Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:05

Ғалым қайтты – ғалам қайтты

Мекемтас Мырзахметұлы
Фото: ашық дереккөз

«Туу – сүннет, өлу – парыз». Дүниеге келген адам ерте ме, кеш пе бұ фәниді артқа тастап, мәңгілік бақиға аттанары анық.

Қамшының сабындай сол қысқа ғұмырда ғибратты ғұмыр кешіп, кейінгі ұрпаққа рухани азық қалдыру – шынайы қалам иелерінің қасиеті. Ал өнегелі өмір сүру – көркем мінез иелеріне тән. Марқұм Мекемтас атамыз осы қасиеттердің иесі еді.

Ол ясауидегі хәл ілімі мен Шәкәрімдегі ар іліміне терең бойлап, жауанмәрттікке ден қойды. Шығыс мұсылман әдебиетіндегі «Кемел адам» («Инсан-е кәмил») мен Абайдағы «Толық адамның» сырына үңілді. Нәтижесінде өзі де кемелдікке тән ізгі қасиеттердің иесіне айналды.

Ата-анасы балалары жастай шетіней бергендіктен де «тастай қатты, мекем болсын» деп, ұстазымыздың есімін Мекемтас деп қойған екен. Атына заты сай болып, әрбір ісіне, әсіресе ғылымда мекем болды. Абайтану, әуезовтану, бауыржантану салаларында өзіндік із қалдырды. Енді өзі қазақ руханиятымен тұтастанып, «мекемтастану» саласына айналып барады.

Соңғы сәттерге дейін бойындағы бар ілімі мен білімін кейінгі ұрпаққа қалдырып кетуге тырысты. Ірі ғылыми жобаларды қолға алды. Соның бірі – Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі тарапынан қолға алынған «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығының негізгі идея авторы әрі тікелей ұйымдастырушысы болды. Төрт жүз томнан тұратын бұл жинақтарда тек қазақ халқының ғана емес, барша түркі әлемінің рухани мұрасы кеңінен қамтылды. Осы көптомдықты шығару барысында абыз ақсақалмен бес-алты жыл бірге жұмыс істеудің сәті түсті. Нәтижесінде ғасырлар қойнауынан жеткен түркі жазба жәдігерлері жарық көрді. Әсіресе XV ғасырда хатқа түскен түркі тіліндегі «Шаһнаманың» жиырма екі томын бірге баспаға дайындағанымызды мақтан тұтамыз.

Мұхаммед пайғамбардың «Ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері» деген өнегелі өсиетін берік ұстанатын мұсылман қауымы ғалымның дүниеден өткенін, ғаламның жойылғанына теңеп жатады. Расында да, қазақ руханияты қара жамылды. Кешелі бері қазақ жұрты абыз ақсақалын жоқтап жатыр. Қаймана қазаққа қайғыра көңіл айтамыз.

Төрәлі ҚЫДЫР