FT: Иран билігі наразылықты қолдаған компаниялар мен кәсіпкерлердің мүлкін тәркілеуде
Financial Times басылымының хабарлауынша, Иран үкіметі жаппай наразылық шерулерінен кейін қысымды күшейтіп, ел аумағында наразылықты қолдады деген айыппен компаниялар мен кәсіпкерлердің мүлкін тәркілеп, бизнес нысандарын жаба бастаған.
20 қаңтар күні Бас прокуратура 20-дан астам спортшыға, актерге және кино саласы өкілдеріне қарсы наразылық шерулеріне шақырды деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ведомство олардың мүлкі наразылық кезінде келтірілген шығынды өтеуге бағытталатынын атап өтті.
Сонымен қатар «террорлық әрекеттерді тікелей немесе жанама түрде қолдады» деген күдікпен шамамен 60 кафе анықталған. Иранның Tasnim ақпарат агенттігінің жазуынша, елге танымал кофеханалар желісі мен сауда орталығының иесі Мұхаммад Сайди тұтқындалып, оның мүлкі тәркіленген.
Билік өкілдері реформаторлық бағыттағы Ham-Mihan газетін мемлекеттік ауруханалардың наразылық кезіндегі қызметін жариялағаны үшін жауып тастады. Сондай-ақ тағы бір ақпарат агенттігі мен жаңалықтар порталы жалған ақпарат таратты деген айыппен жабылған, алайда олардың атауы нақты аталмаған.
Иран полициясының басшысы Ахмад-Риза Раданның айтуынша, наразылыққа қатысқан жастардың басым бөлігі «алдауға түскен». Ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандар мен оған қатысушылар қатаң жазаға тартылатынын мәлімдеді. Сонымен бірге, оның сөзінше, шетелдік арнайы қызметтердің ықпалымен «адасқан» азаматтар үш күн ішінде өз еркімен берілсе, жаза жеңілдетілуі мүмкін.
2025 жылдың желтоқсан айының соңында Иранда үкіметке қарсы ауқымды наразылықтар басталды. Шетелдегі ирандық құқық қорғаушылардың HRANA ұйымының дерегінше, шерулердің күшпен басып-жаншылуы салдарынан үш мыңнан астам адам қаза тапқан. Ал басқа құқық қорғау ұйымдары құрбандар санын бес мыңнан асады деп бағалап отыр.
Интернеттің бұғатталуына байланысты Иран ішіндегі жағдай туралы сенімді ақпарат алу қиынға соғуда.
АҚШ президенті Дональд Трамп ирандық наразылық білдірушілерді қозғалысты жалғастыруға шақырып, егер Иран билігі азаматтарды жаппай өлтіруге көшсе, әскери араласу болуы мүмкін екенін ескерткен еді. Алайда 14 қаңтарда Трамп Иран үкіметі наразылыққа қатысушыларды өлім жазасына кесуді жоспарлап отырған жоқ деп мәлімдеді.
Ал Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи наразылықтар кезінде «бірнеше мың» адамның қаза тапқанын растады. Ол бұл жағдай үшін жауапкершілікті наразылық білдірушілер мен АҚШ үкіметінің мойнына жүктеді.