Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:39, 19 Қаңтар 2023

Ғаламторды өшіргенмен, халық үнін өшіре аламыз ба?

None
None

Қазіргі таңда күнделікті өмірімізді ғаламторсыз елестете алмаймыз. Тариф  үшін телефонымызға ай сайын ақша салып, тіпті, үйге де, жұмысқа да арнайы ғаламтор қызметін қостыру қалыпты жағдай болып қалды.

Алайда кейде сол қанша ақшаға қостырған ғаламторың да қолжетімсіз болып қалатын кездер аз емес. Себебі билік  араласып, кез келген уақытта ғаламторды өшіре салуы әбден мүмкін. Мәселен, өткен жылы ғаламторды әдейі өшіріп, шығынға ұшыраған елдер арасында Қазақстан үшінші орында тұр.

Негізі, былтыр жыл басталмай жатып, ғаламторды бұғаттауға тырыстық. Қаңтар оқиғасы кезінде бірнеше күн қатарынан ғаламтор өшіп, қарапайым  мобильді байланыс жүйесі де істемеді. Tpo10VPN.com порталы 2022 жылға сараптама жасай отырып, ғаламторды өшіріп шығынға ұшырау жағынан еліміз 23 елдің арасында 3 орынды иеленгенін анықтап отыр. Қаңтар оқиғасынан соң да елімізде бірнеше рет ғаламтор қызметі ажырағаны байқалды. Осы орайда, айта кетсек, 2018 жылдың аяғында Үкімет арнайы қаулы шығарып, ІІМ, ҰҚК, Бас Прокуратура және Қорғаныс министрлігіне төтенше жағдай орын алғанда, желілер мен байланыс құралдарының қызметін бұғаттай алатын құқық берген болатын-ды. Негізі, оған дейін де ғаламтор қолжетімсіз болған жағдайда шекара асып кеткен Мұхтар Әбілазовтың қатысы бар екені айтылатын. Яғни Мұхтар Әбіләзов әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығатыны алдын ала айтылған кездерде ғаламтор қызметі күрт нашарлап кететін. 2019 жылғы митинг кезінде де талай рет ғаламторсыз қалдық.

Жалпы, өткен жылы ғаламтор қызметін шектеу арқылы шығынға ұшыраған елдер арасында бірінші орынды іргеміздегі Ресей алып отыр. Олар интернет пен байланыс жүйесін өшіре отырып, 21,59$ млрд шығынға ұшыраған.  Ресей Украинаға соғыс ашқан күннен бері интернетті өшіріп, ақпаратты бақылауға алып отыр. Ал халқын ғаламторсыз қалдырып, шығынға ұшырау жағынан екінші орынды иеленген Иран ғаламторды жүгендеуге 773$ млн доллар жұмсаған көрінеді. Диктаторлық режим салтанат құрған Ираннан кейінгі орын біздің еншімізде. Қазақстан үшін интернет өшіру 410,3$ млн доллар шығын әкеліпті. Еліміздегі жалпы байланыстың бұғатталуы 144 сағатқа созылған. Одан бөлек, ТМД елдерінің тізімінде Өзбекстан 219,7$ млн шығынмен 5 орында болса, Түрікменстан 29$ млн доллар жұмсап 10 орында тұр. Жалпы, осыған қарап-ақ халықты ғаламторсыз қалдыру арқылы үнін өшіруге қай елдің қаншалықты тырысып жатқанын байқауға болады.

Осы орайда айта кетсек, еліміз 2019 жылы интернетті өшіріп, 2,6 млн доллар шығын шеккен еді. Ол кезде Қазақстан интернет өшіргіш елдердің арасында 18-ші орынға табан тіресе, үш жыл ішінде бұл әрекеттің күшейе түскені аңғарылады. Яғни елімізде саяси ахуал күрделенген сайын ғаламтор өшіру жиілей түсуде. Осыдан соң ойланасың, халық үнін естуге ұмтылған «Еститін Үкімет» қаншалықты шынайы? Халыққа жақындай түсіп, сеніміне ие болудың орнына, ашықтықтан қашып, бұқараның тілін табу орнына ғаламторды өшіріп, көшеге шықса, қуалап таратуға тырысатын бұл биліктің не ойлағаны бар?!

 Жалпы, «сау басқа сақина тілеп» ғаламторды өшіру арқылы миллиондаған шығынға ұшырап отырған билікке халықпен тіл табысып, мәселені бірге шешу әлдеқайда арзанға түсетінін қалай түсіндірсек екен...

Тегтер: