Ғарышкер Талғат Мұсабаев дүниеден өтті

Халық Қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғарышкер Талғат Мұсабаев 75 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Талғат Мұсабаев 1951 жылғы 7 қаңтарда Алматы облысындағы Фабричное (қазіргі Қарғалы) ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Рига азаматтық авиация инженерлері институтын, ал 1983 жылы Ақтөбедегі жоғары әскери авиациялық училищені тәмамдап, инженер мамандығын алған. Сонымен қатар, сынақшы-ұшқыш және ғарышкер ретінде арнайы даярлықтан өткен.
1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен ғарышқа бортинженер ретінде алғашқы рет ұшып, жалпы ұзақтығы 125 күнге созылған сапарында 4 мәрте ашық ғарышқа шыққан (шамамен 25 сағат).
1998 жылы экипаж командирі ретінде екінші рет ұшып, тағы 3 рет (шамамен 16 сағат) ашық ғарышқа шыққан. Бұл сапар 207 күнге созылған.
2001 жылы үшінші рет ғарышқа командир ретінде ұшып, алғашқы ғарыш туристі Деннис Титоға ілесіп, 8 күндік сапар жасаған.
2007–2016 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігін (Қазғарыш) басқарған. Осы жылдары елдің ғарыш саласын дамытуға жетекшілік етті.
2017–2023 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты болған.
2016 жылдан бастап Президенттің кеңесшісі қызметін атқарды.