ред.) Германия канцлері Фридрих Мерц (Friedrich Merz) АҚШ президенті Дональд Трамппен және Франция, Ұлыбритания мен Италияның мемлекет және үкімет басшыларымен Украинадағы жағдайды және АҚШ пен Ресей президенттерінің алдағы телефон арқылы сөйлесуі жайлы пікір алмасты. Бұл пікір алмасу дүйсенбіге жоспарланған Трамп пен Путиннің әңгімесінен кейін де жалғасады", – деп мәлімдеді Германия үкіметінің ресми өкілі Штефан Корнелиус (Stefan Kornelius) баспасөзге арналған жазбаша хабарламасында.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің баспасөз қызметі Еуропа көшбасшылары мен АҚШ президентінің әңгімесінде "Украинадағы жағдай және соғыстың екі тарапқа да әкеліп отырған апатты салдары" сөз болғанын нақтылады.

Баспасөз хатшысының айтуынша, егер Ресей атысты тоқтату мен бейбіт келіссөздерді бастауға нақты қадамдар жасамаса, оған қарсы санкцияларды қолдану мәселесі де талқыланған.

Франция президенті Эммануэль Макрон X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Трамппен бірге өткен Еуропа көшбасшыларының пікір алмасуы туралы былай деп жазды:
"Ертең президент Путин бейбітшілікке дайын екенін көрсетуі тиіс. Ол үшін президент Трамп ұсынған және Украина мен Еуропа қолдаған 30 күндік шартсыз атысты тоқтату режимін қабылдауы керек".

Трамптың Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған әрекеттеріне тоқталсақ. Бұған дейін Дональд Трамп Truth Social желісінде 19 мамырда алдымен Путинмен, кейін Украина президенті Зеленскиймен және НАТО-ның әртүрлі мүшелерімен сөйлесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.

"Бұл әңгімелердің мақсаты – апта сайын орта есеппен 5000-нан астам ресейлік және украин сарбаздың өмірін жалмап жатқан "қанды қырғынды" тоқтату, сондай-ақ сауда мәселелері", – деп жазды Ақ үй басшысы. Ол бұл күннің "нәтижелі боларына" үміт білдіріп, Украинадағы атысты тоқтату бойынша келісімге келуге болады деп сенетінін жеткізді.