Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 20:25

«Ғасырларға жалғасқан ерлік» форумы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды

1

Ақтөбедегі «Өнер орталығында» өткен форумға қатысу үшін Ресейден және Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен делегациялар келді. Бұл шара мерейтойлық жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі ретінде атап өтілді.

Форумның мақсаты — батырлықтың, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмнің символына айналған мерген қыздың рухына тағзым ету. Шараға мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және ғылым саласының өкілдері, сондай-ақ батырдың туыстары қатысты.

1

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы атынан форумға қатысушылар мен ақтөбеліктерді осы маңызды тарихи оқиғамен құттықтады.

«Әлия Молдағұлова – бүкіл қазақ халқының мақтанышы, қайсар рух пен жанқиярлықтың символы. Бүгінгі форум – тарихи жадымызды сақтау мен жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу жолындағы ортақ жауапкершілігіміздің көрінісі. Форумды ұйымдастырған барша азаматтарға, Әлия Молдағұлованың ерлігін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға атсалысып жүрген жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке, ұлттық құндылықтарға адалдыққа баулып келесіздер», – деді Президент кеңесшісі.

Шараға қатысушыларды Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров та құттықтап, батыр есімін ұлықтау бағытында өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында жаңа мәдениет орталығы мен мемориалдық музей салынып жатыр, сондай-ақ Әлия ауылында инфрақұрылым дамып келеді.

1

Асхат Шахаров өз сөзінде педагог әрі қоғам қайраткері, Әлияның ерлігін зерттеуге және жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруге өмірін арнаған Ғалымжан Байдербестің еңбегін ерекше атап өтті.

Форум барысында Әлия Молдағұлованың ерлігіне, тарихи жадыны сақтау жолындағы зерттеушілер мен қоғам белсенділерінің үлесіне, сондай-ақ музейлік және мәдени жобалардың патриоттық тәрбиедегі рөліне арналған мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Сөз алғандар қатарында – ғылым өкілдері, музей қызметкерлері, батырдың туыстары мен арнайы шақырылған қонақтар болды.

1

Ярославль облысындағы «Вятич» патриоттық орталығының жетекшісі Любовь Абрамова Вятское ауылында батыр қыздың рухына деген құрмет ерекше екенін айтып өтті. 1942 жылы Әлия Молдағұлова Ленинград қоршауынан эвакуацияланған балалармен бірге Вятское ауылына жеткізілген еді.

«Біз Ярославль облысы Вятское ауылынан келдік. Өңірлерімізді екі мың шақырымдай қашықтық бөлгенімен, Әлия Молдағұлованың есімі бізді берік байланыстырып тұр. Ярославль жерінде оның есімі зор құрметпен аталады: Батырлық мемориалында есімі қашалып жазылған, ауыл мектебінде құжаттар мен фотосуреттер қойылған арнайы музей ашылған. 1942 жылы Әлия біздің мектебімізде 7-сыныпта оқыды, сондықтан біз оны зор мақтанышпен өзіміздің түлек деп атаймыз. Вятское ауылына келген әрбір турист Әлияның ерлігі жайлы біледі. Оның бейнесі ауылымыздың мәдени-тарихи өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды», – деді Любовь Абрамова.

Шара соңында халық махаббаты мен алғысына бөленген, 50 жылдық тарихы бар «Әлия» әні шырқалды. Әнді сахнада әнші Мерей Самұрат тебірене орындап, көрермендердің зор қошеметін иеленді.

1

Форумға дейін Әлияның мемориалдық кешенінде мәдени-танымдық шара өтті. Мерейтойға арнайылап келген меймандар мен ақтөбеліктер аты аңызға айналған мерген қыздың жарқын бейнесін бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды.

Тегтер: