Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:50

Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 80 жылдығын тойламақ

1
Фото: ашық дереккөз

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры жаңа белеске қадам басты. Биылғы шығармашылық маусым – театр тарихындағы 80-маусым. 3 қыркүйек күні 80-маусымының шымылдығын түрген театр қызу жұмысын бастап кетті. Ал 2026 жылы театр өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтіп, ұлт мәдениеті тарихындағы ірі оқиғаға айналмақ.

80-маусым аясында театр ұжымы ауқымды жоспарларды жүзеге асыруды қолға алды. Соның ішінде 18-23 қыркүйек аралығында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ІІ Республикалық жас режиссерлердің театр фестивалі өтеді. Бұл бастама – шығармашыл жастарды қолдау мақсатында дәстүрге айналып келе жатқан маңызды мәдени шара. Биылғы фестивальге 20-ға жуық өтінім түсіп, эксперттік комиссия мүшелерінің сараптама нәтижесінде 7 жас режиссер үздік деп танылды. Олар: Абай Дәулетұлы, Ұлан Қабыл, Екатерина Пен, Ұлан Болатбек, Әли Бидахмет, Лаура Мақан және Заңғар Ахмет-Қазы. Фестивальдің эксперттік комиссия құрамында еліміз бен шетелден танымал өнер қайраткерлері – театртанушы, өнертану кандидаты, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің төрайымы Анар Еркебай, театртанушы, өнертану кандидаты, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Меруерт Жақсылықова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархад Молдағали, Тәжікстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Кирилл Лавров атындағы сыйлықтың лауреаты, драматург, режиссер Барзу Абдураззаков және режиссер, сценарист, продюсер Антон Зайцев бар.

Жастардың шығармашылық ізденістерін қолдауды мақсат тұтқан бұл фестиваль театр өнерінің болашақтағы жаңа қырларын танытып, ұлттық мәдениетіміздің кемелденуіне жол ашады. Ұрпақ тәрбиесіндегі театр тағылымының мәнін ескерсек, мұндай шаралардың дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы – уақыт талабы.

Сонымен қатар, театр ұжымы жаңа маусымда бірқатар халықаралық және республикалық фестивальдерге қатысуды жоспарлап отыр. 6-9 қыркүйек аралығында Беларусь мемлекетінің Брест қаласында өткен «Белая Вежа» фестиваліне «Ұлпан» спектаклі қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. 23-27 қыркүйек күндері Ақтөбеде өтетін «Балауса» фестивалінде көрермен назарына «Гамлет» қойылымы ұсынылады. 7-10 қазан аралығында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін «Балтийский дом» фестиваліне де «Ұлпан» спектаклі қатысады. Қазан айында Түркияның астанасы Анкарада өтетін фестивальде «Кішкентай ханзаданың оралуы» сахналанса, 20-25 қазан аралығында Қырғызстандағы «Арт Ордо» фестиваліне «Ұлпан» қойылымы қатысады. Бұған қоса, қараша айында Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін «Еуразия» фестиваліне де «Ұлпан» спектаклімен бару жоспарланған. Сондай-ақ, Санкт-Петербург қаласында балаларға арналған фестивальге «Кішкентай ханзаданың оралуы» қойылымы жол тартады.

Осы күнге дейін Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры репертуары отандық және әлемдік классикалық туындылармен толығып, шығармашылық деңгейімен уақыт және көрермен талабына сай өнер ордасы екенін дәлелдеп, озық сахналық өнерін паш етіп келеді. Театрдың 80 жылдығын абыроймен өткізу мақсатында бірқатар жаңа қойылымдар сахналанбақ. Атап айтар болсақ, «Күлше қыз», «Перзентхана», «Ревизор», «Ақбілек», «Ақ түндер», «Хан Кене», «Ғасырдан да ұзақ күн» сияқты ауқымды қойылымдар өмірге келеді. Қазақ драматургиясы мен әлемдік классиканың озық үлгілерін сахна төріне шығару арқылы театрдың репертуарлық қорын байыта түспек.

Қорытындылай келгенде, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры өзінің 80-маусымын мазмұнды жобалармен, халықаралық деңгейдегі фестивальдерге қатысумен және жаңа премьералармен өткізбек. Бұл театр ұжымының ел мәдениеті мен қазақ театр өнерін дамыту жолындағы қажырлы еңбегінің, ізденісі мен табандылығының айғағы. Алда үлкен мерейтой – театрдың 80 жылдығы күтіп тұр. Сол мерейлі белесті лайықты қарсы алу үшін шығармашылық ұжым аянбай еңбек етпек. Мүсірепов театры – ұлттық өнердің мерейін үстем етіп, рухани құндылықтарымызды дәріптеуге табандылықпен күш сала бермек.

Тегтер: