Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:11

Ғабит Сыздықбеков. «КӨТЕНШІ»

Ғабит Сыздықбеков
Фото: ашық дереккөз

Тақырыптағы сөзге таңданбай-ақ қойсаңыз болады. Өйткені бұған Сіз тұрмақ, Ғабит Сыздықбековтің өзі де өкпелемесе керек. Себебі сол, «Жеті атасын білмеген – жетесіз».

 Ал кейіпкеріміздің түп-тамырына «құлдилай» берсеңіз, Қоңырат ішіндегі Көтеншіге барып бір-ақ тірелесіз. Бұл дерек Wikipedia-дағы әкімнің өмірбаянында анық жазылып, тасқа басылған. Ендеше, «тасқа басылған» деректі қағазға көшірсек, оған кімнің қандай дауы болуы мүмкін? Тек бір ғана әттеген-айы бар. Шымкент әкімінің блогер Көпбаевпен «қосақталып» жүретін сәттеріне қарасаңыз, «көтенші» деген сөз басқа мағынаға ауысып кеткендей әсер қалдырады.

Сыздықбековті әкелген Көпбаев па?

Ғабит Сыздықбеков деген шенеуніктің бар екенін жұрт Шымкентке бас болғанда ғана білді. Әйтпесе оған дейін бұл кісі туралы көп мағлұмат айтыла бермейтін. Әкімнің креслосына қонжиғанда, әлеуметтік желі ию-қию болып, мақтау-мадаққа толып кетті. Соның бір парасы – «Ақыры Шымкент қаласын Шымкентте туған адам басқаратын болды-ау» дейтін лепес. Кім біледі, бұл жағы рас та шығар. Бірақ Ғабидолла Әбдірахымов пен Мұрат Әйтенов те Шымқаладан онша алыс емес-тұғын. Ғабидолла – Сарыағаштың, Мұрат – Жетісайдың түлегі. Сонда Шымкентті осы қалада туған адам басқарса, шаһар гүлденіп сала бере ме? Бұл жағын енді қала тұрғындары білетін болса керек, бір анығы, Сыздыбеков атқа мінгенде, блогерлер ақпаратты «гүлдендіруге» жандарын сала кірісті.

«Қымбатты менің шымкенттіктерім, Сіздерді жаңа әкімдеріңізбен құттықтаймын! Мен қуаныштымын, өйткені ол біріншіден, сымбатты. Екіншіден, ол 1980 жылы туған. Үшіншіден, ол дипломат, миллион тіл біледі. Тура Қасым-Жомарт Кемелұлы сияқты. Тек кішірейген нұсқасы, мысалы, мына жақта – 30 мл флакон, ал мына жақта – 150 мл. Міне, ақырында қаламыз гүлденетін болды. Енді бәрі өркениетті, мәдениетті болады», – деген еді, «мәйкішең» сөйлеген «мәдениетті» блогер қыз – Диана Идрис.

Дегенмен Диананың құлағына Сыздықбеков сыбырлады деуден аулақпыз. Бірақ оның әкім мен президенттің «ұқсастығын» аңғарып, оны флаконмен «өлшеуі» – өзге блогерлердің де бойына желік бітірген түрі бар. Мысалы, көпшілік жақсы білетін Бақытжан Көпбаев Шымкентке жаңа әкім келгенде өзін-өзі «ұстай алмай» қалған. Ұстай алмай қалғаны сол, әлеуметтік желіде бейнемәлімдеме жасап, «Сыздықбековті Тоқаевтан мен сұрап алдым» деді: «Бұл сөзді мен 13 мамырда айттым, сол жерде мен президенттен сұрап тұрмын. «Президент Тоқаев мырза, менің президентім, жаныңызда жүрген Ғабекеңді жіберіңізші, бізге әкім болсын, көрейік» деп. Әкімді мен сұрап алып отырмын, аха-ха-ха! Қәне, «Ғабекең келсін, әкім болсын» деп айттыңдар ма, біреуің?! Бір адам ең болмаса айтқан болса, айтты деп көрсетсінші, қане! Менен басқа ешкім айтқан жоқ. Сәуірден бастап Әйтеновті кетіру үшін жүйелі жұмыс жасадық. Қаншама адамды ұстатқыздық. Осының бәрін істеген командаға рахмет!...».

Кімді кімнің ұстатқанында біздің шаруамыз жоқ. Бірақ блогер Көпбаевтың осы сөзінде әкімнің басына қамшы боп тиюі ықтимал үлкен «бәле» бар еді. Өйткені блогерге сенсеңіз, ол Сыздықбековті президенттің өзінен сұрап алған болып тұр. Сонда Шымкенттің блогері Ақордаға да айтқанын істететін болған ба? Әлде президент аймаққа әкім таңдаса, Көпбаевпен ақылдаса ма? Қып-қызыл бәле ғой, құрсын! Сондықтан Сыздықбеков креслосына жамбас нықтағаннан кейін Көпбаевтан алты шақырым аулақ жүруі тиіс еді. Аулақ жүргеніңіз не, әкім мен блогер ажырамас досқа айналды. Шымкентте қалай екенін кім білсін, Астанаға барғанда екеуінің арасынан қыл өтердей «қуыс» қалмады. Бұған енді бөлек бөлім арнамасақ, Көпбаевтың қылықтары мен қызықтары көптік қылғалы тұр.

Брифингтегі «көтен иіскеу»

Обалы не керек, бұрын Бақытжан Көпбаев дейтін журналист халықтың көзіне жылы ұшырап тұратын. Себебі оңтүстіктегі былық-шылықты «оңды-солды» әлеуметтік желіге жүктейтін дәл мұндай жүрдек журналист болған емес. Мәселен, бұл кісі 2023 жылдың мамыр айында Шымкенттен орман «іздеген». Орман іздегенде, қу далаға қарап тұрып: «Құжат бойынша осы жердің бәрі – орман. Ой құдайым-ай...», – деп ішек-сілесі қатып күлген. «Орманды өрттен сақтаңыздар!» деген жазуы бар тақтайшаны нұсқап тұрып күлгенде, ішегі түйіліп қала жаздаған...

Бір есептен, мұнысы дұрыс. «Жеп қойды, жеп қойды» деп жылай бергенше, арасында күліп тұрғанның несі ерсі? Бір қызығы, Шымкентке Сыздықбеков келгеннен кейін Көпбаев күлкіні доғарды. Бүкіл қаладан күлетін нәрсе таппады ма, әлде «күлсем, өзім «сұрап алған» әкімге зияным тиер» деді ме, әйтеуір өз бойына үйлеспейтін салмақты қалыпқа енді. Тіпті Шымқаланың жұрты байқамаса, республиканың халқы Көпбаевты «жоғалтып» алған. Сөйткен, блогер Сыздықбековтің Астанадағы брифингінде «жарқ ете» қалды ғой.

Дәл осы сәтті көргендер ұяттан өртеніп кете жаздады. Өйткені журналистер мен әкімнің арасына киліккен кісінің әрекетін сау адамның ісіне жатқызу қиын еді. Дап-дардай басымен «10 минут қалды, 10 минут қалды» деп жандалбасалап, әкімді алып кетпекке ұмтылған Көпбаев журналистерден сөз естіді. «Бұл кім? Бұл сізге кім болады? Айтыңызшы, өтініш! Бұл цирктің әртісі кім?», – деді ашынған журналистер. Кім екенін айтқысы келмеді ме, әкім үндемеді. Біздіңше, саясаткер Сыздықбеков осы жерде аздаған қателік жіберді, негізі. «Бөтен емес, бұл да көтенші ғой» дей салса, әңгіме бітіп еді. Көтенші ме, көтенші емес пе, оны кім тексеріп жатыр дейсіз. «Ее онда әкімдікте істейтін біреу шығар...» деп ойлар еді, журналистер. Әкім үндемегеннен кейін журналистердің де зығырданы қайнады. «Сіз шенеуніксіз бе?», – деді әріптестеріміздің тағы бірі. «Иә, бұрынғы шенеунікпін. Жүріңіздер, сұхбатты мен берейін», – деді не көтенші, не көтенші емес екені белгісіз блогер. Мәселенің ушығып бара жатқанын сезді ме, әкімнің өзі араағайындық жасады. Егер сол кездегі видеоны тауып алып, тағы бір тыңдасаңыз, әкімнің: «Неғымай-ақ қой, мына жерде», – дегені анық естіледі. Ал «неғымай-ақ қой» деген не сөз? Басқа жерде болатын «неғу» бұл жерде неге болмайды? Блогердің кім екені белгісіз болғанындай, бұл тағы да жұмбақ болып қалды.

Қысқасы, осы оқиғадан кейін Көпбаевтың қадір-қасиеті көктен жерге бір-ақ түсті. Залалы әкімге де тиді. «Шымкенттің басшысы құзыретінің жартысын блогерге бөліп берген бе?» дегендер кездесті. Оны айтасыз, «Осы Көпбаев-ақ сүмең-сүмең етіп, көтеншінің «көтенін иіскемесе», жүре алмайды екен» деп налығандар да табылды. Мұндай ащы сөздің айтылуына сол жиындағы Көпбаевтың микрофонға айтқан мына мақтауы да әсер етті деп ойлаймыз:

«Ғабеке, біздің Шымкент сіз келгенге дейін үлкен ауыл сияқты дамып бара жатқан. Тұрғындар «қаламызды көркейтіп, еңбек сіңіріп жатқан әкіміміз ертең басқа жаққа кетіп, біз жетімсіреп қалмаймыз ба?» деп қорқады. …Сізді әкім етіп тағайындағаны үшін Аллаға және президентке рахмет!»

Енді осындай күмпілдеткен мадақ Сыздықбековке керек пе? Сыздықбеков кетсе, Шымкент халқы жетімсіреп қалардай, қала жұртын әкім асырап отыр ма? Жалпы, Астанадағы есеп беру жиынына жылпылдаған біреуді ертіп бару не сән?! Бұл енді біздің ойымыз ғой, анығын әкім мен досы біледі!

«Әкім емес, блогер деу керек!»

Қосақталған екі дос Астананы шулатардан бір жыл бұрын Шымкенттегі белсенді Айгүл Орынбек осылай деп «қойып» қалған. Мұның не сөз екенін ол кезде көпшілік түсінген жоқ. Әйтеуір ана жерден де, мына жерден де Сыздықбековті мақтаған бейнежазбаларды көрген соң, белсендінің қан қысымы көтеріліп кеткен сияқты: «Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің видеоларын көріп, бұл адам әкім емес, блогер бола салу керек еді деп отырмын. Кімнің сайты екенін жарнамаламай-ақ қояйын, «жағымпаздықтың шегі жоқ» деген осы шығар», – деді ол.

Бірақ біз белсенді айтты екен деп әкімді блогермен шатастырмаймыз. Есесіне, тақырып іздеген блогерлерге қала басшысы «тамызық» тастап қойғандай әсер қалдыратыны рас, кейде. Мысалы, Сыздықбековтің Шымкентке келгеніне 4-5 ай болғанда, Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарған Азат Момынов ұсталды. Ұсталғанда, әкімнің өзі жиналыс үстінде: «Арамызда сатқындар бар... Осы жерден алып кетіңіздер», – деді. Алып кететін кісілер де есіктің ар жағында дайын тұр екен, топырлап келді де, Момыновты жетектеп әкетті. Жиындағы шенеуніктер бір адамға қысқарып, есік қайта жабылғанда, Сыздықбеков: «Әріптестер, кешіріңіздер, менің уже басқа амалым қалмады...», – деді.

Бір есептен, әдіс – мықты. Сол сәттегі видеоны қарасаңыз, шенеуніктердің көздері бақырайып кеткенін байқайсыз. Енді бір есептен – қызық. Қызық болатыны, «амалым қалмады» деген сөзді қалай тәпсірлеуге болады? Момынов қой дегенге қоймаған ба? Оған әкім ұзақ ескерту жасап шаршаған ба? Әлде көп жемқорды қорқыту үшін біреуін құрбандыққа шалып жіберген бе? Бұл – біріншіден.

Екіншіден, қылмысы дәлелденіп, айыбы мойнына қойылмаған адамды «алып кетіңдер» деу қаншалықты қисынды? Осыдан кейін қол астындағылар не ойлайды? Ақша жесек – құрыдық дей ме, әлде әкімнің көңілін таппасақ – біттік дей ме?

Үшіншіден, егер бәрін әкімнің өзі анықтап, қаттып-шоттап беретін болса, Шымкентке полиция мен соттың не керегі бар..?

Тағы бір жерде кейіпкеріміз халықпен кездесіп тұрып, қасындағы полицейге ұрсып-ұрсып тастаған. Камераның «көзіне» ілікпей қалмаса, ашуланатын түк те жоқ сияқты. Алдындағы көптің арасынан бір әйел: «Бізге покой жоқ...», – деп шағымын айта бастағанда, оң жағына кілт бұрылған әкім: «Ей, даусыңды көтермей сөйле, қалай-қалай сөйлейсің?! Бар, ар жаққа! Жақындамасын. Ары тұр!», – деп полицейге зеки жөнеледі. Әкімнің қасындағы полицейде не пәрмен болсын, ары тұр десең – ары, бері тұр десең – бері тұратын кісі ғой ол. Дегенмен дәл осы сәттегі әкімнің ашуы көпке ұнамай қалды. «Не деген дөрекі сөйлейді, әйелімен ұрысып шыққаннан сау ма?», «көптің көзінше, онысы несі?» деп таңданғандар көп болды.

Әйтсе де, біз таңданған елмен қосыла таңдана бергіміз келмейді. Өйткені айтатын жерде айтып, ұрсатын жерде ұрыспаса, оның несі әкім?.. Бірақ осы айтылғандар блогерлер «көтеретін» тақырыпқа «тамызық» болуға жарай ма, жарамай ма? Мұны енді өздеріңіз екшеп алыңыздар, ал біз ары қарай кеттік.

«Үндемес»

Мұндай ныспы кейіпкерімізге әкімдіктің алдында оқ атылған соң таңылған. Шындығында, бұл Қазақстан тарихында болмаған сұмдық еді. Анау-мынау емес, мегаполис әкімінің орынбасарын ату дегеніңіз – үш ұйықтасаң, түсіңе кірмейтін оқиға. Алдымен Шымкент, сосын бүкіл республика халқы дүрлікті. «Үш рет оқ атылған», «Руслан Берденов ауруханаға түскен», «Мылтық атқан адам да әкімдікте жұмыс істеген» деген секілді ақпараттар сағат санап жаңарып жатты. Оған енді «тапсырыс болуы мүмкін», «қызғаныш себеп болған ба?» деген сынды жорамалдар қосылды. Кейін сотта айыпталушы Ернар Жиенбай айды аспанға шығарды. «Ең қызығы, менен осы істі біреудің бұйрығымен жасадым деп көрсетуді сұрады. «Әкім өзінің орынбасарын «тапсырыс» беріп өлтіртпек болды» деген жалған нұсқаны айтқызғысы келді», – деді. Былай қарасаңыз, масқара сөз!

Міне, осы кездерде әріптестеріміздің бәрі Сыздықбековтің есігін аңдыды. Бір ауыз комментарий алуға тырысты. Бірақ кейіпкеріміз көзге түспеді, мәлімдеме жасамады. Шымкенттің бас кабинетінде «құлаққа ұрған танадай» тыныштық орнады. Ең құрса, қасынан қалмайтын Бақытжан Көпбаев та «жүріңіздер, сұхбатты мен берейін» демеді.

Естеріңізде болса, бұл – Жиенбайдың ісін қараған судья журналиске тілін шығарып, ақпараттық әлемді ары-бері «шайқап жатқан» тұс қой. Ал білетіндер «Сыздықбековтің «тілге келетін» уақыты әлдеқашан болған» деп есептейді. Бұл не сөз? Кейіпкеріміз Үкімет Аппараты басшысының бірінші орынбасары деген қызметін өткізіп беріп, Шымкентке келгенде, журналист Дмитрий Шишкин жаңа әкімге қатысты зерттеуін жариялаған. Бірақ «жердің астындағыны білетін» журналист шенеуніктің өзіне қатысты мардымды ештеңе таппапты. Есесіне, Сыздыбековтер әулетіне «сыздықтап» құйылатын табыстың көздерін көрсеткен. Міне, «Жаңа әкімнің әкесі тәп-тәуір бай екен» деген сөздер алғаш рет осы тұстарда айтылды. «Әбдімәжит Сыздықбеков «Отырар Агро», «Мерей М», «Бестораңғыл», «Отырар Групп ЛТД» серіктестіктерінің иесі» дейді Шишкин. Оның бірі 2015 жылдан бері – 63,5 млн, енді бірі – 67,7 млн, тағы бірі – 58,9 млн теңге салық төлеген. Яғни, табысы жаман болмаған. Жоғарыда аталған компаниялардың соңғысы ғана құрылыс-монтаждау жұмысымен айналысса, қалғандары аграрлық салаға маманданса керек. «Отырар Агро» серіктестігінде 4 мыңға жуық қой болған» деген мәлімет осы зерттеуде айтылды.

Қой көбейген соң, қора-қопсы, жем-шөп қажет болары белгілі. «Отырар Агро» құдық қазуға субсидия алып, құдықтың суы «дәмді шығып», кейін екінші құдық қазуға субсидия сұраған ба, бірдеңесі бар. Осы кезде жергілікті билік пен кәсіпкер келісе алмай, сотқа сүйрелессе керек. Екі компаниясы арқылы да соттан төрелік іздеген Әбдімәжит Сыздықбеков жеңіліп қалғанға ұқсайды. Ал бұл кездерде біздің кейіпкеріміз Сыртқы істер министрлігі мен Сенатта жүрген еді. Осы мәліметтер баспасөз бетін шиырлап бітіп, жұрттың көкейіне бекігенде, «Ғабит Сыздықбеков бірдеңе деуі керек еді» дейтіндер бар. Біздің халық та қызық қой, бірдеңе дегенде, не дейді? «Мен сол кезде әкім болсам, әкем сотта жеңер еді» дей ме? Қысқасы, «Сөз емес сөзді кісі емес кісі айтады» деген – осы. Бұған енді «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген мәтелді қосыңыз. Кейіпкеріміз ОКҚ-де өткен есеп беру жиынында Берденов ісіне де, әкесінің бизнесіне де қатысты сұрақтарға «әкесін танытып» тұрып жауап берген. Бұдан артық не керек енді?

Әлде «әкімнің тәп-тәуір жауабы Көпбаевтың көлеңкесінде қалып қойды ғой» дегіңіз келе ме? Олай дегіңіз келсе, өзіңіз білесіз... біз Көпбаев үшін жауап бере алмаймыз.

Әкім жетпеген «б» нүктесі

Шымкенттік блогерлерді «Бәрін айтқанда, істеген шаруа, тындырған жұмысына қатысты бір ауыз сөз неге айтпаған?» дегізбес үшін бұл мәселеге де бір бөлім арнайық. Өкінішке қарай, кейіпкеріміздің атқарған жұмысы да жұрттың бәрінің бірдей көңілінен шығып жатпаған сияқты. Мысалы, Ғабит Сыздықбековтің әкім болғанына екі жыл толғанда, Ulysmedia.kz сайты көлемді мақала жариялаған. Ондағы деректерге қарасақ, жасыл желекті шаһар су тапшылығынан зардап шегіп жатқан. Кезінде педагог әрі қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшесі Өмір Шыныбекұлы «жасыл оазис атанған Шымкент көз алдымызда қурап барады» деп дабыл қағыпты. Әрі Сыздықбеков әкім болғанда, көрші облыстан келетін тау бұлақтарын тиімді пайдалану жөнінде ұсыныс айтса керек. Кейіпкеріміздің қолы тимеген бе, әлде «ел аман, жұрт тынышта ағаш қурағаны несі?» деп мәселені дұрыс түсінбеген бе, әйтеуір сол түйткіл әлі күнге шешімін таппаған.

Жемқорды жиналыс үстінде ұстатып жіберетін әкім білім саласындағы былықты неге шеше алмай жатқаны түсініксіз. Әлгі мақалада қала бюджетінің 45 пайызын білім саласы «жұтып» қоятыны айтылған. Өмір Шыныбекұлы мұғалімдердің жалған сертификаттары мәселесін көтерсе, оған әкімнің өзі де қосылған секілді. Тіпті бірде әкім осындай «жалған» құжатпен жұмыс істеген 800 педагог бар екенін мәлімдепті. «Бірақ «а» нүктесінен «аттанған» әкім «б» нүктесіне бармады, қоғамға кінәлілерді жазалау туралы ақпарат жетпеді» деген сыңайдағы ой айтады әлгі портал.

Кейіпкеріміз «б» нүктесіне жетпесе, бір себебі болған шығар. Жетем десе, «нүктетанушы» блогерлердің «жол нұсқап» жібереріне сенеміз. Бірақ біз сенгенмен, қала жұрты сенбейтін тағы бір мәселе бар. «Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде сөз қозғалса болды, Ғабит Сыздықбеков бар шаруаны бір өзі тындырғандай шалқақтап шыға келеді» дейді, кейбіреулер. Неге? Өйткені жаңа әуежай терминалының құрылысы аяқталған, теміржол вокзалы қайта жөнделген, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салынған, Оқушылар сарайы пайдалануға берілген, мини-футбол орталығы мен спорт кешені де салыныпты. Оған енді Оңтүстік айналма жолы және екі ірі көлік айрығы пайдалануға берілгенін қосыңыз.

Мұның енді несі жаман? Жаман емес, жақсы. Алайда кейіпкеріміз ауыз толтырып айтып жүрген бұл шаруалардың дені Мұрат Әйтенов пен Ғабидолла Әбдірахымовтың тұсында басталып кеткен екен. «Бір басталып, енді бірі орталанып, кейбірі бітуге тақағанда Сыздықбеков сап ете қалды» дейтіндерге не жауап айтатынын әкім мен оның айналасындағылар білетін шығар.

Түйін

Ғабит Сыздықбеков – Сербияда елші болған, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін де атқарған. Ал Елші дегеніңіз – ел мен елді жақындастырып, жұрт пен жұртты жұғыстырып жүретін адам. «Міне, сондай кісі «мен бәленмін» дегендей қылмай, өмірбаянындағы «анау-мынауды» сылып тастаса, неғылар еді?» деген бір сауал туған. Алайда бұл таңданатын нәрсе емес екен. Естеріңізде болса, депутат Ерлан Саиров қоғамда белең алған «рушылдық» мәселесін көтеріп, премьер-министрдің атына сауал жолдаған. Ақырында, «Руың кім?» фильмі прокаттан алынып тасталды. Осы кезде «Депутаттар енді рушылдықпен шындап күреседі екен, Мәжілістегінің бәрі бір атаның баласындай болады екен» деген сөз тараған. Кім біледі, солай болса, солай да шығар. Бірақ қазір кімнің қай рудан тарайтынын елден сұрап жатудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені Wikipedia-дағы өмірбаяндары Еділ Жаңбыршинді – «Адай», Мұрат Әбеновті – «Найман», Айдос Сарымды – «Байұлы» дейді.

Соған қарағанда, Ғабит Сыздықбековтің де «Көтенші» болып тұра бергені дұрыс шығар дейміз, Сіз қалай ойлайсыз?..

Сансызбай НҰРБАБА