Ғарышқа алғаш рет өздігінен жүре алмайтын адам ұшты
Өздігінен жүре алмайтын Германия азаматы Михаэла Бентхаус ғарышқа ұшқан алғашқы адам ретінде тарихқа енді. Deutsche Welle («Неміс толқыны») сайтының хабарлауынша, сал ауруына шалдыққан 33 жастағы инженер үшін бұл жағдай ғарыш туризміне қатысуға кедергі болмаған.
Еуропа ғарыш агенттігінде инженер болып жұмыс істейтін Михаэла Бентхаус америкалық Blue Origin компаниясы ұйымдастырған шағын ғарыш миссиясының құрамында болды. Сенбі, 20 желтоқсанда ол экипаждың өзге мүшелерімен бірге New Shepard кемесімен ғарыш шекарасына көтеріліп, шамамен 11 минут салмақсыздық жағдайында болып қайтты.
Михаэла Бентхаус 2018 жылы велосипедтен құлап, содан бері өздігінен жүре алмай қалған. Қазіргі таңда ол мүгедектер арбасын пайдаланады. Соған қарамастан, оның бала күнінен бергі ғарышқа деген қызығушылығы өмірлік мақсатына айналған. Айтуынша, бұл арманға «Жұлдыздар соғысы» фильмін көргеннен кейін ерекше ынта пайда болған.
«Бұл - менің өмірімдегі ең керемет тәжірибе. Ешқашан арманыңнан бас тартпауың керек. Әрдайым мүмкіндік болады», - деді ол Жерге қонғаннан кейін.
Америкалық миллиардер Джефф Безосқа тиесілі Blue Origin жеке компаниясы соңғы бірнеше жылда ұйымдастырған ғарыш сапарларына 80-нен астам ауқатты адам қатысқан. Компания билеттердің нақты бағасын жариялаған жоқ.
Айта кетейік, биыл қазан айында қазақстандық Дана Қарағұсова да New Shepard кемесімен шамамен 10 минут ғарыш шекарасында болып, ғарышқа ұшқан алғашқы қазақстандық әйел атанған. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ол бұл сапар үшін шамамен 500 мың АҚШ долларын төлеген.