Ғарышқа жолашқан Blue Origin

Қазақстандық кәсіпкер және альпинист Данна Қарағұсова атақты Blue Origin компаниясының New Shepard зымыранымен ғарышқа сапар шегіп қайтты. Осылайша, ол ғарышқа турист ретінде барып келген алғашқы қазақстандық әйел атанды.
Болмайтын жерден позитив жасап, жұрттың назарын аударуға әуес қазақ билігі осы оқиғаны да өзіне бейімдеп, қандай да бір жетістік ретінде көрсетуге тырысып жатқаны байқалады. Мемлекеттік қызметтегі шенділер ашық айтпаса да, билікке жақын бұқаралық ақпарат құралдары Қарағұсованың ғарышқа турист ретінде барып келгенін жалаулатып-ақ жатыр. Тіпті қыза келе «әлем назары қазақтың нәзік қана қара қызы Данна Қарағұсоваға ауып тұр» деп жазғандар да болды.
Ал кейбірі оны «қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер әйел» деп жариялады. Қазақтан шыққан Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сынды даңқты ғарышкерлер бар. Ал ақшасын төлеп, шетелдік зымыранмен ғарышқа сапар шеккен кәсіпкерді бұл қатарға қосу кімге керек болғаны белгісіз.
Сондай-ақ «ғарышкер» әйелдің тегі де жұрт назарын аударып отыр. Қазақстан халқы Гүлжан Қарағұсова есімді шендіні әлі ұмыта қойған жоқ. Данна сол кісінің қызы. Сенат және Мәжіліс депутаты болған, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған Гүлжан ханым өнімді еңбегімен емес, мемлекеттік тілде сөйлеу мәнерімен ел есінде қалған. Қарағұсова – қазақ билігі қазақ тілінде қалай сөйлейтінін көрсететін айқын мысал. Өйткені ол 30 жыл бойы тәуелсіз елдің билік жүйесінде лауазымды қызмет атқарған адам. Мемлекеттік тілді мансабының соңына қарай ғана үйреніп бастаған Гүлжан Қарағұсова тілі жаңа шыққан жас баладай «былдырлап», көпшілікті күлкіге батырғаны есімізде. Экс-депутат қазір зейнетте.
Ғарышқа саяхаттап жүрген Данна Сергейқызы не үшін екені белгісіз, әкесінің емес, анасының тегін алыпты. Оның үстіне ол белгілі кәсіпкер, Мәжілістен мандат алған Respublica партиясының тең төрағасы Бейбіт Әлібековтің жұбайы болған. Данна Қарағұсова 1984 жылы дүниеге келген, FMG маркетингтік холдингінің негізін қалаушы.
New Shepard зымыраны 8 қазан күні АҚШ-тың Техас штатындағы ғарыш айлағынан ұшты. Бұл Blue Origin компаниясының 36-туристік миссиясы болды. Экипаж құрамында Данна Қарағұсовадан бөлек Джефф Элджин, Клинт Келли III, Уилл Льюис, Аарон Ньюман және украиналық инвестор Виталий Островский болған.
New Shepard капсуласы жер деңгейінен 106 шақырым биікке көтеріліп, ғарыштың шартты шекарасы саналатын Карман сызығынан өтті. Ұшу және қону толықтай автоматты режимде сәтті жүзеге асырылған. Сапар 11 минутқа созылды. Яғни, зымыран жерден ұшып шығып, ғарышқа барып, қайтып келгенше осынша уақыт өткен. Осы қысқа сапар үшін экипаж мүшелері 500 немесе 600 мың доллар төледі деген ақпарат бар. Енді қазақстандық экс-министрдің қызы мініп жүрген зымыран жайлы толығырақ ақпарат берейік.
Blue Origin зымыраны бұған дейін ғарышқа бірнеше мәрте ұшқан. Қарағұсова отырған NS-36 миссиясы New Shepard бағдарламасы аясындағы адам тасымалдаған 15-сапар болып отыр. Осы уақытқа дейін Blue Origin ғарышқа 75 адамды ұшырған, оның ішінде бес мәрте қайта ұшқан жолаушылар бар.
Blue Origin туралы не білесіз?
XXI ғасырдың басында Amazon империясын құрып, дүниежүзін интернет саудасымен жаулаған миллиардер Джефф Безос күтпеген бағытқа бет бұрып, аспанға қол созды. 2000 жылы бар табысының бір бөлігін жұмсап, Blue Origin атты ғарыш компаниясын тіркеді. Миллиардер бұл атауды кездейсоқ таңдаған жоқ, осы сөз арқылы адамзаттың жерден ғарышқа аяқ басқанын білдіргісі келген.
Безостың арманы – «миллиардтаған адам ғарышта өмір сүретін, ал Жер тек демалыс орны болатын болашақ» құру. Ол компанияны әу баста жасырын ұстаған, бірақ аз уақыт ішінде Blue Origin АҚШ-тағы ең ірі жеке ғарыш ұйымдарының біріне айналды.
Blue Origin-нің ең танымал жобасы – New Shepard зымыраны. Ол аты аңызға айналған америкалық астронавт Алан Шепардтың құрметіне аталған. Шепард – ғарышқа шыққан алғашқы америкалық, ал New Shepard – ғарыш туризмі дәуірін бастаған алғашқы коммерциялық зымыран.
Бұл аппарат орбитаға емес, тек 100 шақырым биікке дейін көтеріледі. Яғни, жолаушылар бірнеше минут бойы тартылыс күшінен қол үзіп, салмақсыздық жағдайын сезінеді. Зымыран екі бөліктен тұрады. Тасығыш бөлік өздігінен қайта қонатын, қайта қолдануға болатын жүйе, ал капсула бөлігі жолаушыларды тасымалдайды, ол парашютпен жерге түседі.
Blue Origin бұл жүйені он жылдан аса уақыт бойы сынады. Әрбір сынақта қауіпсіздік бірінші орында тұрды. 2021 жылға дейін компания 15 рет сынақ өткізді, тек содан кейін ғана адамдарды отырғызуға батыл шешім қабылдады.
2021 жылдың 20 шілдесі – адамзат тарихында жаңа парақ ашылған күн. Сол күні Blue Origin өз тарихындағы алғаш рет адамды ұшыру миссиясын орындады. Ол NS-16 деп аталатын тарихи рейс болды. Капсулада төрт адам болды. Алғашқы сапарға Джефф Безостың өзі, оның ағасы Марк Безос, 82 жастағы ұшқыш Уолли Фанк (ғарышқа ұшқан ең егде адам) және 18 жастағы нидерландылық Оливер Даемен (ғарышқа ұшқан ең жас адам) шықты.
Олар 11 минуттық сапарда ғарыш шекарасынан асып, салмақсыздықты сезініп, көк күмбезден Жерге көз тастады. Бұл оқиға тұтас әлемнің назарын аударып, әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Ал ғалымдар мен журналистер бұл сәтті «Ғарыш туризмінің ресми басталуы» деп атады. Содан бері Blue Origin оннан аса миссия орындап, 75 адамды алып ұшқанын жоғарыда жаздық. 2025 жылғы маусым айында компания 70-туристі ғарышқа жеткізді. Бұл жолы сапарға шыққандар қатарында тележүргізуші Гейл Кинг, әнші Кэти Перри, ғалым Айша Боу және кәсіпкер Лорен Санчес сияқты танымал тұлғалар болды.
Ғарышқа ұшу қанша тұрады?
Жұртты қызықтыратын тағы бір тақырып – New Shepard зымыранының билет бағасы. Blue Origin ғарышқа ұшуға ниетті адамдарға арнайы өтінім толтыратын форманы ұсынады. Қазірше билет бағасы ресми түрде жарияланған жоқ, бірақ сарапшылар оның құны 200-250 мың АҚШ доллары шамасында екенін айтып жүр. Бұл сомаға бірнеше күндік дайындық, денсаулық тексерісі және ұшу алдындағы тренинг кіреді.
Компания ережесіне сай, ғарышқа ұшатын жолаушы 18 жастан асқан болуы керек, салмағы 100 келіден аспауы тиіс. Сондай-ақ оның қысымға қаншалық төзе алатыны арнайы тексеріледі. Жолаушылар сапардан кейін Blue Origin Astronaut Badge деп аталатын сертификат алады.
Ғарышқа ұшқан жолаушылардың бәрі бұл сапарды «өмірдегі ең әсерлі сәт» деп сипаттайды. Мысалы, Кэти Перри ғарыштан оралған соң: «Биіктікте өмірімдегі барлық ұсақ-түйек уайымды ұмытып кеттім. Төменде кішкентай көк планета тұр – сол сәтте алып Жердің қаншалық нәзік екенін түсінесің», – деген болатын.
Blue Origin тек суборбиталық туризммен шектелмейді. Компания 2025 жылы New Glenn деп аталатын ауыр зымыранды орбитаға ұшырып, жаңа кезең басталды. Ол – әлемдегі ең қуатты жеке зымырандардың бірі, ұзындығы 98 метр. Ол спутниктер мен зерттеу аппараттарын орбитаға шығару үшін жасалған. New Glenn жобасы Blue Origin-ді SpaceX және NASA секілді алпауыттардың қатарына қосты. Сондай-ақ компания Blue Moon деп аталатын қондырғы жасап жатыр. Оның басты мақсаты – айға қону. NASA бұл құрылғыны 2026-2027 жылдары Ай миссияларына пайдалануды жоспарлап отыр.
Blue Origin-ге айтылар сын да, мақтау да көп. Кей сарапшы компанияның тым баяу дамып жатқанын айтады. Ғасыр басында басталған жоба қазірге дейін ғарышқа 75 адамды ғана жеткізді. Оның үстіне олардың 20-дан астамы ғана жеке туристер, ал қалғаны инженерлер мен сынақ қатысушылар деген ақпарат бар.
Қалай болғанда да Джефф Безос адамзаттың ғарышқа ұшу арманын алғаш болып орындады деуге негіз бар. «Ғарышқа шығу – үлкен тәуекел. Бірақ бұл тәуекел адамзаттың ертеңіне қызмет етсе, соның өзі жеңіс», – дейді миллиардер. Сөз басында бір басылым «әлем назары ғарышқа ұшқан қазақ қызына ауды» деп асыра сілтегенін жазған едік. Біздің ойымызша, әлем назарын аудару үшін мұндай зымыран қазақ даласынан ұшуы керек шығар.
Қуан Өмірхан