Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 12 Қазан 2024

Гамлеттің жұмбағы немесе сахнадан айтылған сөз

1
Фото: Бенджамин Уэст картинасы

Күнделікті тыныс-тіршілік, біздің болмыс бітіміміз, айналамызда болып жатқан әлеуметтік, қоғамдық һәм саяси оқиғалардың санамызда жаңғырығы қалады, уақыт өте келе сүйекке сіңісті дүниеге айналады.

Осындай қайшылықты, шиеленісті дүниелердің өнер тіліне айналып көрініс табатын жанры – театр. Бүгінгі біздің театрларда өмірімізде орын алып жатқан саяси-әлеуметтік құбылыстар қаншалықты көтеріліп жүр? Қазіргі қоғамның портреттік бейнесін өнер тілінде ашып көрсеткен қойылымдар, я сахналар бар ма? Театрларда біздің әлеуметтік, саяси өмірімізге байлау, тұрлау болатындай сөз айтылды ма? «Жас Алаш» бұл сұрақтарды Халық әртісі Ерсайын Төлеубай мен жазушы, драматург Мәдина Омароваға қойып көрді.

Ерсайын Төлеубай
Фото: massaget.kz

Ерсайын Төлеубай: Театрды «шоумендер» басқарған жерде сапа болмайды

Тарихты күллі ғылымның атасы деп бекер айтпаса керек. Біздің бүгініміз – ертеңгі тарих. Қай ғылымды алып қарасаң да, алдымен сол саланың шығу тарихына көз жүгіртеді. Қай нәрсенің де тарихын білмей, болашағын болжау мүмкін емес. Ал соның ішінде театр өнерінің тарихын ерекшелеп айтуға себеп көп. Мысалы, Шекспирдің әр еңбегі, шығармасы тұнған хроника мен тарих. Гамлеттің жұмбағын әлі шеше алмай жүргеніміз де содан.

Тәуелсіздік алған кезде қоғамнан да, руханияттан да күткенім көп болды. Кешегі алашордалықтардың айтқанын орындап, бәрін содан бастайды, бәрі сол жолмен жүреді деп сендім. Шынымды айтайын, Алаш деп ояндым. Солардың жолын жалғаймыз, үмітін ақтаймыз деген сенім болды. Қасіретімізге қарай, бәрі керісінше болып кетті. Отыз жыл бір адам тақта отырып, экономика, әлеует, руханиятты ойрандап тастады. Сол сықылды театр да әркімнің бір ойыншығы боп кете барды. Театрды нағыз кәсіби мамандар емес, «шоумендер» басқарған жерде сапа болмайды. Режиссерлер шоу жасауға, шоу көрсетуге талпынады. Кешегі өткен отыз жылымызда мәдениет министрлігі бізге шоу қойып берді. Шоу дегеніміз не өзі? Шоу деген – думандату, қылжақ. Бүгінгі өнер қылжаққа айналып кетті. Сол қылжақты отыз жыл – саясаттың да, театрдың да сахнасынан көріп келдік. Әуезов театрының актері Төлеген Аралбай деген жақын досым болатын. Бірер жыл бұрын Англияға барып, көңілі қалып келді. Біздің басшылар театрдың етік-шапанын киіп, Англияның көшесімен арлы-берлі жүріңдер деп тапсырма беріпті. Ол осыны естіп құсаланды, жаны ауырды. Режиссер – театрдың жүрегі. Бірақ бізде жақсы режиссерлерді театрға жолатпайды. Қазір театрды өнердің принципі мен міндетін білмейтін адамдар басқарып отыр. Өнердің негізгі тірегі – ой бостандығы. Ал ой бостандығы үлкен білім мен мәдениетті, тынымсыз ізденіс пен еңбекті қажет етеді. Сол үшін де не көңілді, не көзді тойдырмайтын сапасыз дүниелер қаптап кетті.

Саяси құбылыстарды сахнаға шығармау үшін ауызбастырық боп отырған биліктің ісі. Саясат пен руханияттың екеуін екі бөлек құбылыс ретінде қарау белең алып кетті. Шын мәнінде, көзіңді тырнап ашып, дүниеден өткенге дейінгі әр сағатың саясаттың құзырында. Мемлекет қайраткерлері, өнер иелері өзін саясаттан алшақ ұстаймыз деген сайын соның қақпанына түсіп жатқанын біле ме екен?

Мәдина Омарова
Фото: ашық дереккөз

Мәдина Омарова: Шетелге еліктеп-солықтаудан болдыратын уақыт жетті

Қоғам портретін, әлеуметтік проблемаларды көрермен санасына сіңімді форматта ұсыну – театрға тән мың қасиеттің бірі ғана. Ол бұл функцияны жеткілікті дәрежеде абыроймен орындап та келеді. Әр театрдың репертуарында аншлаг жинайтын сондай әлеуметтік спектакльдер баршылық. Кейде театрлар өз репертуарын толықтыру мақсатында түрлі тақырыпта пьесалар байқауын жариялайды. Сондағы талаптарға мән берсек олар: жемқорлық туралы, нашақорлық жайлы, лудомания тақырыбындағы, т.б. пьесалар іздейді. Осыған қарап, біз театрдың қоғам айнасы бола білетінін, бүгінгі таңда тіпті публицистік рөл ойнап отырғанын байқаймыз. Бұл театр басшыларының, режиссерлердің, актерлердің өз кәсібінің көмегімен қоғамды өзгертуге ұмтылатынын, халыққа, жалпы адамзатқа өзінің позициясын өнер арқылы жеткізуге талпынатын азаматтық болмысын танимыз. Бұл жағдайда театр – өте жақсы мүмкіндік, мінбе және құрал. Сонымен бірге көп жағдайда театр – мемлекеттік идеологияны қолдаушы, көркемдік тұрғыдан насихаттаушы рөлін де орындайды. Бұл мемлекеттік театрларға тән функция.

Бірақ театрға өнер түрі ретінде қарайтын болсақ, публицистика, саясат – оның жұмысы болуға тиіс емес секілді көрінеді. Себебі өнер – жеке сананың дүниені көркем қабылдау жемісі, ол қаншалықты ажарлы, сұлу болса, соншалықты азапты, тылсым және әлгі жеке сананың өмірді қалыптан тыс, өзгеше қабылдау нәтижесі. Оған қоғам да, саясат та, тіпті белгілі бір ұлтқа, дінге тиесілі сезімі де жат. Ол идеалда: саф өнердің жемісі, көрерменін рухани сілкіндіріп, дүниетанымына төңкеріс жасайтын катарсистік сипатқа ие болуға тиіс. Бірақ, әрине, ондай спектакльді кез келген қатардағы режиссер дүниеге әкеле алмайды. Бізде ондай философиясы терең туындылар қойып, көзі ашық, көкірегі ояу көрерменнің барлық рухани, интеллектуалды қажеттіліктерін қанағаттандыратын суреткер режиссерлер жоқтың-қасы. Барлары бағаланбайды. Керісінше, сәйкес мамандар тарапынан «ескіше қояды», «классикалық үлгіде қояды» деген сараптауларға ұшырайды. Былайша айтқанда, фестиваль болсын, жай көрсетілім болсын, көпшілік алдында заман ағымына ілесе алмаған кертартпа етіп көрсетіліп, жастар мен өзіндік жеке пайымы жоқ театр маңындағы контингент арасында беделі төмендетіледі. Театр өнері – күрделі, синтезді, көпфункционалды өнер, айтар ойы мен оны жеткізер механизмдері тұрғысынан диапазоны кең. Театр арқылы тікелей де, жанама да, сөзбен де, сөзсіз де көп нәрсені беруге болады.

Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі қазақ театрына ол керек емес. Бұл сөзімнің айғағы – соңғы уақытта жалғыз клеткалы мәнсіз қойылымдардың көбейіп кеткені. Айтар ойы тілерсектен ғана келетін, форма қуған, мәтіннен (пьесадан) бас тартқан, поп-эстраданың апасы тәрізді бұл спектакльдер – «драмалық театр өлді», «постдрамалық театр дәуірі туды» деген жалаң сән қуу үрдісінің тікелей салдары. Ол театрлар өнер жасап жатырмыз деп ойлауы бек мүмкін, бірақ ішкі терең мазмұннан ада қойылымдары тек биологиялық рецепторлар деңгейінде ғана әсер етумен шектеледі.

Қорыта айтар болсам, шетелге еліктеп-солықтаудан болдыратын уақыт жетті, ол жолдың ешқайда апармайтынын тарих өзі дәлелдеп отыр. Қазақ тобырға айналмас үшін қазақ театрлары, ондағы спектакльдер – халықтың рухани бағдаршамына, Темірқазық жұлдызына айналуға тиіс. Өзіміздің классикалық туындыларымызды, әдеби жауһарларымызды мақтан тұтайық. Барлық сауалдарымызға жауапты солардан іздейік. Майталман, ойшыл, тәжірибелі, қария режиссерлерімізді қадірлейік. Бағасын білейік. Жастар өсіп, олардың деңгейіне жеткенше әлі қайда...

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: