ФСБ Украинаны 3 млн доллар пара беріп МиГ-31 ұшағын ұрлауға әрекет жасады деп айыптады
Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Украина әскери барлауын және оның «британдық кураторларын» МиГ-31 ұшағын ұрлап, НАТО-ға қарсы арандатушылық жасауға әрекеттенді деп мәлімдеді.
ФСБ-ның нұсқасы бойынша, украиналық барлау қызметі ресейлік ұшқыштарды сатып алмақ болған. Егер олар гипердыбысты «Кинжал» зымыранымен жабдықталған МиГ-31 ұшағын Киевке жеткізсе, 3 миллион доллар сыйақы уәде етілген.
Ресейлік арнайы қызметтің мәліметінше, бұл ұшақты кейін Румынияның Констанца қаласындағы НАТО-ның ең ірі әскери-әуе базасы маңына бағыттау көзделген. Сол жерде ұшақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесімен атып түсірілуі тиіс болған, — деп хабарлады ФСБ.
ФСБ өкілі ТАСС агенттігіне берген түсініктемесінде, операцияға британдық Bellingcat зерттеу тобы да қатысқанын алға тартты.
«Ұшақ командирімен байланыс орнату кезінде Украина барлауы біздің назарымызға бұрын да іліккен, Ұлыбританияның CIS құрылымына бағынатын “Bellingcat” деп аталатын журналистік ұйымды пайдаланған», — деді ресейлік дереккөз.
ФСБ сонымен бірге, украиналық тарап ұшқыш-командирді улау арқылы өлтіріп, ұшақты штурман арқылы ұрлап әкету мүмкіндігін де қарастырғанын мәлімдеді.
«Қабылданған шаралар нәтижесінде украин және британ барлау қызметтерінің арандатушылық жоспарының жолы кесілді», — делінген ФСБ хабарламасында.
Айта кетсек, 2023 жылдың тамызында ресейлік армия авиациясының 319-шы жеке тікұшақ полкінің ұшқышы Максим Кузьминов Ми-8 тікұшағын Украина аумағына әкеліп тапсырған болатын. Кейін украин барлауы түсірген видеода ол бұл шешімді өз еркімен қабылдағанын, және экипаж мүшелерін берілуге шақырғанын, бірақ оларды украин әскері өлтіргенін айтқан еді.
Ресейлік арнайы қызмет бұл жолғы әрекетті «ірі халықаралық арандату» деп сипаттап, оны «Украина мен Ұлыбританияның ортақ барлау операциясы» ретінде атады.
Ал Украина тарапы мен Bellingcat ұйымы әзірге бұл айыптауларға ресми жауап берген жоқ.