Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 12 Қазан 2023

Ғасырлық тарихы бар мектеп

мектеп
Фото: из открытых источников

Елдің ертеңі саналатын келешек ұрпаққа алғаш рет әріп танытып, адам бойындағы кісілік қасиетті үйрететін ұстаздар ұлттың ұстыны болуға әбден лайық. Қай дәуірдің ұлы тұлғалары болса да, олардың өзімен бірге ұлық ұстаздарының есімі қоса аталады.

 Тұлға да ұстазға бас иеді. Мұғалім – қоғамның тамыршысы, бағыт-бағдар беруші тұлғасы. Әлі күнге дейін мұғалім көрсек, именіп тұратынымыз, мектеп табалдырығын аттаған сайын сол бала күнгідей көңіл күй мен толқуды бастан кешіретініміз жасырын емес. Ал мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. Отбасы мен мектептен алған тәрбие мен тағылым әр адамның өміріне берілген ең алғашқы жолдама іспеттес. Ұстаз бен мектеп мәртебесі туралы сөз қозғағанда Алаштың күн келбетті ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген сөзі еріксіз еске түседі. Осы орайда, біз өз өлкеміздегі мектептердің тарихы туралы не білеміз деген сұрақ ойға оралатыны анық. Атап айтсақ, биыл Батыс Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп лицей-интернатының ашылғанына бір ғасыр уақыт болды. Республикаға атағы кең тараған, Ақ Жайық өңірінің жас ұрпағына білім шырағын жаққан, Орал қаласында тұңғыш қазақша білім беріп, ғылым негізіне бастау болған ұлттық мектептің өмір жолы мен өсіп-өркендеу тарихы тереңнен сыр шертеді. Мектептің тарихи шежіресі халқымыздың ардагер ұлы, белгілі ағартушысы, жазушы, ақын Сәкен Сейфуллиннің есімімен тікелей сабақтасып жатыр.

1923 жылы қазан айында Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып тұрған уақытында Орал қаласына іссапармен келеді. Бұл оқиға турасында: Тұрсынбек Кәкішевтің «Өнегелі өмір» топтамасымен шыққан «Сәкен Сейфуллин» кітабында атап өтіледі. «Осы тұста қазақтар көп орналасқан аймақ болғанымен, облыс орталығында қазақша білім беретін бірде-бір мектептің жоқтығы, қазақ балаларының облыс орталығындағы оқу орталығындағы оқу орындарында бірен-саран ғана кездесуі Сәкен Сейфуллинге мектеп ашу туралы ой салады», – дейді. Сол келген сапарында Сәкен Сейфуллин «Красный Урал» газетіне мақала жазып, білім беру мәселесіне көп тоқталған және қазақ мектебін ашу туралы ұсыныс тастаған. Сол ұсыныстың нәтижесінде 1924 жылы қазан айында губернаторлық атқару комитетінің көмегімен І және ІІ дәрежелі жеті жылдық мектеп пен жатақхана ашылған. Мектеп Гурьев, Илецк, Калмыково, Жымпиты және тағы басқа уездердің балаларымен толықтырылған. 1924 жылдың аяғында 106 оқушы болып, 1925 жылдың мамыр айында бала саны 160-қа дейін жеткен. Мектептің ең алғашқы директоры – Хасен Муньянов есімде азамат болған. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатында «Қызыл Ту» газетінде (1925 жылы 16 сәуір, №26 санында) тұңғыш рет Оралда жеті жылдық мектеп-интернат ашылғаны және жергілікті бюджетпен 1390 сом бөлінгені туралы мақаланы аңғарсақ болады. Мақалада мектептің ашылу мақсатын бірнешеге жіктейді: бірінші мақсаты – қазақ балаларын өз ана тілінде оқытуды жақсарту, екінші мақсат – шалғай аудандарда тұратын еңбекшілердің балаларын интернатта жатып, білім алуына мүмкіндік жасау, үшінші мақсат – оқу-тәрбие процесін кеңейту үшін материалдардың техникалық базасын жасау. 1934 жылы Оралдағы тұңғыш қазақ мектебінің алғашқы түлектері мектепті тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Содан бері Сәкен ашқан мектеп қаншама шәкірттің бағын жаққан қасиетті қара шаңыраққа айналды. 1964 жылы 22 мамырда мектепке Сәкен Сейфуллин есімі беріліп, 1994 жылы ақын ескерткіші ашылды. 2008 жылы 22 ақпанда мектеп дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені мәртебесін алды. Мектептің жүз жылдық өмір тарихында талай қазақ баласы білім алып, Отанымыздың игілігіне қызмет атқаруда. Бір кезде жартылай панасыз балаларға арналып ашылған мектеп өзінің өсу-өркендеу жолында талай қиындық пен табысты сәттерді бастан кеше отырып, бүгінгі тәуелсіз елдің талантты балаларын оқытатын мектеп дәрежесіне дейін көтерілді. Ұзақ жылғы білім мен тәрбие беру жолында күллі Қазақстанға №11 мектеп ретінде танымал болған білім ордасынан атақты академик Асан Тайманов, КСРО халық әртісі Роза Жаманова, ақын Ақұштап Бақтыгереева, білім және ғылым министрі дәрежесіне дейін көтерілген Бірғаным Әйтімова, жазушы Қайыр Бектұрғанов, шахматтан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Шәмшиден Мырзағалиев, белгілі айтыскер ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев, самбодан әлем чемпионы Асқар Шайхиев, қазіргі кезде етене танымал айтыскер ақындар Бауыржан Халиолла, Талант Арынбаев сынды талай белгілі тұлғалар түлеп ұшты. Атқарған жұмысты жас ұрпаққа терең ұғындыру – ұстаз-тәрбиеші ұжымының тәрбие саласында атқарып жатқан басты жұмыстарының бірі. Бүгінгі таңда еліміздің өсу-өркендеу, әлем елдері қатарынан танылған шағында табысты жұмыстарымен кітапта есімдері аталып, еңбектері ерекшелене көрінген адамдар өмірі де ұрпаққа үлкен өнеге болмақ.

Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды, байлығымызды түгендеу, игеру, жас ұрпақ бойына игі қасиеттерді сіңіру –бүгінгі ұстаздардың басты борышы. Ең бастысы – ұстаз адами қасиеті мол, басқаға қайырын тигізуден шаршамайтын, шалдықпайтын өмірінің әр шақтарын қиып, ұрпағының ертеңіне жол ашатын, шуағы мол шапағат иесі. Мұғалім бойындағы білім мен мінез үйлесімділік тауып, шәкіртке деген ұлы махаббатпен тоғысып жатса, әрбір шәкіртіне жеке тұлға деп қарап, адал жүрегін ұсынса, өз ісін жан тәнімен сүйіп істесе, нағыз ұстаз болмақ. Осы орайда Сәкен мектебінде отыз жылдан астам қызмет қылған ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ағерке Орынқызы мектепке алғаш келген сәтімен бөлісті. Білікті ұстаз, білімді маман: «1992 жылы сол кездегі Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (қазіргі Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті) үздік дипломмен аяқтаған соң, ең алғашқы еңбек жолын осы мектептен бастады. Осы жылы наурыз айында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген кезде мен Зәуре Сапарова есімді мұғалім менің тәлімгерім болды. Сол ұстазымнан оқушылармен байланыс орнатудың, сабақ берудің қыр-сырын толық ұғындым деп айтсам болады. Мектепте жүріп, көзге түскен соң мектеп институтқа сұраныс жіберіп, оқуымды аяқтай салысымен осы мектептің мұғалімі болып орналастым. 1992 жылдан бүгінгі күнге дейін отыз бір жыл бойы мектепте қызмет етіп келе жатырмын. Ұстаз болып сабақ берген ең алғашқы сәт күні кеше болған секілді әлі есімде. Менің ең бірінші 10-сыныпқа сабақ өтуім керек болды, сабақтың тақырыбы – Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығы. Ең бірінші сабаққа кірген сәтте оқушылар жас мұғалім деп аса зейін қоймады, алайда сол кездегі білімім мен қабілетімнің арқасында сабақты бірден игеріп кеттім. Тіпті басында шулап, тыңдағысы келмеген бір оқушының тамсанып: «сабақты керемет түсіндіреді екен» деген сөзі әлі есімнен кеткен емес. Сол сәт, сол айтылған сөз маған үлкен әсер қалдырып, мойнымдағы үлкен жауапкершілікті сездіргендей болды. Сол күннен бастап, мен де әр сабағыма асқан жауапкершілікпен қарап, мұқият дайындалатын болдым. Күн сайын білімім мен тәжірибемді жетілдіру мақсатында үлкен ұстаздардың сабақтарына қатысып, біліктілігімді арттырдым. Сәкен атамыздың ашқан мектебі облысымыздың білім беру жүйесінде, жалпы өлке тарихында алатын орны орасан зор. Осы кезге дейін мектеп бізге, оқушылар мен ата-аналарға талай мүмкіндіктерді ұсынып, жетістіктерге жол ашты. Жалпы республикада білім беру сапасы бойынша көш бастап тұрған алдыңғы қатарлы мектептердің бірі де, бірегейі осы – Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп. Оқушылар мектепке емтихан арқылы қабылданып, өзі таңдаған бағытта тереңдетілген білім алады. Бұдан бөлек, мектепте оқушылардың қызығушылығына арналған қосымша сабақтар, ғылыми жобалар байқауы, спорттық үйірмелер бар. Мектебіміздегі тереңдетілген сыныптарда жай мектептерге қарағанда сағат саны көп. Гуманитарлық сыныптар қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын, тарих пәндерін тереңдетіп оқыса, химия-биология, физика-математика бағытындағы сыныптар жаратылыстану, математика пәндерін көп оқиды. Бүгінгі күні мектебіміз тек қана Батыс Қазақстан облысында ғана емес, күллі еліміздегі білімнің қара шаңырағына айналып отыр», – дейді. Сонымен қатар мектептің тағы бір артықшылығы ретінде Ағерке Орынқызы мектеп жанынан ашылған өнер мектебін атап өтті. Өнер мектебіндегі оқушылардан құралған «Атамұра» үлгілі оркестрі мектептің ғана емес, күллі Орал өлкесінің мақтанышына айналған. 2007 жылдан бір сыныпқа түгелдей өнер бағытында оқитын балалар қабылдана бастайды. «Шәкерім Құдайбердіұлы «Талаптан да білім мен өнер үйрен, білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл» демекші, мектептің оқушыларымызға жасаған тағы бір мүмкіндігі – мектеп жанынан ашылған өнер мектебі. Өнер мектебінде оқушылар әртүрлі аспаптарды меңгеріп шыға алады. Қазіргі таңда «Атамұра» үлгілі оркестрі республикаға кеңінен танымал. Қазіргі кезде өлкемізде мектеп көп, олардың басым көпшілігі жаңа технологиямен қамтамасыз етілген, жаңа ғасырдың қажеттіліктеріне сай. Біздің бір ғасырлық тарихы бар мектебіміздің ғимараты ескі екені бір өкінішті жағдай, соған қарамастан, жыл сайын мектепке түсуге ниеттеніп, өтініш білдіретін оқушылар мен ата-аналар саны азайған емес. Осының өзі мектептің облыстағы беделі мен мәртебесін айқындап тұр деп ойлаймын. Сондықтан ұстаз ретінде жүз жылдық тойына дайындалып жатқан мектеп зәулім, жаңа ғимаратқа ие болуы керек деп ойлаймын.

Орыс халқының ұлы педагогы Ушинский: «Бала – балқытылған алтын» дейді. Сол балқытылған алтыннан қандай мүсін шығуы мұғалімнің қолында. Сондықтан алдымызға келген шәкірттерге білім беруде, жалпы қоғамда ұстаздар қауымының рөлі ерекше. Ұстаздық тек білім мен біліктілікті ғана емес, жан-жақтылықты, парасаттылықты, шығармашылық пен шыдамдылықты талап ететін мамандық. Оқушының бойынан көрінген шамшырақты одан сайын дамытып, шырағын жағу – біздің басты міндетіміз. Осы орайда ұстаз тек мектептегі шәкіртті ғана емес, жалпы ұлтты тәрбиелейтін тұлға дер едім», – дейді.

Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: