Ғаламдағы адам

Джо бұл сапардан кейін ұзақ емделді. Марсқа барып қайтқалы жан адамға жолатпай дәрігерлердің күндіз-түні бақылауында болды.
Сүйектері былқылдап, сәл оқыс қозғалса, сырт етіп сынып кететінін, ал буын-буынын ұстап тұрған сіңір-тамырлары жұқарып, сары етке айналып, бырт-бырт үзіліп түсетінін, егер бұл тыныштық сақтамаса ғұмыр бойы арбада отырып қалатын мүгедектік күтіп тұрғанын қайта-қайта құлағына құйды.
Аумағы ат шаптырым бұл әскери құпия госпиталь қалың ағаш ішінде, сырт көзден жырақ, қаланың у-шуынан аулақта. Арнайы күзет биік қамал қоршауға жан адамды кіргізбейді.
Тек бір аптадан кейін ғана әйелімен жолықтыруға әзер рұқсат берді.
Үстінде көкпеңбек тұтас комбинизон-халат киіп, бетіне бетперде тағып келген Лияны тек дауысынан ғана таныды.
— Джо, бүкіл теледидар, журналистер шулап жатыр. «Марстың бетінен руда әкелген ғарышкер ерлігі ғажап! Бұл ғылымдағы, ғаламшардағы құбылыс, жаңа дәуір басталды» – деп таңданып, таңғалуда, – деп шалқасынан жатқан күйеуінің жанындағы орындыққа отырды.
– Роза қызым қалай?
– Оқып жүр, мінезі өзгеріп барады, ашуланшақ, менімен ұрысады.
– Өтпелі кезең – биыл он үшке толады, ә? Сағындым Розаны.
– Джо, аман-сау келдің-ау… Айтпақшы, марстың топырағы қандай
болады екен?
– Борпылдақ күйген күл секілді, қатқан жаңартау орындары
кездесті.
– Ойпырым-ай, солардың бәрінен әкелдіңдер ме?
– Әрине, әртүрлі жерінен арнайы қазып, үңгіп алуға тура келді.
– Сонда қанша топырақ әкелдіңдер?
– Екі жүз үш килограмм деп есептепті ғой.
– Құрамында не бар екен? Байқамадың ба?
– Білмедім. Біз тапсырмаға орай әр-әр жерінен сындырып, опырып,
қазып арнайы жәшіктерге салып, қай арадан алғанымызды жазып, белгілеп отырдық.
– Сен шынында да нағыз батырсың.
– Иә, титтейімнен ғарышкер болуды армандадым ғой. Бұрын жерді
айнала бір ай ғарышқа ұшқаным түк емес екен. Мынау басқа әлем, бөтен планета. Марстың үстіне қонып, бетін табаныммен басқандағы сезімім тіпті басқаша… Керемет әсер! Жерден сан құбылып көрінетін Марс келбеті анда мүлде бөлек. Оны тек көруің керек!
Палата есігінен тұмшаланып оранып алған екі ер дәрігер кірді:
— Уақытыңыз бітті, ханым. Ары мазаламауыңызды өтінеміз, – деді.
Ұзынтұрасы көзілдірігін түзеп. – Тіпті ешкіммен әзір кездесуге рұқсат жоқ еді, тек сізге ғана он минутқа әзер келістік.
— Ұшар алдында екі ай карантинде болып, түріңді көріп, жолыға алмадым. Енді қанша уақыт болады осылай. Қызың әбден сағынды.
— Ғарышкердің денсаулығы өте мықты, тез оңалуда. Екі ай
емдеу, бақылаудан кейін тұрып кетеді.
— Джо, тез сауық! – деп келіншегі көк қолғап киген қолын көтерді.
Дауысынан ынтыққан леп байқалады, ұзақ кездеспей жолыққан сәтте ішкі әлемінен осындай булыға үздіккен әсем назды үн шығарар еді. Құшақтап аймалап сүйгенде де, түнде төсекте оттай еріп, сағыныш табын басар сәтте де ыстық сезімді жан-шуағы асқақтай төгіліп барып тоқтайтын.
Лия бұрала басып шығып кеткенде көк комбинизон ішіндегі келіншегінің көркем мүсіні көз алдында көлбеңдеп, көкейіне тұнып қалды.
Өзінің жан жарымен міне үш айдың жүзі болды, кездесе алмады. Былай қарасаң, Марсты бағындырған қаһарман – нағыз бақытты адам. Бірақ қол-аяғы шырмаулы, жалғыз тал қызы мен әйелін көрмей, үйден безіп, осы бір даңққа құмартып, бәрін тәрк етті ғой...
Күнделікті отбасы қасында, әйелімен шүйіркелесіп, бірге жүріп, бірге тұрып жайбарақат тіршілік етіп жатқан ерлі-зайыптылар қандай бақытты десеңізші!
Ой қамалап, бозарған палатада сарыөзек боп жатқан ғарышкер дақпырты бүкіл жер шарын дүрліктіріп, фотосуреттері теледидар мен газеттерден түспеді.
***
Екі ай жабық әскери госпитальда, бір ай әлемдегі ең атақты шипалы санаторийде күш жинап, емделіп оралған Джоны президент қабылдап, марапаттап, кеудесіне орден тақты.
— Шын батыр сын үстінде танылар. Сенің батылдығың мен ғаламат
ерлігің адамзат тарихында қалады. Не тілегің бар? Қаһарман сенің айтқан өтінішіңді орындаймыз, – деді ол сүйсіне қарап.
— Менің мамандығым микробиолог, әйелімдікі – геолог-минеролог
ғалым. Айдан алып келген руда-топырақты зерттейтін лабораторияда істеуге рұқсат берсеңіз, – деді Джо отырған орнынан түрегеп. Лия да талшыбықтай бұралып, сызылып бірге тұра қалды.
Шешімді тез қабылдайтын қырым еті жоқ ұзын Президент жандарына келіп:
— Джо, сол лабораторияға сен бастық боласың, келіншегің бірге істейді. Біз Марстың асты-үстінде не барын, қандай құпия қазыналар жасырынып жатқанын білуіміз керек. Алып келген сол топырақ, құм-тастың бір түйіріне шейін талдап, қарап, зерттеп, өте құпия ұстап, маған хабарлап тұрасыңдар.
Үйлеріне келісімен Лия жайраңдап кетті.
– Міне, мен саған айтқан тілегім қабыл болды. Марстан әкелгеніңді
жүйелеп, сұрыптап, терең зерттеуіміз керек. Менің өмір бойғы арманым еді… Рақмет саған, Джо, – деп еркелей мойнына асылды.
– Бүкіл ел, күллі әлем қарап, күтіп отыр. Ғарышкер Джо Марстан не әкелді, ол қандай зат, құрамы қандай, жерден айырмасы бар ма? Әлі талай жаңалық ашамыз, құбылыс жасаймыз… Сен ең әйгілі ғалымдарды ірікте, бұл саланы зерттеуді тұңғыш біз қолға алып отырмыз. Аузын аштырып, таңдай қақтырып, қыр-сырын біз зерттеп, зор жаңалық ашамыз, – деп ерлі-зайыпты екеуі мәре-сәре болып, рестораннан тамақ ішті.
Жәй ғана ғылыми-зерттеу лабораториясы дегенімен биік қоршау ішінде ерекше күзетілген, бөлек-бөлек корпустары бар кішігірім микроаудан тұтасымен Джоның қарамағына берілді. Әр қызметкер қатаң тексеруден өтіп, арнайы рұқсат қағаз бойынша ғана кіріп-шығады. Ал Марстан әкелген қоспамен жұмыс істейтіндер осы қоршау ішіндегі үйлерде тұрып, тек демалысында ғана сыртқа шығуға рұқсат берілді.
Лия қуаныштан қауынша жарылардай жүзі балбұл жанып, лабораториядан шықпай, микроскопқа үңіліп, әр жерден алынған рудаларды кезек-кезек зерттей бастады. Аты аспандап тұрған Джоның түрлі шақырулардан, кездесулерден қолы босамайды. Бәрі ғарышкерден «ғажап» сапары туралы сұрайды, теледидар, журналистер соңында қаптап жүреді. Бармаймын, – десе басшылары: «Баруың керек, халық Қаһарманын біліп-тану керек» деп бұйрық беріп, бойбермей жібереді. Лабораторияға анда-санда бас сұғады, симпозиум, форум деп әлемнің түкпір-түкпірін аралап, сөз сөйлеп, сұхбат беруден қолы басамайды.
Бар жаңалықты жұмысқа біржола кіріп, құмарлана кірісіп кеткен келіншегінен ғана біліп отырады.
Баспасөзде «Әкелген руда құны қанша тұрады?» деген сауал қаптап қойылып, жан-жақтан 100, 200 миллион деген жауаптар жарияланып, бәрі бұл не деген қымбат құнды дүние деп дүрлікті.
Шашы жидіп түсіп, тек желкесінде ғана қос уыс ақбозданған түк
қалған кәужіреген шал академик:
–– Шіркін, Фишердің зертханасы сияқты болса ғой, – деп қалды.
– Онда не бар?
– Онда бәрі бар. Оның әкесі бүкіл жеті атасынан бермен қарай жер
Қыртысын зерттеп, минерологиямен айналысатын, өте бай алапат отбасы. Дүниежүзінде не жаңалық, қандай кибернетика техникалар шықты бәрін сатып алып, жинап отырған күшті ғылыми-зерттеу орталығы бар.
Лия Фишердің аты-жөнін естіген, сыртынан жазған мақаласы, кітаптарына қанық, жүзбе-жүз көрмеген еді. Осы аңыз адамға компьютер поштамен хат жазып, кездесуді өтінді. Ұзамай одан көптен күткен жауап келді. Елдің екінші шетіндегі оған тікұшақпен толқыған мұхит үстінен ұшып, жайқалған жасыл орманды аралға келіп қонды. Селкілдеген қария шығар десе, даңқы аспандаған минеролог-ғалым Фишер елуден жаңа асқан тіп-тік, жігіт ағасы болып шықты. Бұл үлкен арал сыртынан қалың ағаш көмкерген тып-тыныш орман секілді көрінгенімен арнайы күзетілетін үлкен музейі, зертханасы бар кішігірім қалашық.
Шіркін-ай, музейде не жоқ десеңізші: аспаннан құлаған метеориттер қалдығы, жанартаулар атқылап шығарған қоспа, жер қыртысынан табылған неше түрлі топырақ, құм қиыршықтары, тастар, түрлі геологиялық зерттеулерден табылған сирек қазбалар: бәрі-бәрі арнайы оқ өтпес шыны әйнек астында жайнап жатыр. Тетікті бассаң болды әрқайсысы жайлы мағлұматтар компьютерге жазылып шыға келеді.
Фишер қайта-қайта Лиядан Марстан әкелінген қоспа топырағы жөнінде сұрай берді.
– Болашақта осы музейде басқа планетадан әкелінген заттар да қойылатын болады. Ал лаборатория әлемнің ең мықты ғылыми техникасымен жарақтанған, ғұлама ғалымдарға сұраған айлығын беріп, бар жағдайды жасап, зерттеулер жүргізудеміз. Фишерлер әулеті осы жердің асты-үстін зерттегенде тапқан жаңалықтарын сату арқылы миллионер болып отыр, – деп істеліп жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Қайран қалып, қайтып келген соң, өзінің тұрған үйін аралап бір көріп, терең ойға кетті. Қашаңғы осы бір үш бөлмеге қамалып өмір сүреді? Қалған ғұмырын Фишер секілді қала сыртынан жеке екі қабат үй сатып алып, өздері үшін жайбарақат тіршілік етсе қайтер еді? Осы бір ой сумаң етіп миына кіріп, жанын жеп, басын шыр айналдырып, бір сәт есінен шықпай тұрып алды. Алғашында өзінен-өзі шошынды. Мың-миллион жан көз тігіп қарап отырған Марстың өзінен арнайы қаншама мехнатпен алып келген бұл құнды дүниені қалай алып шығады? Қанша жымын білдіргісі келмегенімен түбі белгілі болса, бұл өте ауыр қылмыс, қалған ғұмыры түрмеде өтеді ғой.
Ал кейде тәтті үміт жетектеп, әдемі қиялдар биігіне шарықтатып әкетеді. Алақанында тұрған мол байлықтан қалай ғана ажырап қалады? Бір-ақ рет берілетін бұл ғұмырында елден жырақ шығып көрмепті, әлемнің сан түрлі жерлерін аралап, қызығын көріп, тамашаласа қайтеді? Түрлі күдік пен үміт сапырылысып, ойы сан-саққа жүгіреді.
Лия жасынан алғыр, бірбеткей болып өсті. Жұлқынып, ғылымның түбіне жетпей қоймаймын деп геология-минералогия қызықтырып, тау-тас кезіп, жер үңгіп жүретін салаға аңсары ауды да тұрады. Жасынан әр тас, әр құмды, бір түйір шаң-топыраққа дейін микроскоппен қарап, том-том кітап ақтарып, ғылыми тұжырымға бейімделген жазған еңбектерін шетел оқымыстылары да мойындап, көзге түсті.
Орасан зор мекеме-ғарыш орталығы қызметке шақырғанда қуана келісті, сол жерде сымбатты Джомен танысып, үйленді. Джо да геолог әрі спортшы, кибернетика мен информатиканы шемішкеше шағатын жас ғалым. Ғарышқа ұшып, астронавт болып келісімен оны бөлек, ерекше дайындыққа алып кетті.
Бірге әзірленген бірнеше жандардан Джоның жұлдызы жанып, Марсқа ұшты. Жәй ғана барып қайтқан жоқ, әлемді дүр сілкіндіріп, басқа планетадан мол олжа алып қайтты.
Марстан алып келген он жәшік аса құпия радиация, микроб өтпейтін, бес қабат жер астында сақтаулы. Әрқайсында 20 киллограмм топырақ салынған Марстың қай жерінен алынғаны жайлы дерегі жазылған сандықшаларды алып көруге – үш-ақ адамның құқы бар. Күйеуі, өзі және ғарыш аймағы бастығы.
Джо мен Лия үстіне скафандр киіп, әр жәшікті ашып, бір-бір уыс қана алып, лабораториялық зерттеу жүргізуде.
Лияның санасына кірген ой вирустай шырматылып, үдеп, күндіз-түн маза бермеді. Адамды апатқа алып баратын, тамұқ дарбазасы – ашкөздік. Арам ой у ішкізеді. Пенденің түбіне жететін сор – қорқаулық. Бұл жазылмас дерттің дауасы жоқ. Озбырдың көзі тоймайды.
Ақыры Фишерге қайта баруға тәуекел етті.
– Лия ханым, сіз тез келіп кетпеңіз. Асықпай қонып, бәрін көріп қайтатын болып келіңіз, – деген оның өтінішіне қарсы бола алмады. Бұл талайды көрген миллионердің не ойы бар? Аралды аралап, құпия лабораториямен танысып шыққанша күн батты.
– Лия ханым, шаршасаңыз демалыңыз – деп, миллионер қолын
шошайтып, қоштасу рәсімін жасады.
– Сәл, бір минутқа кідіріңізші… Сізбен ақылдассам деп едім.
Марстан әкелінген қоспаны сізге сатуға ұсынсақ қалай дер едіңіз?
Сыртқа беттеп бара жатқан ол қалт тұра қалып, тұтас бұрылып:
– Ол өте құпия, құнды зат, мемлекеттікі ғой, – деп жан-жағына алақтай қарады.
– Білемін. Бірақ сізге арнап, жан адамға сездірмей әкеп берсек...
– Өте қиын жағдай. Білесіз бе, ауыр қылмыс, басымыз кетеді, – деп
тұнжырап ойланып тұрды да – Егер нартәуекел десем қанша бере аласыз, бағасы қандай болады?
– Сізге қанша керек? – деп, Лия төтесінен кетті.
– Үш, тіпті сәті келсе бес килограмм болса зерттеуге толық жетер еді, шіркін...
– Бағасын айтсам ол өте құнды, бір килосы екі жүз мың доллар деп
шулап жүр ғой журналистер.
– Олар жаза береді. Мұндай іске бәс тіккен соң, аянуға болмас. Бес килограм әкелген күні бір миллион доллар аласың. Келістік пе?!
– Келістік!
— Тек, өте сақ болыңыз, бұл жайлы бір адам білмеуі керек.
– Жан баласына сездірмеймін. Тіпті күйеуіме де айтпаймын.
– Өте қиын нәрсе. Жақсылап ойланайық. Ал жақсы демалыңыз, – деп миллионер террасадан түсіп, мүлгіген қалың ағаш арасына сіңіп көрінбей кетті.
***
Мұхит толқындары арал жағасын әлсін-әлсін ұрған бірсарынды шолпылы жанды әлдилейді. Салқын суға түсіп, енді рахаттана ұйықтармын-ау деген еді, қилы-қилы қиялға беріліп, кейде үрей билеп, есік алдына шықты. Аспан асты жымыңдаған жұлдыздар, шығыстан топ-толық Ай көтеріліп келеді. Ай дидары қып-қызыл, дөңгелек бұған жақындап келе жатқандай әсер береді. Қызара бөртіп толған Айға қарап денесі тоңғанша қалың ойға сүңгіп отырып қалды. Алыста, өте алыстан мың сан алтын моншақ жұлдыздар жымыңдайды. Түні бойы ұйқысы қашып, дөңбекшіді.
— Микрология ғылымын зерттеуге арналған құралдардың ең үздік түрлері тек менде ғана бар. Оны жасатуға, зерттеуге қаржы аямаймын. Бұларды да көрінгенге көрсете бермеймін. Ал мен ашқан жаңалығымды интернет арқылы өте қымбатқа сатамын, – деді Фишер қоштасарда.
— Уәде уәде ғой, – деді Лия күлімсіреп, сыбырлай сұрап.
— Келістік қой. Келемін деп телефон соқсаңыз арнайы тікұшақ жіберемін, – деп Фишер сынай қарады.
Лия аяқастынан миллионер болып, осыншама байлыққа кенелемін деп ешуақ ойламаған еді. Таза еңбегімен күнелткен әке-шешесі Нью-Йоркте тақыл-тұқыл пенсиямен өмір сүруде. Өзі де пәтер жалдап, ай сайын кредитке төлейді. Енді, бәрі бар, миллионер!..
***
Алдымен күйеуіне айтып қызыл пропуск жаздыртып алды. Бұл бүкіл
аумақта ешбір тексерусіз жүруге берілетін рұқсат қағазы.
Адамның миына бір нәрсе кірсе ол ойнақ салып, басын түгел дуалап,
Ашкөздендіріп, бәрін-бәрін ұмыттырады-ау. Мыңдаған жауынгерлерін шайқасуға, қыруға алып бара жатқан қасарыспа қолбасшыдай ештеңеден тайынбай, тайсалмай жедел іске кірісті.
Өзінің көйлек-көншектері тұратын шифонерінің ішіне цинкке оралған кішкентай қобди-жәшік жасатты. Күнделікті жұмысынан он жәшіктің бірін ашып, ішінен өлшеп, күніне бір килодан арнайы ыдысқа салып, топырақ салып, оны үйіндегі қобди-жәшікке төге берді.
Бес күнде бес килограмм Марс топырағы үйінде тұрды. Енді білдірмей сырттағы тау-тастан кертіп-шертіп, уатып, дәл осындай салмақ тартатын құм-тасты апарып, әлгінің орнына апарып қойды.
Құлшынып, ерекше әсермен тап-тұйнақтай бітірдім-ау деп Фишерге телефон соқты.
Үш күннен кейін дүйсенбі күні сағат 10-00-де вертолет аэропортта
күтетінін СМС-пен жазып жіберді.
Сенбі, жексенбіде Джо әйелін алып, мұхит жағасына шомылуға
алып барып, рахаттана демалды.
***
Он беске келген жалғыз тал Роза қызы құрбысын үйіне ертіп әкеп көйлек-заттарын көрсете бастады.
– Шешемнің киімдерінің кейбірі маған тура келеді. Қарашы шәлісі,
зонтигі қандай? Мына жаздық көйлегі маған тұп-тура ғой. Бұл өте қымбат матадан арнайы тігілген.
Шифонердегі қобди-жәшікті көріп, қақпағын ашып қарады.
Қарақошқыл ұнтақтарды қолымен ұстап көріп, иіскеп, қайта жауып қойды. «Үйге топырақ тасығаны несі, бұларға сонша не болған?» – деп ойлады.
Ерлі-зайыпты екеуі құмға аунап, мұхитқа сүңгіп, суына шомылып, күнге күйіп, сергіп, өте көңілді оралды.
Лия Фишерге баратыны жайлы жақ ашып, ештеңе айтпады. Джоның да өзіндік құпиясы бар. Ертең бүкіл әлемдегі ең бай – миллардер Розенберг өзі осы қалаға арнайы ұшып келіп, жеке кездесуге шақырып отырғанын да ішіне бүгіп қалды.
Тікұшақпен Лия дүйсенбіде түскі бірде аралға келіп қонды. Миллионер Фишер жылы жымиып, өзі қарсы алып, кеңсесіне қарай машинасымен алып жүрді. Ол: – Анау жәшіктегіні ана машинаға сал! – деп жабық фургонды
көрсетті.
***
Джо әлемдегі ең бай алпауыт адамның бірі Розенбергпен бұрын
кездеспеген. Естуінше, тіпті пандемия кезінде ғана жүз миллиард пайда тауыпты. Бұтында ескі джинси, шақпақжол шолақ жейде киген елулерге келген, күнге тотыққан, қалың шашын артқа қайырған миллиардер кофе алдыртып, әңгімені бірден өзі бастап әкетті.
– Джо, мен ғарышпен ауырған адаммын. Жеке қаржыма спутник жасатып, осыдан үш жыл бұрын алғаш ұшыртқанмын. Әуеде онда кінәрат болып жарылып кетті. Кейін оның бірнешеуін ұшырып, сынақтан өткіздім. Ғарышқа ұшқан кемелерді сатып алып, зерттеп жатырмын. Саған бір құпиямды айтайын. Қазір Марсқа ұшатын ғарыш кемесін жасатудамын. Бір жылдан кейін ұшуға дайын болады. Соған, сен басшы астронавт боласың, қасыңа жүз серікті өзің таңдайсың, – деп, тіпті таңғалдырды.
– Ол өте ұзақ сапар ғой.
– Білемін. Жүз елу, мүмкін үш жүз күнге дейін созылуы мүмкін.
Босқа галактиканың радиациясы орасан зор. Салмақсыздық тағы бар. Мен Марста адам тұратын мекенжай салмақшымын. Сол планетаны қазып, елу метр тереңдікте ұңғыса, радиация жоғалады. Сонда мекенжайым болады. Сендер терең етіп қазып, руданы әкелесіңдер. Онда микроб, мұз бар дейді. Неге бұлай? Марсқа адамзаттан тұңғыш сенің табаның тиді. Барлық сақтық шараларын ойластырудамын, – деп бұған сынай қарап отырып, төтесінен былай деді:
– Ертеңнен бастап менің ғарыш айлағыма келіп дайындықты бастайсың. Барлық айтқан ұсыныс-тілегіңді қабыл аламын. Адамзаттың бір пайызы әлемдегі бар байлыққа ие, қожайын. Ал қалғандары соларға қызмет етеді. Міне, сені де ең дәулеттілер қатарына қоспақпын. Тәуекел тас жығады. Нартәуекелді ердің кемесі суға батпайды, табысы дүрілдеп кетеді. Ерді ер таниды, сен бұл істі тап-тұйнақтай орындайтыныңа көзім анық жетеді. Келістік пе?
Мұндайды күтпеген Джо үндемей отырып қалды.
– Сыртыңнан әбден зерттеп, таныстым да осы ұлы сапарға сені лайық деп таптым. Бірдеңе ішесің бе?
– Жоқ, арақ-шарапты татып алмаймын.
– Мен де ішпеймін. Онда мына келісімшартты оқып шығып,
танысқың. Саған осы сапарың үшін бір миллиард беремін! – деп, өзі арырақ барып қалта телефонымен сөйлесе бастады.
Бір миллиард доллар деген өңі тұрмақ түсіне де кірмеген шығар. Не деген ен байлық?
Ол тез-тез оқып, сүйкете қол қоя бастады.
– Сен ержүрек батыл да, батыр жансың. Бұл келісімшартты, Марсқа
тағы ұшатыныңды өте құпия сақтап, ешкім білмеуі тиіс. Біз болашақта үй-жайымызбен Марста тұратын боламыз. Келісімшарт бойынша саған жарты миллиард доллар қазір беремін. Ал ұшып барып келген соң тағы осындай қаржы аласың.
– Марсқа көшіп кетеміз бе сонда?
– Әрине. Біржола сол жақта тұрамыз. Жердегі пенделердің
пиғылы бұзылған. Жеріміз тола бомба, қару-жарақ. Атом бомбасы бар елдің әлдебір жындысүрей бір басшысы тетікті басып кеп қалса, жер шары әп-сәтте быт-шыт болып, өртеніп, тып-типыл күйіп кетеді. Міне, біз басқа планетаны мекенжай ғып, галактикада емін-еркін өмірімізді жалғастырамыз. Түсіндің бе? Мына Жер-Ананы құртамын деген қара ниеттілер қасірет, алапат әкеледі!
– Қойшы, түгел жарылып жоқ болып кетеміз бе? – деп Джоның
көздері бақырайып кетті.
– Ядролық қару бір жерде қолданылса, әлем толған бомба үсті-үстіне жарылып, жер шарын быт-шыт қып өртеп, бөлшектеп, жарып-жаңқалап тастайды. Қара жер өзінің орбитасынан шығып, мыңдаған-миллиондаған метеоридке айналып, галактикаға сіңіп, тып-типыл жоғалады.
– Апыр-ау, соны біле тұра неге бомба жарады?!
– Адамзат жаралғалы бергі тарих-тіршілігіміз – соғыс, бір-бірін өшпенділікпен, асқан зұлымдықпен құртуға ұмтылған елдердің басшыларының әпербақандығынан қаншама боздақ құрбан болды десеңші?! Қызғаныш, көре алмаушылық, топас, менмендік, зымиян, арамдық жайлады пенделерді. Бір-бірін құртуға, жер бетінен жоқ қылуға ұмтылғандардан, қанішер басшылардың шапқыншылығынан қаншама жан қан қасап қырылды… Алғаш найза, қылыш ұстап шайқасты, одан зеңбірек, пулемет секілді отқарулармен отқа оратып, қырып-жойды. Адамзат білімді болған сайын ақымақтанып, ізгі қасиеттері тұттай жойылып барады. Өмірді – ойыншыққа айналдырып, Жер-Ананы құртпақшы… Бір ел соғыс бастаса басқа елдерде жасалған әлемдегі ядролық қару біткен іске қосылып, қара жер қарс айырылып, өзегіне шейін күл болып өртеніп, быт-шыты шығып, құрдымға сіңіп жоғалады. Жаһан жарылып, миллиондаған жылдар бойы құлпырған қайран тіршілік ойрандалып, түгелімен тып-типыл жойылады.
– Мен мұны ойламаппын...
– Джо, адамдардың пейіл-мінезі алапестеніп бұзылған. Қарашы, мына пандемия жер шарын бір тарының қауызына сыйдырып, қанша өмірді жалмады. Коронавируспен ауырғандар өмірбойы жарымжан, мүгедек боп, аһлеп-уһлеп жүреді. Ғұлама ғалымдарымыз осындай індет тарататын көптеген лабораторияда зұлмат вирус микробтарды қат-қат жинап, мұздатқышқа сақтап қойды. Сол індетті жұқтырып, ұшып шыққан бір масаның өзі-ақ әлемді кәріп қылып, қырып тастайды. Сұмдық алапат жазылмас аурудың сан-түрлі қитұрқы зұлым түрлерін тауып, үсті-үстіне ышқына, құлшына дайындауда. Міне, осы биологиялық қару – орасан кесел, әп-сәтте адамзат тұқымын түп-түгел жойып жібереді.
– Сұмдық екен?!
– Сұмдықтар көп. Жер радиацияланып, улы газ, түтінге бөккен ауа ластанып, уланып өліп жатқандар қаншама! Жерді қоршап тұрған қалың ауа қабаты жұқарып, дар етіп жарылып, жыртылса болды жарты сағат болмай адамзат біткен тұншығып, түгел қырылып кетеміз.
– Ойпырмай, ондай зұлымдықты адамдар өздері ойлап тауып, өздерін құртпақшы ма сонда?!
– Адамдар пайда, ақша деп ақыры өздерінің түбіне жетіп
тынады. Сондықтан да біз басқа планетаға көшіп алуымыз керек. Адамзат ғұмырын сол жақта қайта бастаймыз.
– Марста аса қажетті ауа мен су да жоқ қой?
– Оған қам жеме, Джо! Онда қатқан мұздақтардан таза су өндіреміз.
Аз болса да атмосферада ауа бар, соны сорып алып, қысымдалған оттегі баллондарын дайындаймыз. Оның бәрін бүге-шігесіне дейін ойлап қойдым. Мүмкін ары басқа планеталарға сапар шегіп, зерттерміз. Алдымен әзірше жердегі бай-бағландар экскурсия жасайтын мекенжай тұрғызамыз...
– Қиял сияқты екен...
– Қиял, арман алысқа апарады. Оны орындайтын – ақша. Ол менде
жеткілікті. Бұл құпия сырымды тек саған ғана айтып отырмын. Қазір менде жүз елу миллиард долларым бар. Бұдан басқа жүз миллиардтан астам құны бар дүние-мүлкім бәріне жетеді. Тек бел шешіп, тәуекел деп, іске кірісуіміз керек. Саған не қажет, бар жағдайыңды жасаймын. Алаңдамай осы іске кіріс. Енді ұлы сапарға дайындал!
– Мә, мына алғашқы жол пұлың, ішінде бір миллион доллар бар, – деп банктің қызыл картішкесін ұсынды.
– Ертең есеп-шотыңа жарты миллиард түседі! – деп шашын сипай
қайырып, тез сөйлейтін толық миллиардер арқасынан қағып қойды.
Екеуі түстік ішіп, сырласып, әңгімелесіп, жүз жыл білетін сырдескі достардай қоштасты.
***
Алып-ұшып қуана үйінің алдына келгенде қалта телефоны шырылдап тоқтамады.
– Алло, алло, бұл Джо мырза ма?
– – Иә, дәл өзі – деді жаңа миллиардер болған ғарышкер маңғаздана.
– Сіздің Роза қызыңыз ауруханада. Тез келіңіз.
– Не болды?..
– Халі өте нашар. Бүкіл қаны ақ түйіршіктеніп кеткен, күшті радиация алған. Қанын тұтас ауыстырмасақ өте қиын, үзіліп кетеді, – деген дәрігердің дауысы найзағай соққандай есеңгіретіп жіберді.
Есігінің алдында тұрған сұр машинадан түсе-түсе қалған төрт галстук таққан қара костюм-шалбарлы жігіттер екі қолтығынан қыса ұстай алып:
– Джо мырза, сіз тұтқындалдыңыз, – деп құжаттарын көрсетіп, қолына кісен сала бастады.
– Қалай? Не үшін? Не кінәм бар?..
– Міне, бір сағат бұрын әйеліңіз Фишер мырзаға бес кило Марстанәкелінген руда топырақты бір миллион долларға сату үстінде қолға түсті. Міне, қараңыз, – деп уатцаптан видеоны көрсетті.
– Жынданған ба, Лия?! Мүмкін емес… Қызым хал үстінде. Не Болды?.. Миллион… Миллиард...
Жер астын-үстіне аунап бара жатқандай асфальтқа шөкелей отыра
кеткен оны төрт еңгезердей жігіт демей көтеріп, сұр машиналарына қарай тәлтіректете алып бара жатты.
– Миллион… Миллиард… – деп есіріктене шалқалай берген Джо көкпеңбек аспаннан талтүсте сүбеленген бозарған Ай сұлбасын көзі шалып қалды.