Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:33

Ғ. Мүсірепов театрында «Қорғансыз» спектаклінің премьерасы өтеді

1

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры репертуары тағы бір жаңа қойылыммен толығатынын қуана хабарлаймыз. 5–6 наурыз күндері театр сахнасында «Қорғансыз» премьерасы көрерменге жол тартады.

 Қойылым Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Жетім», «Қорғансыздың күні» шығармаларының желісі бойынша сахналанған. Спектакльдің идеялық негізі қазақ руханиятының қос алып тұлғасы Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезов шығармаларынан бастау алады.

«Қорғансыз» - тағдыр тәлкегіне түскен жандардың жан айқайын, әділетсіздік пен қатыгездікке қарсы үнсіз күресін сахна тілімен өрнектейтін драмалық қойылым. Адам жанының нәзік иірімдері, қорғансыз күйдің психологиялық салмағы, қоғам мен тұлға арасындағы тартыс спектакльдің негізгі өзегіне айналған. Қойылым тек өткен дәуірдің шындығы емес, бүгінгі күннің де көкейкесті мәселелерімен үндесетін терең ойлы сахналық туынды.

Инсценировка авторы - Сағадат Ордашева.

Қоюшы режиссері және сценография идеясының авторы - Дина Жұмабаева.

Композитор - Аманжол Ержанұлы.

Хореограф - Анна Цой.

Қоюшы суретші - Айнұр Есболатова.

Трилогияға негізделген «Қорғансыз» қойылымы біртұтас көркемдік концепцияға құрылған. Спектакльдің музыкалық шешімі табиғи жанды әуенге негізделген, сахна төрінде төрт түрлі аспаптың сүйемелдеуімен орындалатын музыка қойылымның драматургиялық желісімен сабақтасып, оқиғаның эмоциялық қуатын арттыра түседі.

Қойылымда Қазақстанның халық артисі Лидия Кәден және талантты артистер Елдар Отарбаев, Аида Жантілеуова, Бақытгүл Серікбаева, Шұғыла Ешенова өнер көрсетеді.

 

Тегтер: