Ғарыштық технология маңызы қандай?
Цифрлық технологиялардың дамуы – қазіргі таңда әлем елдері үшін шешуші рөл атқарады.
ІТ саласы, цифрлы технологияларды дамыту – экономиканың барлық саласын қамтып қана қоймай, ілгерілеуге жол ашады. Әсіресе бүгінгі таңда цифрландыру жүйесі ғарыш саласының дамуында айрықша рөлі бар екенін де айта кеткен жөн.
Негізінде, сандық жүйеге Қазақстан да өркениет көшбасындағы мемлекеттермен бірге көшіп алған. Әрі цифрлы жүйе арқылы еліміздің денсаулық, сауда нарығы, білім саласының барлығы дерлік жұмыс істеп те келеді. Бірақ ғарыш саласына келгенде, әлі де біршама жаңалықтар қажет-ақ. Осы орайда, Қазақстанның барлық өңірлерінде ІТ, ғарыш саласына қатысты тиісінше жұмыстар жүргізіліп келе жатқандығын да айта кеткен жөн. Мәселен, биыл ғарышкерлер күнінде «Эко Алматы» ЖШС ғарыштық технологиялар қоршаған ортаның ластануымен күресе алатындығы жөнінде тың ақпараттарымен бөлісті. Мәселен, олардың пікірінше, халықаралық ғарыш стансасында қазір пластиктерді өңдеуге рефабрикатор 3д принтері арқылы станса экипажы экспедицияда пайда болған пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы жаңа заттарды жасай алатын көрінеді. Ал жаңа нысандарды құру процесін жердегі операторлардың бейнекамералары арқылы бақылауға болады.
Ал ғарыштық күн электрастанса арқылы күннің уақытына, метеорологиялық жағдайлары мен планетаның атмосфералық әсеріне қарамай, күн энергиясын жинауға мүмкіндік береді. Ал стансадан келетін энергия микротолқындарға, не болмаса лазер сәулесіне айналып, жерге беріледі. Қытай ғалымдарының айтуынша, аталмыш станса жер ғаламшарынан отыз алты мың шақырым биіктікте орналасатын көрінеді. Бұл туралы біздің ғалымдар да біраз зерттеулер жүргізуде.
Сонымен қатар алдағы уақытта әлем бойынша ғарышта суды қайта өңдеу технологиясы әзірленіп жатыр. Яғни болашақта ғарышкерлер The water Recovery System технологиясы бойынша әр ұшқан сайын таза сумен қамтамасыз етіліп отырады. Сондай-ақ келешекте ғарышкерлерге арналған экологиялық таза тамақ орайтын қаптама дайындалуда. Қаптаманы Самара техникалық университетінің қызметкерлері әзірлеген болатын. Экологиялық қаптама арқылы ғарышта сақтап қана қоймай, жылытуға да болады.
Көбіне біз Байқоңыр ғарыш айлағынан зымырандар ұшқан сайын «ауа ластанды, климаттық өзгерістер болды» деп шағымданып жататынымыз рас. Бірақ ғалымдар арнайы зерттеулер жүргізіп, ауаның ластануын бақылауға болатын спутниктерді пайдалану жөнінде ұсыныстарын айтты. Бұл жүйе тіпті ІТ технологиясы жағынан дамып кеткен Қытайда жуық арада іске қосылмақшы. Яғни енді Қытайдың әртүрлі аймақтарында ауаның ластануын бақылайтын спутниктерді пайдалану жоспарлануда. Бірақ ол үшін жерді қашықтықтан зондтау технологиясы бойынша спутниктік бақылаудың арнайы бағдарламасы іске қосылады.
Сондай-ақ келешекте ғарыш қоқыстарын тазартуға да байланысты ғылымға біраз жаңалықтар енбекші. Айта кетейік, бұған дейін алғашқы ғарыштық қоқыс, яғни жердің алғашқы жасанды спутнигін жер орбитасына шығарған зымыран фрагменті болған еді. Мәселен, Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан уақытта жерге жақын кеңістіктерде екі жүз адам жасаған қоқыс нысандары пайда болып, олардың саны 1980 жылға дейін бес жүзге дейін өскен болатын. Ал қазіргі уақытта ол нысандардың саны екі мың километр қашықтықта өлшемі бір сантиметрден тоғыз жүз мыңға жуық нысанға дейін жеткен. Алдағы уақытта бұл нысандарда назарға ілініп, тиісті жұмыстар жасалады деген үмітіміз бар. Себебі Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің өзі бір пікірінде еліміздегі ғалымдар мен шетелдік ғалымдар бірлесе отырып, көп жұмыс атқарғандығын айтып қалған болатын. Соның біріне тоқталсақ, алдыңғы жылдары қазақстандық Ghalam ЖШС мен британдық SSTL компаниясы бірлесе отырып, ғылыми технологиялық мақсаттағы KazSTSAT ғарыш аппаратының сәтті іске қосылған-ды. Нәтижесінде, 2018 жылы үшінші желтоқсанда алғаш рет америкалық SpaceX компаниясының Falcon-9 зымыран тасығышы ұшырылған болатын. Соның арқасында, яғни спутниктің отыз алты ай бойы апатсыз, әрі штаттық режимде үздіксіз жұмыс істеуінің нәтижесінде қазақстандық технологиялар әлемдік нарықта оң көзқарас танытқанын айта кеткен жөн. Бұл туралы Бағдат Мусин: «KazSTSAT ғарыш аппараты бастапқыда тек технологиялық мақсатта, ғарышта қазақстандық жобалау технологияларын апробациялау мен ғарыштық кіші жүйелерді жасау үшін қолға алынған болатын. Бірақ жұмыс барысында Airbus компаниясымен келісімге келе отырып, спутникке коммерциялық оптикалық камера орнату мүмкіндігі туды. Нәтижесінде, 2019 жылдан бері Ghalam ЖШС еліміздегі төтенше жағдайлар мен ауыл шаруашылығындағы мәселелерді шешу үшін «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясына ғарыштан суреттер түсіріп береді. Әрі сол арқылы Airbus Space Defense стратегиялық серіктесіне деректерді коммерциялық тұрғыда экспорттайды» дейді министр. Осы тұрғыда, ғарыштық суреттер негізінде арнайы жобалар мен шешімдер жасауға жол ашу мақсатында алдағы уақытта Ghalam ЖШС еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарына KazSTSAT-тың ғарыштық суреттерін қолжетімді етіп, болашақ ІТ мамандарға таныстыруға дайын екендіктерін де айтқан болатын.
Алдағы уақытта да ғарыш саласында жаңа технологияларға байланысты жаңа өзгерістер мен жаңалықтардың елімізде әлі де біраз өзгерістер енетініне сенімдіміз. Себебі артық айтып, мақтанғандық емес, Қазақстан ғарыштық технологиялар бойынша үздік отыз елдің қатарына енген екен. Бұл туралы Қазақстан Республикасының ҰҒА академигі Мейірбек Молдабеков: «Еліміздің ғарыш саласында атқарған жұмыстарына бүкіл әлем куә. Әрі еліміздің ғарыштық түйіндемелір мен жаһандық нарықтағы сұранысы бар бұйымдардың тәжірибелік өндірістерін ұйымдастыруы үшін орта және шағын кәсіпке беруге де әзір. Дегенмен біз озық елдердің қатарына ендік деп қарап отырмай, әлі де ғарыштық технологияға жаңалықтар енгізіп отыруымыз керек. Себебі ғарыштық технология әр күн сайын жаңартылып отыратын нәрсе. Сол үшін де ең алдымен тәжірибелік жабдықтарды жаңартып, шетелдік әріптестеріміздің қызығушылығын оята білуіміз керек. Әрі ғарыш саласындағы зертханалар мен тәжірибелік-эксперименттік базамызды да үздіксіз жаңартып отыру қажет. Осы арқылы біріншіден, шетелдік әріптестерімізді қызықтырамыз, екіншіден, тәжірибе алмасуда ғылыми әріптестікті кеңейту үшін мүмкіндіктер туады» дейді ғалым.