Ғали Мардан Бек Топшыбас: Түркілік тұтастық тағылымы
Әзербайжан ұлтының даңқты перзенті, мемлекетшіл тұлға Ғали Мардан Бек Топшыбас есімін қазақ елі қашанда құрмет тұтады. Ресей Мемлекеттік Думасы, мұсылмандар сиезі, автаномшылар бас қосуларындағы жер, дін, ұлттық теңдік тақырыбындағы саяси талқылауларда Ғали Мардан Бек Топшыбас ұстанымы қазақ зиялыларымен тоқайласып, үндесіп отырды.
Қайраткер 1906 жылы жеке кітапша болып басылған «Мусульманская парламентская фракция. 31 января, 1 февраль 1907 г.» мақаласында жиырма миллионға жуық Ресей мұсылмандарынан Думаға барлығы отыз алты депутаттың сайлануын, соның ішінде Түркістан өлкесін қоныстанған бес миллион халыққа бар-жоғы бес депутатттық орын ұсынылуын көпе көрнеу қиянат, әділетсіздік екенін айтады (А.М.б. Топчибашев. Избранное: В 4-х томах/ Составитель Гасан Гасанов. Т.1. – Баку: 2014. С. 538.).
Мақаланың аса маңызды тұсы, Бірінші Мемлекеттік Думаның таратылуымен сабақтас Выборг үндеуіне қол қойған мұсылман депутаттарының харекетіне қатысты тарихи деректердің берілуінде. І Думаға қазақ елінен депутат болып сайланған Алаш көсемі Ә.Бөкейхан 1906 жылы 9 шілдеде «Выборг үндеуіне» қол қойған болатын. Патша саясатына қарсылық танытқан Думаның Ә.Бөкейхан, А.Топшыбас, С.Г.Алкин, С.Жантөрин, И.Зиатханов қатарлы мұсылман депутаттары 1906 жылы желтоқсан айында үш айға абақтыға жабылғаны тарихтан мәлім.
Міржақып Дулатұлы «Учередительное собрание» мақаласында жазғанындай: «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт. Депутат болған кісі абыройлы, жақсы болатын болса, жұрттың алдына Алла бергендер түсетін еді. Бірақ Алланың берген пенделерінің бәрі бірдей депутат болуға жарамайтындығын бірінші Г. Дума көрсеткен» (Дулатұлы М. Бес томдық шығармалар жинағы. Екінші том: Көсемсөз, әдеби сын және зерттеу мақалалары. / Құраст: Дулатова Г., Иманбаева С. – Алматы, 2003. 327-бет). Мемлекеттік І Дума депутаты, кадет Владимир Оболенскийдің (1869-1950) «Моя жизнь. Мои современники» аталатын естелік кітабында Выборг үндеуіне қол қойған Ә.Бөкейханның батыл шешімдегі кесек мінезі боямасыз көрсетілген.
«...Отказавшиеся подчиниться принятому решению кн. Г.Е.Львов и И.Н.Львов тут же заявили о своем выходе из партии и уехали из Выборга, другие же противники воззвания (Герценштейн, Муханов, Петражицкий, Котляровский, Муромцев и др.) не сочли для себя возможным отгородиться от большинства и дали свои подписи. Подписи было решено ставить на корректурном оттиске воззвания, а для этого нужно было срочно его отпечатать. За это дело взялись мы с Н.А.Бородиным. Когда мы несли текст воззвания в типографию, мы встретили знакомого казаха* (түпнұсқада қырғыз (киргиз) деп берілген). Алихана Букейханова.
Оказалось, что избранный депутатом от Акмолинской области, он добрался до Петербурга лишь после роспуска Думы, и узнав, что мы в Выборге, приехал нас разыскивать. Мы сообщили ему, что и в Выборг опоздал.
– Ну, что же делать, – покорно сказал он, – пойду с вами в типографию.
В типографии он с нами дождался первого оттенка воззвания, держал его корректуру, а затем не поморщившись подписал...
Попал на скамью подсудимых, а затем в тюрьму, лишившись избирательных прав вплоть до революции 1917 года. Недавно промелькнул в газетах слух, что этот милейший интеллигентный казах расстрелян в советской России...» (Қараңыз: Оболенский В.А. Моя жизнь. Мой современники. – Париж: УМСА Press, 1988. С. 396.).
Ғали Мардан Бек Топшыбас – Әлихан Бөкейхан, Сәлімгерей Жантөреұлы (Жантөрин), Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай сынды қыр перзенттерімен етене жақын сыйластықта болды. С.Жантөреұлы, М.Шоқайлармен хат жазысып, түркі мұсылман қоғамының көкейкесті тақырыптарында ой бөлісіп, пікірлесіп тұрды.
Ә.Бөкейхан «Он төрт тоғыз бола ма?» мақаласында Мемлекеттік Думаға 1909 жылы 14 шілдеде ел азаматтары дайындап ұсынған қазақ жері туралы закон жобасының ұлт мүддесіне қайшы келетінін, бұл мәселеде Ғали Мардан Бек пәтерінде пікіралысқанын жазады (Қараңыз: «Қазақ» газеті. – Алматы, 1998. 120-бет). «Петроград хаты. Тағы не істеуге?» мақаласында саналы ел депутаттарының Дума мінбесінен айтылатын өзекжарды ой-пікірлерінің біріншіден, «білімдінің басынан, шешендердің тілінен, данышпандардың сынынан сымнан өткендей мінсіз болып барып сөйленетінін», екіншіден, Дума тысында отырып, ішіндегі депутаттарға біліммен көмек берушілердің басын құраған орын «бюро» аталатынын, осындай бюроны мұсылмандар фракциясы жанынан ашқан Ғалимардан Бек Топшыбастың хатшылық еңбегінің қаржылай қолдау таппай отыруына қынжылды.
Ғали Мардан Бек Топшыбасов эмиграцияда жүріп 1934 жылы өмірден өткенде Мұстафа Шоқай жерлеу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Барша түркі баласының айрықша құрметін білдірді.
«1918 жылы Әзірбайжан ұлтық тәуелсіздігін жариялағанда Әлимардан бекті әзірбайжан Ұлттық Парламентінің төрағалығына сайлады. Рақымсыз тағдыр өз дегенін істеді. Әзірбайжан тәуелсіздігінен айрылып, қызыл империяның бұғауына қайта түсті. Бұл кезде Әзірбайжанның Еуропадағы ұлттық өкілдігінің төрағасы міндетін атқарып отырған Әлимардан бек әзірбайжанның мұғыжары болып қала берді. Ол қайда жүрсе де ұлты мен атамекенінен басқа ештеңені ойламаған аса күрескер адам еді...» (Марқұм Әлимардан бектің табыты басында «Яш Түркістан» ұлттық бірлігінің Еуропа өкілі және «Яш Түркістанның» бас редакторы Шоқайұлы Мұстафа бектің сөйлеген сөзі // Шоқай М. Таңдамалы. Т. 1. – Алматы, 1998. 430-бет.).
Ғали Мардан Бек Топшыбас әзербайжан ұлтының мақтанышы Зейнолғабиден Тағиев сынды «Қазақстан» газетін шынайы қолдаушылардың қатарында болды. Ғұмар Қараш «Қазақстан» басылымында жарияланған «Баку» очеркінде З.Тағиевпен жүздесуде Ғали Мардан Бек Топшыбас жәрдемі орасан зор болғанын ерекше ілтипатпен атап өтеді.
«Былтыр 1911 йыл жауза жұлдызының бас күнінде «Қазақстан» газитін атқа мінгізіб, адам ету қайғысында адамдар арасында етілген бір қаулы бойынша Алла деб аттаныб, Баку қаласындағы хажы Зинелғабиден Тағиевті іздеб елден екеу шықдық. «Еріккен екі тентек елден шығыб кетді» деушілер көб болса да, жан-тән көңілдерінен «хайырлы сафарлы болыб, жеңіл барыб, ауыр қайтқай» деб дұға етуші хайыр хуаһлеріміз болуын да білетін едік. Ақ ниетіміз хұрметіне Алла тізгінімізді оңғарыб, барған хажымыз хош алды. «Қазақстанға» мың сом жәрдем берді. Аталық шафхатынан ағыб шықған сөздерін айтады. Барлық қазақ атағына 3 жәлид тәфсірлі Құран шәриф һәдиа қылды. Амандасыб, айрылар жерде «Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес, милләттікі» деген сөзін айтыб, көзіне жас алды. Жәй-түйімізді түсіндіру турасында мәшһүр Ғали Мардан Бек Топшыбасовдың жәрдемі тиді. Хұдай тағала ғұмырларын ұзақ етіб, ондай адамдарымызды көбейтсін» (Қараңыз: Ғ.Қ. Баку // Қазақстан. – Орал, 2012. – 177-б.).
Зейнолғабиден Тағиевтің «Қазақстан» газетіне қаржылай көмегінен түркі мұсылман әлемі Исмайыл Гаспыралы шығарған атақты «Тәржіман» газеті арқылы хабардар болды. «Инородческое обозрѣніе, приложеніе къ журналу «Праваславный собесѣдник» за декабрь 1912 года» басылымының «Мелкія извѣстія по губерніямъ и областямъ» хабарламасында: «Газета «Икбалъ» пишетъ, что остановившаяся за недостаткамъ средствъ киргизская газета «Казакистанъ» теперъ снова выходить, такъ какъ извѣстный кавказскій богачъ Хаджи Зайнуль-Габиденъ Тагеевъ, пожертвовавъ 1000 рублей, обезпечилъ ея положеніе» («Мелкія извѣстія по губерніямъ и областямъ» // «Тарджеманъ» № 4. ІІІ. Х.) (Инородческое обозрѣніе, приложеніе къ журналу «Праваславный собесѣдник») за декабрь 1912 года. Книга 1-ая. Казанъ, Цетральная Типографія, 1913. Стр. 51.) деп жазылды.
Каир университетінде білім алып, Алаш баласына білім мен ғылымның нұрын шашқан «Мамания» мектебінде шыңдалған Ғабдолғазиз Мұсағали – «Қазақстан» газетін үзбей шығару, қаржылай қиындықтарды еңсеру, баспахана түйткілдерінен туындаған проблемаларды шешуде сарабдалдық танытқан озық ойлы жаңашыл тұлға. Ол ояну дәуірінің ұраншысы болған ұлт басылымының жұмысын барынша жандандыруда патшалық Ресей отарындағы түркі әлемінің айтулы милләтшіл, жәдитшіл тұлғаларынан қолдау іздеді. Сондай сенімдегі асыл азаматтардың бірегейі Ғали Мардан Бек Топшыбас деп білгендіктен, қайраткермен «Қазақстан» газетінің жұмысын күшейту, баспа, типографиямен сабақтас қаржы жүйесіне қан жүгірту түйткілдері бойынша хат жазып, пікір алысады.
Ғабдолғазиз Мұсағалидың Ғали Мардан Бек Топшыбасқа 1913 жылы 28 сәуірде жазған хаты сол кездегі Ресей империясының Урбах станциясы потшасынан жөнелтілген. Біздің отанымыз Қазақстанның Орал қаласынан 342,1 км. жерде орналасқан Урбах – бүгіндері РФ Саратов облысына қарасты Приволжск теміржол станциясы.
Міне, «Аса құрметті Ғалимардан-Бек-Аға!» деп сөз саптаған Алаш ардақтысы Ғабдолғазиз Мұсағали отаршылдық қыспақта жаншылған туған халқының мұң-мұқтажын ортаға салып, жәдитшілдік биігіндегі барша саналы түркі мұсылман қауымының бірігу мұратын екшейді. Өмірдің ащы сабағы бұйығы жатқан қазақтарға ой салып, халқының жаңа заман талабына бейімделуімен отырықшылыққа көшіп, сауда-саттық және егіншілікпен айналыса бастағанынан хабардар етеді. Аса күрделі алмағайып уақытта қандастарына қамқор болып, басшылық танытатын зиялылардың газет ісіне қол ұшын созудағы бейқамдығына күйінеді. Надандықпен күресіп, оны жоюға барша қажыр-қайратын жұмылдырудың орнына жеке бастарын күйттеп, оңай олжаға кенелгісі келетін таяздықтарын шенейді. Жол айрығында шегінерге амалы жоғын айтады. Барша жиған-терген қаржы-қаражат типография сатып алуға кеткендіктен, газет шығаруда бойдағы күшінің сарқылуға шақ қалғанын жасырмайды. Қаржылық мәселеде туындаған қиындықтарды бүкпесіз тарқатып, азербайжан миллионері, мұнай өнеркәсібінің алпауыты, меценат Мұса Нагиевке (1848-1919) көмек көрсетуге өтініш білдіретінін жазады. Өтініші аяқсыз қалмай, өзі ерекше қадірлейтін Ғали Мардан Бек ағасының М.Нагиев алдында қолдау білдіретініне сенімді екенін түйеді. Хат соңында әуелі сұлтан Шәңгерей Бөкейұлына ат басын тіреп, содан соң Бакуге жол жүретінін айтады. Ақпанның алтысынан бері мазалағанына кешірім сұрап, одан басқа амалы жоқтығын жасырмайды. Мойнына 235 рубль қаржылай берешек артылғанын, ал типография машинасын сату 10 мамырға белгіленгенін пысықтай түседі.
«Қазақстан» газетінің редакторы Ғабдолғазиз Мұсағали хаты «Өзіңізге берілген Г.Мусин» деп түйінделеді.
Төменде хаттың орыс тілінде жазылған мәтінін толықтай беріп отырмыз. Азербайжан Республикасы Әдебиет және өнер мемлекеттік архивінің қорында сақтаулы хат тарих ғылымдарының докторы Гасан Гасанов құрастырумен Бакуде 2015 жылы жарық көрген А.М.б. Топчибашевтің 4 томдық таңдамалы шығармаларының 2 томынан алынды.
Письмо редактора газеты «Казакстан» А.М.б. Топчибашеву
28 апреля 1913 г.
Станция Урбах
Глубокоуважаемый Алимардан-Бек-Ага!
Мустафа Измайлов окончательно закабалил меня: арест так и висит над машиной437. Я ошибся в нем. Я думал, что он смотрит на себя, как на орган, необходимый для питания общего организма – таким организмом я считаю тот народ, то племя, из крови и плоти, которой я состою, следовательно, я обязан ему не только своим положением и воспитанием, но и жизнью, – не думал вовсе, чтобы он искал в общественном деле личной корысти. Присмотревшись ко всем, я прихожу к убеждению, что мы именно таковы, потому мы и хрупки, потому и приходится нам при каждом серьезном столкновении с врагами рассыпаться, как песок...
Мусульмане, после «балканского события», если желают жить на свете, должны глубоко уйти в самого себя, сплотившись друг с другом теснее, и вынести что-нибудь – да из своего недра...
Для того, конечно, нужны будут такие деятели, которые бы выступали с призывом: «Мусульмане, говоря языком Карла Маркса438, всех стран, соединяйтесь!»...
Могучий двигатель и великая учительница – нужда, наконец посетила и киргиз439, и они все-таки поняли, что дальше так жить нельзя, а нужно приспособиться к новым условиям жизни, и стали переходить к оседлости, заниматься торговлей, земледелием и т.д. К несчастью, наша интеллигенция, долженствовавшая руководить ими в такое переходное время, очень плохо приходит на помощь. Вместо того, чтобы вести борьбу и стараться сломать невежество, она извлекает из него свою пользу и выгоду...
Я остаюсь на полдороги: назад не хочется, а вперед – нет мочи. Я говорю о том, что все те средства, какие были, уложены на приобретение типографии, а на издание газеты нет сил. Хочу доложить обо всем этом хаджию и обратиться к Мус. Нагиеву440 за помощью. Надеюсь, что я найду поддержку в Вас, перед Нагиевым. Еду к Султану нашему Шангирею Букееву441, а от него думаю к Вам, в Баку. Простите, что я беспокоил Вас к 6 февраля – заставила крайность. 235 руб. так и за мной. Машина опять назначена к продаже на 10 мая.
Преданный Вам Г. Мусин
ГАЛИАР, ф. 653, оn. 1, д. 41, л. 1–2. Автограф (Қараңыз: А.М.б. Топчибашев. Избранное: В 4х томах/ Составитель Гасан Гасанов. Т.2. – Баку: 2015. С. 269.).
Ғали Мардан Бек Топшыбас Баку қаласында атақты меценат З.Тағиевтің қаржылай демеушілігімен жарық көрген «Каспий» (1881-1919) газетіне 1897-1907 жылдары редектор болды. Басылымда түркі мұсылмандарының рухани және қоғамдық өмірінен «Изъ жизни и прессы мусулъманъ», «Мусульманская жизнь въ 1915 году» т.б. айдарлармен елеулі жаңалық, хабарламалар жарияланып тұрды.
«Каспий» газеті ойлы оқырмандарына отаршылдық езгідегі Ресей мұсылмандары баспаханаларының қыспаққа алынуы, патша жандармериясы тарапынан тінтулер жүргізілгенін жеткізуде батылдық танытып отырды. М.Дулатұлының атақты «Оян, қазақ!» кітабы басылып шыққан Кәримов, Хұсәйіновтардың «Шарқ» мәтбуғасында (баспасында) тінту жүргізіліп, баспа иегері Каримовқа ескерту жасалғаны хабарланды.
«Въ Уфѣ, въ типографіи «Шаркъ» бр. Керимовыхъ 15 января былъ произведенъ обыскъ. Взяты рукописи корреспонденцій и по одному экземпляру книгъ. Владѣлецъ типографіи г. Керимовъ предупрежденъ, что онъ будетъ арестованъ» (Каспій. Среда 27-го января 1916 г. № 21.).
«Каспий» басылымындағы хабарламаларда Ресей мұсылмандарының мәшһүр қайраткерлері, ақын-жазушылары Маржани, Тоқай кітаптарының басылуы туралы құнды мәліметтер берілді. «По случаю столѣтія со дня смерти мусульманскаго ученаго Аль Марджани, вышли біографическія данныѣ о немъ на 650 страницахъ». «Въ Казани, въ изданій «Книго-газетнаго дѣла «Муарифъ» вышелъ сборникъ произведеній покойнаго поэта поволжскихъ мусулъманъ Абдуллы Тукаева» (Каспій. Среда 13-го января 1916 г. № 9).
Қазақ драматургы К.Төгісовтің «Надандық құрбаны» шығармасының жариялануын «Въ Оренбургѣ вышелъ разсказъ Г.Тогосова «Жертва невѣжества» (Каспій. Среда 13-го января 1916 г. № 9)деп жазды.
«Каспий» газетіндегі «Мусульманская жизнь въ 1915 году» атты мақалада Баку мұсылман ханымдарының қайырымдылық қоғамы бөлімшесінің Бірінші дүниежүзілік соғыстан зардап шегіп отырған мұсылмандарға қайырымдылық көмек жасау барысы баяндалған. «..Имъ было загатовлено много теплыхъ вещей для отсылки какъ пострадавшимъ жителямъ Карсской области, такъ и на позиціи» (Каспій. Пятница 15-го января 1916 г. № 11. Годъ изданія ХХХҮІ).
Қазақ халқы Карскдағы мұсылман бауырларының ауыр жағдайларына бей-жай қарамай, қаржылай көмек көрсетті. «Қазақ» газетіндегі Жанұзақ Жәнібекұлы («Ж.Ж») «Шабылған мұсылмандар» мақаласында: «...Карс облысында мұсылмандардың шабылғандығын көріп, бұлайғы Кавказ иа мұсылмандары да өзара жәрдем жийа бастады. «Икбал» газетасы жәрдем құтысы ашылды. Жалғыз мұнымен ғана тұрмай, жуырда бастығы Ғалимардан-бек Топшыбашев болып, Бакудан бірнеше өкіл Кавказ наместнигінен барып, жәрдем жийуға рұқсат алғандығы газеталарда жазылды. Кавказда жәрдем жийуға рұқсат болған соң әлбетте басқа жерлерден де жәрдем беруге тоқтау болмаса керек. Соғыс алаңынан мұндай апатқа ұшыраған дін қарындасымыз – Карс облсындағы бишара мұсылмандарға жаны ашыған қазақ баласы жәрдем берер болса, мына екі адрестің біріне жіберсе, тапсырылады:Баку в ред. газ. «Икбалъ». Баку, мусульманское благотворительное общество» деп жазды (Ж.Ж. Шабылған мұсылмандар // «ҚАЗАҚ» газеті. 1915 жыл. Бірінші кітап / Құраст.: Ғ.Әнес, Т.Замзаев. – Алматы, 2023. 140-бет.).
«Қазақ» газеті қаржылай көмек көрсетудің жай-күйін жіті назарда ұстап, әлеуметті жиналған қаражаттан үнемі хабардар етті. Орынбор мұсылмандары губернатор рұқсатымен жәрдем комитетін ашып, қазақтан мүшелікке Ахмет Байтұрсынұлы ұсынылды. Ұлт ұстазы «Жәрдем комитеті» мақаласында Бірінші дүниежүзілік соғыста зардап шеккен Карс мұсылмандарына қаржылай көмек көрсету қажеттігін көтерді (Байтұрсынов А. Жәрдем комитеті // «ҚАЗАҚ» газеті. 1915 жыл. Бірінші кітап / Құраст.: Ғ.Әнес, Т.Замзаев. – Алматы, 2023. 187-бет.).
А.Байтұрсынұлының жоғарыда аталған мақаласынан алынған түйін сөз «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №108, №109, №111, №114, №116, №119, №121, №122, №124 сандарында «Жәрдем етушілерге» деген атпен хабарлама түрінде жарияланып отырды (Жәрдем етушілерге // «ҚАЗАҚ» газеті. 1915 жыл. Бірінші кітап / Құраст.: Ғ.Әнес, Т.Замзаев. – Алмат, 2023.).
Орынбордағы мұсылман комитетіне тапсыру үшін Карс мұсылмандарына «Қазақ» басқармасы арқылы жәрдем етушілер тізімі жүйелі түрде басылды (Карс мұсылмандарына жәрдем // «ҚАЗАҚ» газеті. 1915 жыл. Бірінші кітап / Құраст.: Ғ.Әнес, Т.Замзаев. – Алматы, 2023. 321-322-бет.).
Кемел іске Ә.Бөкейхан мұраттас болды (Қыр баласы. Карс мұсылмандарына жәрдем // «ҚАЗАҚ» газеті. 1915 жыл. Бірінші кітап / Құраст.: Ғ.Әнес, Т.Замзаев. – Алматы, 2023. 333-334-бет.). Тұтастай алғанда Карс мұсылмандарына «Қазақ» газеті басқармасы арқылы 1915 жылы барлығы – 1227 сом 98 тиын жиналды (Карс мұсылмандарына жәрдем // «ҚАЗАҚ» газеті. 1915 жыл. Екінші кітап / Құраст.: Ғ.Әнес, Т.Замзаев. – Алматы, 2023. 328-329-бет.).
Ғали Мардан Бек Топшыбас Дума төрағасына қазақтардың отарлануынан жер тапшылығына ұшырап отырған мүшкіл халін баяндап мәлімдемеге қол қойған Мемлекеттік Думаның елу үш мүшесі қатарында болды (Қараңыз: Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Бірінші том. Өңделіп, толықтырылған екінші басылым. – Алматы, 2008. 147-бет.). Уақытша үкімет тұсында 1917 жылы тамызда өткен Мемлекеттік мәжілісте сөз сөйлеп, 1916 жылғы патша жарлығына қарсылық көрсеткендерді аяусыз жаншу барысында Қытайға ауып кеткен 83 мың қазақ-қырғыз босқындарының оққа ұшып, аштан өлгені туралы мәлімдеді. Ұлттық мәселедегі Уақытша үкіметтің дәрменсіздігін сынады (Қараңыз: Рүстемов С. Топчибашев Әлимардан-бек // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8 том. – Алматы, 2006. 437-бет.).
Патшалық Ресей отарындағы мұсылман түркі халықтары Февраль, Октябрь революцияларының дүмпуімен дербестік алуға жанталасып, азаттыққа ұмтылды. Ұлттық автономияларын жариялап, мемлекеттілігін жаңғырту ісін қолға алды. Сол бір алмағайып дәуірде түркі халықтары байырғы мемлекеттік киелі нышандарын қалпына келтіріп, қасиетті рәміздерін қастерлеуді парыз санады. Шәңгерей Сейіткерейұлы «Ала ту Абылайдың ала аттансаң Аламан артындағы біреуі мен», Молда Мәди Меркішұлы «Ізгілік уақыты келді ме, Автономия байрағы желбіре. Ерік қолда, ұранда алға ұмтылып, Даусымыз шықсын жаңғырығып», Міржақып Дулатұлы «Азаматы Алаштың Аттанатын күн туды. Тұлпар мініп, ту ұстап, Баптанатын күн туды», Жүсіпбек Аймауытұлы «Алаштың ақ туын Қолға алып, ақырып, «Алаш!» деп шапқанда, Жауға ойран саламыз», Сұлтанмахмұт Торайғырұлы «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» деп толғады. Осынау жасампаз үрдіс сол кездегі түркі әлемінің милләтшіл поэзиясында ерекше мән, соны мазмұн алды. Әзербайжан ақыны Ахмед Жавад 1919 жылы «Әзербайжан байрағына» өлеңімен қатар Әзербайжан мемлекеттік гимнін жазды. «Маңдайыңды Түркістанның желі өбіп, Дертті сырын шертер саған, байрағым! Қарт Каспийдің үш нұрына бөленіп, Сыйға тарту ет, халқыңа байрағым!» деген лирикалық тебіреніспен түркі бірлігін мақтан тұтты (Қараңыз: Әзербайжан әдебиетінің антологиясы. – Астана, 2018.).
Өзбек шайырлары Абдулхами Сүлеймен Шолпан «Қолыңа ал туды – жүрегің оянсын, Құлдық, бодандық – баршасы жансын. Егемен ел болып, жауларың өртенсін, Өсіп Түркістан, еңсесін көтерсін», Осман Қожаұлы «Көресің бе түркілік қанды мына – Алауланды байрағым таң нұрына! Күллі әлем біздерден елші сұрап, Даусым шығар сол уақыт жаңғырыға!» (Қараңыз: Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. – Алматы, 2008. 8-ші Т. Ұлығ Түркістан) деп Түркістан жасампаздығын паш етті.
Ұлттық автономия жариялап, дербестікке ұмтылған түркі халықтарының мемлекеттілігін құру, ұлттық әскерін жасақтау мен сақтап қалудағы елдік мақсаттары большевиктер тарапынан қолдау таппай, түрлі қиянатқа ұшырады. Мәселен, Башқұрт дивизиясы зорлықпен таратылды. Башқұрт ұлтының қайраткері Зәки Уәлиди Тоған 1919 жылы 26 ақпанда Ұлттар ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен телеграф арқылы жүргізген келіссөзінде Башқұрт дивизиясын таратуға қарсылық танытты. «Расформирование Башкирского войска – удар по нашему политическому и национально-социальным завоеваниям» (РГАСПИ. КПСС, Ф. 558, оп. 1, д. 551. // Переговоры и телеграмма Сталина Валидову о Башкирской дивизии / 26-2-1919.)
«Башкирское войско, которое по нашим данным, должно было состоять из пяти, десяти тясяч штыков, состовляет гордость не только башкир, им гордились, на него направляли свои взоры угнетенный киргизский и туркестанский народы...» - деп, башқұрт әскерінің барша түркі халықтарына соның ішінде қазақтарға да айбын мен айбар болғанын байыптады.
Зәки Уәлиди Тоғанның Сталинмен осы келіссөзіндегі аса маңызды мәселе – башқұрт әскері сарбаздарына арнайы дайындалған туға (байрақ) қатысты маңызды тарихи мәліметтердің қамтылуында. Біріншіден, башқұрт әскерінің туын дайындауға башқұрт әйелдерімен қатар қазақ әйелдерінің де қатысқаны. Оны З.Тоған: «...Женщины башкирской и киргизской бедноты приготовляли для нашего войска знамена на будущий летний праздник с изображением восходящего солнца и юрты, теперь мы должны эти знамена разорвать в угоду переселенцам» (РГАСПИ. КПСС, Ф. 558, оп. 1, д. 551. // Переговоры и телеграмма Сталина Валидову о Башкирской дивизии / 26-2-1919.) деп жазады Екіншіден, башқұрт әскерінің жалауы арайлап атқан күнмен кестеленіп, киіз үймен көмкерілгенін аңғарамыз. Башқұрт халқы, башқұрт жастарының атынан башқұрт әскерінің таратылуына бүтіндей қарсы екенін жеткізуді парызы санаған З.Тоған «Киргизы тоже имеют свои полки, я говорю от части и от их имени, они, в случае удовлетворения национальных нужд готовы последовать за нами» деп қазақтардың, яғни Алаш автономиясының да өз әскері жасақталғанынан хабардар етеді.
Түйіп айтқанда, әзербайжан ұлтының даңқты перзенті, мемлекетшіл тұлға Ғали Мардан Бек Топшыбастың түркі халықтарының тұтастығы жолында атқарған тарихи қызметінен алар тағылым мол. Ғали Мардан Бек Топшыбастың түркілік тұтастық жолындағы жанкешті мемлекетшіл дәстүрі бүгіндері Тұран даласында жаңғыруда.
Сағымбай Жұмағұл,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры