Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:36, 04 Ақпан 2021

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ:«Жас Алашта» қалыптасқан туралықтан тайғаным жоқ

None
None

Елге танымал журналист, өзіндік қолтаңбасы  әрі өмірлік қағидасы бар Ғалымжан Елшібай «Жас Алаштың» өз алдына үлкен армиясы есептелетін меншікті тілшілер қосынында табан аудармастан 15 жыл жұмыс істеген.

Қазір «Егеменнің» Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, сонымен бірге Журналистер одағының өңірдегі филиалына жетекшілік етеді. Жуырда Түркістан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Газетіміздің ғасырлық мерейтойы қарсаңында меншік тілшіліктің майын ішіп, жілігін шаққан журналистен алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

– «Жас Алаш» 90-жылдардың аяғы, 2000 жылдардың басында оқырманға жаңаша форматта, жаңаша келбетпен көріне бастады. Алғашқы жарияланған мақалаңыз есіңізде ме?

– Есімде. Тіпті тақырыбына дейін жадымда жатталып қалыпты. «Нөмірі бірінші ханым» деген атаумен жарияланды. Төлеби аудандық әкімдігінде жиналыс өтіп жатқан-ды. Қазіргідей емес,  әкімдердің «түкірігі жерге түспей» тұрған кез. Ортаға аудан әкімінің жұбайы шығатын болды.  Жиналысты жүргізуші «ауданымыздың нөмірі бірінші ханымын шақырамыз» деп хабарлады. Бәріне осы жайт себеп болды.  Мақалада «Малдың құлағына сырға салғандай, енді адамдарды да нөмірлей бастадық па?! Егер аудан әкімінің әйелі нөмірі бірінші ханым болса, одан кейін тұрған орынбасарларының, аппарат басшысының, бөлім басшысының, одан әрідегі шенеуніктердің жұбайлары нешінші ханым болады? Ал менің ауылда жүрген қарапайым анам мен қарындасым нешінші ханым? Мен үшін құрметті анам, сүйікті қарындасым – бірінші ханым» деген сөздер болды. Ол кезде Нұртөре Жүсіп – бас редактор. Мақаланы бірінші беттен көлемді етіп берді. Осылайша елді елең еткізген «Жас Алаштағы» бірінші мақалам «Нөмірі бірінші ханымнан» басталған еді.  

  Газетке меншікті тілші ретінде бұйрықпен қабылданған уақытым  Нұртөре Жүсіп пен Жүсіпбек Қорғасбектің ауысып жатқан кезіне тура келді. Алғашқыда Оңтүстік Қазақстанмен бірге Қызылорда облысын да қоса алып жүрдім. Меншікті тілші ретінде таныстыру үшін берілген мақалам да есімде. Тақырыбы «Бес партия ауыстырған адам  бес Отанды ауыстырудан тайынбайды» деп аталған-ды. Сол жылдары партиялардың бірі құрылып, бірі тарап жатқан. Облыста бір партиядан бір партияға алма-кезек ауысып жүрген азаматтардың әрекетін сынаған материал еді. Содан меншікті тілшіліктің нанын  2017 жылдың қаңтар айына дейін жедік. 15 жыл уақыт екен. Кейбіреулер «Жас Алашта» меншікті тілші болып ең ұзақ жұмыс істеген Ғалымжан Елшібай» дейді. Мұның қаншалықты дұрыс екенін газеттің 100  жылдық тарихын  жетік білетіндер айта жатар.

– Жалпы, оңтүстік жұртшылығының «Жас Алашқа» деген ынта-ықыласы ерекше. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

– Мен сізге бір ғана мысал келтірейін: 2003-04 жылдары «Егеменнің» таралымы облыста 16 500 болса, «Жас Алаштың» тиражы 17 500 еді. Яғни «Жас Алаштың» өңірдегі тиражы бас газет «Егеменнен» де асып түсетін. Осының өзі-ақ «Жас Алаш» беделінің барометрі бола алады деп ойлаймын. Қарапайым оқырманнан бөлек, ат үстінде жүрген шенеуніктердің де «Жас Алашқа» деген көңіл күйлері алабөтендеу. Әлі есімде, газеттің 90 жылдық мерейтойы өтіп, Рысбек Сәрсенбайұлы бастаған бір топ әріптестер оңтүстіктегі оқырмандармен кездесу өткізді. Сондай жиындардың бірінде  облыс әкімі Асқар Мырзахметов: «Мен азамат ретінде «Жас Алаштың» пікірлерімен келісемін, ал әкім ретінде келіспейтін жерлерім бар», – деді. Бұл да басылымның ерекшелігін, өзіндік бағыт-бағдарын бағалау деп ойлаймын.

    Жалпы, сын десе, кейбіреулердің үркіп қарайтыны жасырын емес. Әкімдікте отырған жиындарда сыналатын мәселе айтыла қалса, былай шыққан соң, таныс шенеуніктер «осыны газетке жазасың ба» деп сұрай бастайтын. Сыни мақаланы тек «Жас Алаш» қана жазуы тиіс сияқты көретін. Ал менің ұғымымда сынды барлық қазақ басылымдары жазуы керек, проблемаларды көтеруі қажет. Сыннан қоғамға пайда болмаса, зиян жоқ. Біреудің ауру екенін айтсаң, ол адам сол ауруынан емделеді. Ал оның ауру екенін біле тұра үндемеу – адалдыққа да, адамгершілікке де сыймайды.

«Жас Алашты» жұрт осындай батылдығы, шыншылдығы үшін жақсы көреді.

– Ал атқарушы билік «Жас Алашта» жарияланған сыннан қандай қорытынды шығарушы еді? 

– Сын мақалалардан кейін қызметтік мәселесі қаралғандар, тіпті атқарып отырған лауазымынан босатылғандар да болды. Ең бастысы, мені ешкім сотқа сүйрелеген жоқ. Осының өзі де ардан аттамағанымды, барлық мәселені зерттеп-зерделеп, орнымен жазғанымды білдіретін шығар деп ойлаймын.

Сынағаның үшін қудалап немесе амандаспай қоятын шенеуніктер бола ма?

– Әрине, сынағанды қай шенеунік жақсы көреді дейсіз?!  Қазақта «Ер шекіспей бекіспейді» деген сөз бар. Бірақ осындай сын мақаладан кейін шекісіп барып бекіскен, тіпті содан бастап  қоян-қолтық араласып кеткен азаматтар да бар. Бір мақала үшін ер-тоқымын бауырына алып тулағандарды да көрдік.  Бірде облыстық полиция басқармасының  басшысы, генерал Райымхан Өзбекғалиев туралы сын мақала шықты. Ол кезде Шымкентте пәтер жалдап, көшіп-қонып жүремін. Полиция басшысы мені шарқ ұрып іздесе керек. Таба алмаған соң, туған ауылым – Қасқасудағы әке-шешемнің үйіне тәртіп сақшыларын жіберіпті. Түн ішінде полиция формасын киген қызметкерлер баласын іздеп келіп тұрса, қай ата-ана алаңдамайды дейсіз?!  «Балам-ау, не бүлдіріп қойдың, сені мілисалар іздеп келіп тұр» деп, әкем хабарласты. Әрине, кейінірек генерал тиісті сыбағасын алды. Араға адам салып, өзінің ағат кеткенін айтып, кешірім сұрады.

«Мына адамды жазбай-ақ қойсаң қайтеді» деген өтініштер де болатын. «Сыра цехының артында Тұрысбеков тұр» деген мақаладан кейін облыс әкімінің өзі шығып, «осы кісіге тиіспей-ақ қойсаң, дұрыс болар еді» деген өтініш айтты. Зауытбек Тұрысбеков ол кезде лауазымды қызмет атқаратын. Алайда мен үшін «мынаны жаз, мынаны жазба» деген  тапсырма жүрмейтін-ді. Жазу керек пе, жазамын.

Қазіргі ақпараттық кеңістік шапшаң дамып жатыр.  Кеңес кезіндегідей екі-үш газет пен бір телеарнаға қарап отырғандар жоқ, оқырманда таңдау көп. Қаптаған газет, телеарнадан бөлек, сайттар бар. Әлеуметтік желі белсенділері де көп. Біреулер бір-екі келеңсіздікті  ұялы телефонына түсіріп алып, оны әлеуметтік желіге жариялап жатады. Журналистер одағының өңірдегі филиалының төрағасы болған соң,  кейде таныс азаматтар хабарласып, «Ғалеке, мынадай бір журналист келіп, елді шулатып, қоқан-лоқы көрсетуде, бір нәрсе талап етіп жатыр» дегенді айтады. Айтпағым, журналистік кәсіпке деген адалдық әр адамның ар-ожданына байланысты дүние.  Ал жеке басыма келер болсам, «Жас Алашта» қалыптасқан туралықтан, өзіндік қағидамнан тайған жоқпын деп ойлаймын.

– «Жас Алаштың» сол кездегі ұжымы, бір сапта жұмыс істеген әріптестеріңіз туралы не айтасыз?

– Бас редакторымыз Жүсіпбек Қорғасбек, одан кейін Рысбек Сәрсенбайұлы болды. Қали Сәрсенбай, Әмірхан Меңдеке, Әділбек Қаба, Асылхан Әбдірайымұлы, Сәкен Сыбанбай, Жанарбек Әшімжан, Есей Жеңісұлы,  Жұлдыз Әбілдә, Талғат Ешенұлы, Айгүл Аханбайқызы, Руслан Ербота, Ерік Рахым, Шыңғыс Мұқан т.б.

 Меншікті тілшілердің өздері де бір қауым ел еді. Жамбылдан Көсемәлі Сәттібайұлы, кейінірек оның орнын Оралхан Дәуіт басты. Ақтөбеден Баян Сәрсембина, Қарағандыдан Айтбай Сәулебек,  Қостанайдан Жұмағали Бейісұлы, батыстан Қазыбек Құттымұратұлы, шығыстан Мира Берікбол,  Қызылордадан Миуа Байназар т.б.

      – «Жас Алаштан» елдің бас газеті – «Егемен Қазақстанға» ауысқаныңыз көпшілік үшін күтпеген жайт болды. Қос басылымның бағыт-бағдары да, ұстанымы да бөлек. Осы екі газетте меншікті тілші ретіндегі жұмыс істеудің айырмашылығы неде?

– «Егемен Қазақстан» газетіне ауысып, жұмыс орным өзгергенімен,   журналистік принципім, мақала жазудағы ұстанымым,  алға қойған мақсатым өзгерген жоқ. «Егеменге» барғаныммен, елдің мұңын, халықтың  жай-күйін айту жағы кеміген емес.  Бұл басылымда да  көптеген сыни мақалаларым шығып жатыр. Жалпы, қазір мемлекеттік ақпарат құралдарында сілкініс бар.  Сондықтан Дархан Қыдырәлі  басқарып отырған «Егемен Қазақстан» да осы тенденциядан шет қалмай, басылымда ауқымды өзгерістердің орын алуы заңды. Редакцияға көптеген талантты жас журналистер келді. Оның үстіне кезінде «Жас Алашта» бірге қызмет атқарған бірқатар  әріптестерім қазір «Егемен Қазақстанда»   жұмыс істеп жатыр. Батыс Қазақстан облысындағы Қазыбек Құттымұратұлы, Ақтөбедегі Баян Сәрсембина,  Алматыдағы Айгүл Аханбайқызы секілді танымал журналистермен бір кездері «Жас Алашта» тізе қосып, жұмыс істегенбіз. «Егемен Қазақстан» былтыр ғасырлық тойын тойлады. Биыл «Жас Алаш»  та  100 жылдығын атап өтпек. Осындай ғасырлық ғұмыр кешкен қазақтың көшбасшы  басылымдарында қызмет етуді несібеме бұйыртқан тағдырыма ризамын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Ә

Тегтер: