Ғарыштық мониторинг: азық-түлік қауіпсіздігі және экологиялық тепе-теңдік

Қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру мақсатында ғарыштық технологияларды пайдалану жаңа деңгейге көтерілуде.
Осы орайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ұлттық ғарыш орталығына барып, жерді қашықтықтан зондтау спутниктік жүйелерінің жұмысымен, ауыл шаруашылығы өндірісін мониторингтеуге арналған цифрлық платформалармен танысты.
Министрге «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы мамандары ғарыштық спутниктер арқылы алынған деректердің ауыл шаруашылығында қалай қолданылатынын көрсетті. Бұл технологиялар егістік жерлер мен жайылымдардың жай-күйін бағалауға, су тұтынуды бақылауға, сондай-ақ өнімділік болжамдарын жасауға мүмкіндік береді. Жерді қашықтықтан зондтау деректері ауыл шаруашылығының дамуына бағытталған шешімдер қабылдауда маңызды құралға айналып отыр.
Кездесу барысында министр ғарыштық мониторинг деректерін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қалыптастырған ақпаратпен салыстыруды тапсырды. Бұл қадам егістік алқаптарының, өнімділік көрсеткіштерінің және су тұтыну көлемдерінің есептеріндегі айырмашылықтарды анықтауға мүмкіндік бермек. Аталған жұмыс жер мониторингінің бірізді тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған.
Цифрлық технологиялар да назардан тыс қалмады. Мысалы, Agrospace платформасы егістік жерлер туралы ақпарат беріп, субсидия алуға өтінімдерді негіздеуге көмектессе, JerInSpectr платформасы жерді дұрыс пайдаланбау фактілерін анықтауға және алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Agrogharysh модулі арқылы жердің кадастрлық деректері мен өсімдік шаруашылығы туралы мәліметтер біріктіріледі.
Министр А.Сапаров кездесуді қорытындылай келе, ғарыштық технологияларды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану уақыт талабы екенін атап өтті. Ол агросаланы басқару жүйесін заманауи спутниктік деректермен ұштастыру, жасанды интеллект пен үлкен деректер талдауын енгізу қажеттігін ерекше айтты. Мұндай қадамдар ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып қана қоймай, жер мен су ресурстарын тиімді басқаруға жол ашып, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтермек.
Ғарыш пен ауыл шаруашылығының тоғысуы – жай ғана технологиялық серпіліс емес, бұл адамзаттың ежелден келе жатқан табиғатты тану мен оны басқару ұмтылысының жаңа белесі. Бұрынғы дәуірлерде шаруалар ауа райын жұлдыздарға қарап болжаған болса, бүгінгі фермерлер жерді спутниктер арқылы бақылай алады. Бұл – заманның өзгергенін, ғылым мен тәжірибенің тоғысқанын көрсететін жарқын мысал.
Ғарыштық мониторинг тек өнімділік пен ресурстарды тиімді басқарумен шектелмейді. Ол азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Дәлдікпен есептелген егістік карталары, суды үнемдеу әдістері, топырақтың жай-күйін бақылау – мұның бәрі жердің құнарын сақтауға көмектеседі. Бұл тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың қамы.
Қазақстан бұл бағытта өз әлеуетін толық пайдаланып, ғарыштық технологияларды ауыл шаруашылығына тереңірек енгізсе, агросекторы күшті, экологиясы таза, ресурстары тиімді басқарылатын елге айналары сөзсіз. Бұл – тек технологияның емес, ой-сананың да жаңғыруы, табиғатпен үндесудің заманауи жолы.
Қосқанат Бауыржан