Ғасырларды арқалаған туынды
Жанұзақ Мүсәпір туралы жақсы сөз жиі естіледі: оны ұстаз-педагог деп мақтайды; тележурналист ретінде бір ғана «Інжу-Маржан» бағдарламасында 500-ге жуық хабар жасағанын ауыз толтыра айтады;
әсіресе бейнелеу өнері саласындағы шығармашылық ізденістеріне ерекше баға береді. Олардың айтқанына мен де қосыламын. Бірақ қайталағым келмейді.
Халық әнін халықтың өзіне қайтарды
Мектептегі мәдени шараларды ұйымдастыруда көзге түскен мұны ауыл басшылары да байқап, ірі істерге де жұмсайтын болды. Сондай тапсырманың бірі – аудандық «Ауыл кеші көңілді» деп аталатын ұлттық құндылықтар фестиваліне ауыл жастарын жұмылдыру әрі дайындау-тұғын. Қазақтар өзінің жоғалғанын іздеуге, өшкенін жандыруға ұмтылған сол жылдары ауыл-ауыл болып мәдени шаралар өткізіп, өзара жарысатын үрдіс шыққан. Ол жарыста әр ауыл таза қазақша сөйлеп, ұмыт қалған ұлттық құндылықтарды барынша көрсетуге міндетті еді. Жанұзақ саралап көрді: аудандағы бірде-бір ауылда өмірдің шындығын бетке шыжғырып басатын сатиралық шоу көрсету жоқ екен. Өз ауылының жаңалығы болсын деп, ол кезде жиырмадан жаңа асқан актерлер – Асқар Наймантаев, Отар-алы Көлжанды және бір қыз актрисаны шақырып, ауыл жастарының күшімен сахналық көрініс жасауды қолға алған Жанұзақ өзі режиссер, өзі сценарий авторы болды. Сатиралық көрініспен бірге ешкім естімеген күйді, бұрын көрмеген биді, жалпы жұртқа тарамаған әнді сахнаға шығарайық және айташы хабарлағанда бұған дейін бұқараға белгісіз екендігін міндетті түрде айта кететін болсын деген талап қойды. Күй де, күйші де, би де, биші де табылды. Ал ән оңайлықпен табыла қойған жоқ. Бұрнағы жылы ауылдағы жасы келген бір қариядан іздеп барып үйреніп алған бір ән бар-тын. Қариядан өзге ешкім айтпайтын да еді, бұған дейін жарық көрген ән жинақтарында да жоқ болатын. Сол әнді Жанұзақ Асқарға үйретті. Әннің мәтіні былай болған:
Ақ көйлектің етегін алтындаған, еркем-ай,
Қос жамбыдай жанарың жарқылдаған, еркем-ай!
Қайырмасы:
Сен емес пе ең маған теңдес,
Сен көнгенмен әкең көнбес,
Әттең, тонның келтесі-ай,
Әттең, тонның келтесі-ай!
Ешбір жанның ажары артылмаған, еркем-ай,
Алтыннан да бағалы парқың маған, еркем-ай!
Осы әнді сол фестивальда тұңғыш рет Асқар сахнада нәшіне келтіріп айтты. Халық бірден жаттап алды да, ән кең тарап кетті. Эстрада әншілері іліп әкетіп, ел ішіндегі ең мәшһүр әндердің біріне айналды. Сөйтіп, Жанұзақ қалтарыста қалған халық мұрасын халықтың өзіне қайтаруға мұрындық болды.
Балуан Шолақ бейнесін ел жадына бекітті
Қазақтың әмбебап дарынды тұлғасы Балуан Шолақтың әлпетін өз заманында арнайы ешкім фотоға жеке түсіріп алмаған. Топпен түскен бір фотода бейнесі болған екен, бірақ өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы ойраны кезінде жоғалған. Бұған дейін Әбілхан Қастеев салған нұсқа да, сол ғасырдың тоқсаныншы жылдары Балуанның ұлы Құдайбергеннің келбетіне қарап, басқа суретшіге салдырған графикалық нобай Балуан Шолақтан гөрі Құдайбергеннің өзіне көбірек ұқсап кеткендігін көз көрген ағайындары да, ұрпақтары да айтқан. Халықтың көкейінде «Балуан Шолақ бейнесін бейнелеу өнер шеберлері қайта салса» деген арман бар еді. Жанұзақ осы арманды естіп, Балуан тұлғасын майлы бояумен қайта салып шығуды азаматтық парыз санап, ізденуге кірісті. Талай кітаптарды ақтарды. Балуанның түр-тұлғасы, кескін-келбеті, дене бітімі, бет-пішіні, мінез-құлқы, әдет-әдебі, киім киісі, отырыс-тұрысы, жүрісі, қозғалысы туралы бұрынғы және кейінгі ақпараттарды жинады, салыстырды. Туған-туысқандарын, үрім-бұтақтарын аралады, кездесті. Балуанның кейпін іздеді. Ақыры тапты. Ақмола облысы Бұланды ауданындағы Тастыөзекте туған, Бұланды ауданындағы Макинск қаласының әкімі болған, өзі де спортшы Шайдолла Құдайбергенұлы Шолақовты кездестірді. Шайдолла атасы Балуанға өте ұқсап туған екен. Шайдолланың көзге бірден көрінетін шашы, қасы, кірпігі, жанары, қарашығы, мұрны, ерні, беті, иегі, құлағы, мойны, иығы бәрі-бәрі – Балуан Шолақтың болмысына өте ұқсас деген ағайындарымен бір шешімге келгеннен кейін сол Шайдолла тұрпатын негізге алып, Балуан Шолақ бейнесін салуға кірісті. Аз уақыт кетпеді. Әбден «болды-ау» дегенде ғана Балуанның ұрпақтарына көрсетті. Бәрі дән разы болды. Сол кезден бастап барлық жерде Жанұзақ салған Балуан тұлғаты пайдаланылып келеді.. Сөйтіп, ол ұлттың қайталанбас тұлғасының тұрпатын өмірге қайта әкелді.
Ықыластың жанарына жан бітірді...
Әйгілі қобызшы, композитор Ықылас Дүкенұлы – арғы замандардан келе жатқан қобыз күйлерін жеткізуші, өз заманына лайық дамытушы, қобызда күй тарту мен күй шығару өнерін биікке көтерген қайталанбас өнер иесі. Осы тарихи тұлғаның тұрпатын да халық әртүрлі кейіпте көріп, қайсысының дәл Ықылас екенін айыра алмай келе жатқаны шындық болатын. Бұл мәселе Жанұзақты ойландырмай қоймады. Қобызшының мінезін табуды, сол мінезді салып, Ықыластың бұған дейін салынған бейнесіне жан бітіруді көздеді. Талай зерттеуші, жазушы-журналист, ғалымдардың ол туралы жазғандарын оқыды. Солардың бірі академик Ахмет Жұбанов Ықылас туралы: «Ықылас мінезінде бір нәрсеге ренжу, қапаланып, қайғылану деген тіпті болмайтын. Басына қара түнек төнген күннің өзінде ол ақыл-есінен айырылмай, өмірдің өткінші қиыншылығымен күресе білетін» депті. Ендеше, Ықылас әлемге ақылды көзбен назар салып, болған істің қай-қайсының да үстінен қарайтын қайсар адам ретінде бейнеленуі керек. Кескін-келбетін бірден табуға көмектесер фотосы болмағандықтан, ұрпақтарынан, нағашы жұртынан Ықыласқа қатысты фотоларды, салынған басқа да суреттерді жинады. Түр-тұрпат, кескін-келбетін салыстырып, Ахмет Жұбанов айтқан мінезді іздеді. Ақыры Ықыластың баласы Дүйсебайдың ұлы Ермекбайдан туған Шуақбайдың перзенті Еділді тапты да, осылар арқылы іздегенінің ізіне түсті. Бұрын басқа бір суретшіге Шуақбай салдырған Ықыластың бейнесі көңілдерінен шықпапты. Әсілі, елдің айтуынша, Шуақбай тек кескінімен ғана емес, мінезімен де атасына өте ұқсайды екен. Фотосында ол қасы қалың, қой көзі үлкендеу, жанарынан от ұшқындаған, ат жақтылау, жайдары адам. Мұның ұлы Еділ әкесінен аумай қалған. Жалпы, Еділ Шуақбайға, ол Ермекбайға, Ермекбай Дүйсебайға, Дүйсебай әкесі Ықыласқа тарта туғандығы анықталған соң Жанұзақ іске кірісті. Ол Ықылас бейнесін Шуақбайдың фотосына да, өзіне де, әсіресе оның ұлы Еділдің келбетіне қарап салды, сөйтіп, адамның әлпетіндегі тіршілік белгілерін суретте де айқын көрсетуге тырысты. Арнайы ат арытып, Тараздағы мұражайға барып, аттай қалап, уақытша сұрап алған Ықыластың өз қобызының сыртқы кескіні де, мінезі де ұқсайтын Еділдің қолына ұстатып қойып салды. Ұзақ еңбек нәтижесінде айналасына асқақ оймен қарап, жанарынан от шашқан мінезі жайдары, қобыз ұстаған Ықылас бейнесі дүниеге келді. Сөйтіп, Жанұзақ қобызшы Ықылас Дүкенұлының жанарына жан бітіріп, қазақ халқына қайта ұсынды. Ұлт ұрпағы оның бұл жұмысын да жылы қабылдады.
Он бір ғасырды арқалаған керуен...
Жанұзақ қайта тірілткен бейнелердің бәрі музыка адамдары екен. Олай болатыны – суретшінің өзі де музыкаға жақын жан. Сондықтан да ол салған суреттерде көзге көрінбейтін, екінің біріне біліне бермейтін тартылыс күші бар. Жанұзақтың әл-Фараби тақырыбына барғандығының бір себебі – музыкаға жақындығында жатса, тағы бір себебі – оның білімге және ғылымға деген құштарлығында. Содан да болса керек, оның үлкен додаға қосқан «Балалықтан даналыққа» атты полиптихы-тақырыбы ортақ бірнеше картина жиынтығы көрген жанның бірде-бірін бейжай қалдырмайды. Көрген адам әуелі «әл-Фараби кім?» деген сұраққа жауап іздейді. Өміріне үңіледі. Ғылымда ашқан жаңалықтарына ой жүгіртеді. Сөйтіп, ұлы ғұлама философиялық-гуманитарлық салада: 1.философия, 2.логика, 3. этика, 4.эстетика, 5.саясат, 6.социология, 7.лингвистика, 8.поэзия, 9.шешендік, 10.музыка, 11.қоғамтану;ал жаратылыстану салаларында: 1.астрономия, 2.астрология, 3. физика, 4. химия, 5.география, 6.космология, 7.математика, 8.геометрия, 9.медицина, 10.биология, 11.зоология ғылымдарын терең меңгеріп, құнды жаңалықтар ашқанын біледі. Осы біз әдейі санамалап көрсеткен 11 санын сіз полиптихтан да табасыз. Бажайлап қарасаңыз, Отырарда туған оғланның балалық шағынан даналыққа дейінгі ғұмыры және ғылыми ойлары бүгінге дейін үзілмей он бір (!)түйеге жүк болып, келешекке қарай маң-маң басады. Және бес картинаның әрбірінде бейнеленген түйелердің кейпінде сол ғасырдың таңбасы, сол ғасырлардың біріне-бірі сабақтасқан рухани һәм затындық байланысы бар. Сондай-ақ ол ұлы керуен он бір ғасыр бойы келешекке қадам басып келеді. Ал әл-Фарабидің өзі бота кейпіндегі жиырма бірінші ғасырды да жетелеп, көш бастап барады.
Жанұзақтың бұл туындысы ұзақ жылдарғы ізденістен туған, айтары салмақты да салиқалы, философиялық иірімі терең шығарма. Көзге көрінген сыртқы сұлбаларға қарап қана ойға қалған танымы мен талғамы бар көрермен тереңірек үңілсе, бүкіл әл-Фараби әлемін шарлап кетері де, сол арқылы адамзат ақыл-ойының әлеуетін де, тарихы мен тағдырын да танитыны хақ. Және болашақта да әр ұрпақ өз ақыл-парасат пайымының деңгейімен баға берері де сөзсіз. Осындай мазмұнымен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар бұл тарихи туынды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленуге әбден лайық.
Сағатбек Медеубекұлы,
Филология ғылымының кандидаты, өнер зерттеуші