Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:09, 18 Тамыз 2022

Ғани Мұратбаев атындағы сыйлық табысталды

None
None

Халықаралық жастар күні мерекесіне орай Қазалы ауданында дүбірлі думан өтті. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген жалынды жастарға Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығы аясында өткізілген дәстүрлі IV республикалық Ғани Мұратбаев атындағы сыйлық табысталды.

Шара күндіз қазақ поэзиясының жас толқыны, ақын Ақжол Түменбайдың «Ең сұлу гүлі Тәңірдің...» атты шығармашылық кешімен басталды. Аудандық Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында өткен кешке көрермен көптеп жиналды. Жаны жырға, жүрегі әсем әуенге құмар халық жерлес ақынның туындыларын ерекше ықыласпен тыңдап, тамсана қол соғысты.

Қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келіп, талайды талантымен тамсандырған ақиық ақындардың ізбасары, өнер өлкесіне кеңінен қанат жайған қаламгер Ақжол Түменбайға ақжарма тілегін арнайы келген аудан басшысы Мұхтар Оразбаев:

– Бүгін Халықаралық жастар күні аясында шығыстың жарық жұлдызы Ғанидай ұлды өмірге әкелген қасиетті Қазалы ауданында ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі талантты ақын Ақжол Түменбайдың жеке шығармашылық кеші. Ақжол жас болса да поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасымен ойып тұрып орын алатын ерекше дарын иесі. Оның сөзіне жазылған әндерді барлық жас сүйіп тыңдайды десем артық айтқандық емес. Өзінің қатарының алды, қазақ әдебиеті мен өнерінде өз қолтаңбасы қалыптасып келе жатқан Ақжолмен біз мақтанамыз. Оның әлі талай белестерді бағындырып, шыңдарға жетеріне сенеміз, – дей келе «Алғыс» хат пен сертификат табыстады.

Өнер кешінде аудан өнерпаздары жас ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқап, көрермен көңілін серпілтті. Бұдан соң жер-жерден Қазалыға жиналған жастар Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Ғани Мұратбаев және Жанкент ауылдарында болып, ауданның тарихи орындары мен көрікті жерлерін тамашалады. Кешкілік кент орталығындағы алаңда республикалық Ғани Мұратбаев атындағы сыйлықты беру салтанаты өтті. Бұл сыйлық қазақстандық патриотизмді арттыруға елеулі үлес қосқан жас дарынды белсенділерді қолдау, Орталық Азия мен Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың ісі мен өнегесін өскелең ұрпаққа дәріптеу, кеңінен насихаттау үшін өткізіліп келеді. Сонымен қатар сыйлық талантты жастарды ынталандыру және олардың айрықша сіңірген еңбегін тану мақсатында беріледі.

– Биыл «Заманның тұтқасы да, иесі де жастар!» деп ұрандаған Орталық Азия және бүкіл Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, жерлесіміз Ғани Мұратбаев туғанына 120 жыл толып отыр. Артына өшпестей із қалдырған Ғани Мұратбаевтың ісі мен өнегесін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында республикалық «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығын табыстауды жыл сайын дәстүрге айналдырудамыз. Тек әлемді жайлаған пандемияға байланысты соңғы 2 жылда оны өткізуге мүмкіндік болмады. Жастар елдің заманауи бет-бейнесін қалыптастырып, жаңа идеяларды ұсынуға және Қазақстанды жаңартудың негізгі қозғаушы күші болуға тиіс. Осы мақсатта бүгін республикамыздағы әр сала бойынша осы сыйлыққа лайықты деп танылған үздіктер мен белсенді жастар келіп отыр, – деді аудан басшысы Мұхтар Оразбаев.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы мен облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға «Ғани Мұратбаев» атындағы республикалық жастар сыйлығының Дипломын, төсбелгісін және естелік сыйлықтар табыстады.

Мереке гала-концертке ұласып, эстрада жұлдыздары Өмірқұл Айниязов, Нұртуған Жаңабай және ақын Ақжол Түменбай өнер көрсетті. Шара соңында жастар сыйлығына ие болғандар еркін форматта бас қосып, өзара пікір алмасты. Айта кетейік, биыл төртінші рет ұйымдастырылған байқауға 40-тан астам үміткер қатысып, соның ішінде 17 жүйрік лайықты деп танылды.

Тегтер: