«Ғалымның хаты өлмейді…»
Кісілік келбет. Тұлғадан таным. Тарихтан тағылым. Ұлылықтан үлгі. Өмірімен өнегеге айналған жан.
Иә, иә осы бір сөздердің барлығы оның есімімен тығыз байланысты. Ажыратуға мүлде келмейді, тіпті болмайды.
Өмірге келу оңай, ал тулаған толқындай өмір айдынында мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, туған халқы мен ел-жұртына сарқылмас мұра, мәңгі өшпес із қалдыру – ол әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Қазіргідей, адамдардың деншілігі тек өзінің ғана қамын күйттеген заманда қарабастың қамын жемей, келешек ұрпақтың болашағына алаңдап, еліміздің ұлттық журналистикасында ғана емес, сонымен қоса тамыры тым тереңнен сыр тартатын тарихта да өзінің қолтаңбасын қалдырған жан, ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, жазушы, публицист, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор – Әбілфайыз Ыдырысов.
Ол – қазақ баспа ісі мен баспасөзін безендіру ісі туралы ғылымның дамуына үлес қосты. Байқағандарыңыздай, баспа ісіндегі безендіру ісі үлкен еңбекті, шығармашылықты, ыждахаттылықты, табандылықты талап етеді. Осыны үнемі естен шығармаған ұлағатты ұстаз өнегелі өмірімен көпке үлгі болды, ұлттық баспасөздегі ерен еңбегімен елге танылды, ғылыми-педагогикалық жұмыстарымен тарихтың тұғырынан, журналистиканың шың биігінен көрінді. «Мен қанша биікке көтерілсем де, халқымнан төмен екенімді ұмытқан емеспін!», – деп ұлы тұлға Дінмұхамед Ахметұлы айтқандай, Әбілфайыз Ыдырысов та қанша биікке көтерілсе де, қарапайымдылық, адамгершілік, жауапкершілік, кішіпейілділік сияқты қасиеттерін жоғалтқан емес.
«Жақсының аты өлмейді» демекші, дара тұлғаның дара есімі әлі күнге дейін халық жадында. Көптеген кітаптардың сарғайған беттерінде алтын әріптермен ізі қалған Әбілфайыз Ыдырысұлы туралы бүгінгі күнге дейін жазылған жауһарлар қаншама?! Әлі де жазылатын, айтылатын дүниелер де толассыз. Қазақ баспасөзінің безендіру ісіне алғашқылардың бірі болып түрен салған ғалымның есімі бұл күнде барша қазақ халқына мәшһүр.
Өткеннен күннен – өнеге, тарлан тарихтан – тағылым беретін Ә.Ыдырысовтың жас ұрпаққа қалдырған асыл қазыналары мен рухани мұралары «журналист боламын!» деп армандаған жастардың жарқын өміріне жол сілтеген шамшырақ іспетті. Оған дәлел ол кісінің жастарға білім беретін, олардың бойында елшілдік рухты, өршілдік намысты, Отанға деген сүйіспеншілікті оятуға бағытталған 800-ге жуық еңбегі мен шығармасы әлі күнге дейін өз маңызын жоймай, қазіргі кезде де оқырмандарының қолынан түспейтін құнды жәдігер қалпын сақтап келеді. Сонда да біз келешегімізді кемел, болашағымызды жарқын, егемен еліміздің іргетасын берік етіп қалайтын бүгінгі ұрпаққа тұлғаның есімі мен өмір жолын, оның қалдырған асыл мұраларын ұлықтап, насихаттауымыз қажет. Өйткені, еліміздің жалынды жастары ұлтымыздың сан түрлі тұлғаларын қадірлеп, олар жазған жауһарлар мен шығармаларды бойына сіңіріп өсуге тиіс. Ұлттық құндылықтар, ұлттық кодымыз осы дүниелерден бастау алады. Ұлықтауымыз қажет шоқтығы биік тұлғаның бірі әрі бірігейі де – Әбілфайыз Ыдырысов.
Еліміздегі жоғары оқу орындарының қара шаңырағына айналған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде даңқты тұлғаға арналған шеберлік дәрісханасы да бар. Кабинетте студенттерге жазушының өмірі мен қызмет жолынан көптеген ақпарат алуға мүмкіндік бар. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әбілфайыз Ыдырысов та осы қасиетті шаңырақта білім алды. Бұл оны өміріндегі үлкен өмірге, ұлттық журналистика мен тарихқа жетелеген алғашқы баспалдақтар еді. Жалындаған жастық, студенттік шағы да біз бүгін білім алып жүрген білім ордасының қабырғасында өткен екен. Кейіннен журналистерді тәрбиелеуге бет бұрған Әбілфайыз ағай қарашаңырақта өзі де дәріс оқыды. Сан мыңдаған студенттің баспаның биігіне, журналистиканың асуына көтерілуіне ықпал етті. Оларды білім нәрімен сусындатты. Безендіру ісінің қыр-сырымен қанықтырды. ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінен қаншама тарландар білім алып, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматқа айналды десеңізші?.. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» демекші, жалындаған жас студент шағында қара шаңырақтың табалдырығын аттап, бүгінде есімі елге мәшһүр тау тұлғаға айналған ақын, жазушы, ғалым, публицистер қаншама?!
Ең алғаш тұлға атындағы дәрісханада сабақ өткенде, ол туралы қабырғадағы көптеген жазулар мен суреттерге, естелік-әңгімелерге көзім түсті. Ішінен көзіме оттай басылғаны да жоқ емес. «Армансыз бұлбұл, қанатсыз құспен тең» демей ме?! Өзім ұзақ жылдар армандап, енді міне ҚазҰУ-дың Журналитиска факультетінде «Баспа ісі» мамандығы бойынша білім алу бақыты бұйырған сәтте, мен үшін ҚазҰУ-мен байланысты әрбір есім, әрбір тұлғаның бейнесі қымбат, ыстық әрі жаныма жақын. Дәрісханадағы сабақ барысында ұстаз алдынан өткен сандаған шәкірттің дәл осы кабинетке асыққанын көріп, қабырғада ілулі тұрған суреттерге зер салуға келгенін байқамау, әсте мүмкін емес.
Сол сәтте мені қабырғадағы ілулі тұрған тақтайшадағы Әбілфайыз Ыдырысовтың мына бір сөздері одан әрі жігерлендіре түсті: «… адам арманға ұмтылуы керек, арман үшін күресуі керек. Еңбек, еңбек, еңбек! Көп оқу, көп оқу, көп оқу!..». Демек, адам армандау керек, ал арманға тек еңбекпен және біліммен қадам басуы тиіс. Осы бір ғана қанатты сөздің астарында қаншама мән-мағына көрініс тауып жатыр. Иә, иә. Дәл осы сөздер менің мамандығыма деген ықыласымды арттырып, сүйіспеншілігімді еселей түсті.
«Орнында бар оңалар» демей ме, бүгінгі күні асқар таудай әке бейнесін өзіне үлге еткен ұрпағы біздің қарашаңырақта ұйымдастырылатын шаралардан тыс қалған емес. Дәрісхананы жабдықтауда да көмегін көрсетіп, студенттер арасында ұйымдастырылатын жыл сайынғы байқауларда да қолдау көрсетуден алдына жан салмайтын ол – Ыдырысов әулеті. Қазақ журналистикасының қара нарына айналған Әбілфайыз Ыдырысов өмірден өтсе де, оның есімі ізін жалғыстырар ұрпағы барда, есімін ұлықтайтын қара шаңырағы барда мәңгі жасайтыны хақ.
Университетте 2020 жылдан бері студенттер мен жас ғалымдардың ізденістерін арттыру, шығармашылық ойлары мен жаңаша идеяларын жүзеге асыруға ықпал ету мақсатында жыл сайын дәстүрлі «Ыдырысов оқулары» ұйымдастырылып келеді. Өнегесі өміршең тұлғаның есімін жастар арасында насихаттауға бағытталған байқауға Ыдырысов отбасы демеушілік көрсетуде. Сірә, «Әке көрген оқ жонар,...» деген осы болса керек-ті. Ал, біздегі ендігі мақсат ұлағатымен ұлылықтың биігінен көрінген, бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырып, тарлан тарихтың қоймалжың қойнауында есімі алтын әріптермен жазылып қалған белгілі журналист, жазушы бейнесін айшықтау, жастар арасында кеңінен насихаттау. Өйткені, өз заманының заңғар азаматына айналған Әбілфайыз Ыдырысовтың тұлғасы ерек, болмысы өзгеше. Арда азаматтың жас ұрпаққа және аға буынға рухани азық болатын шығармалары барда – есімінің де мәңгі жаңғыратыны да ақиқат. Ал, оны жаңғыртатын да, «Ыдырысов әлемін» танытатын да мына біз секілді жастар.
Алтынай СЕЙТКЕН, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының 2-курс студенті.