Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

«Гауһартас» – қазақ қызына қойылған рухани ескерткіш

Дулат Исабеков
Фото: Ернар Алмабек

Екі жылдан бері Дулат ағаның суреткерлігі туралы сұхбаттар беріп, көрермен алдында сөйлеп жүр едім. Әсіресе «Гауһартас» қойылымы сахналанған соң, талай студияларда журналист пен көрермен тарапынан қызығушылық жиі туатын.

 Ол кезде Дулат ағаның шығармашылығы туралы осы жақта сөйлесек, бүгін ол кісі туралы өткен шақта сөйлейміз деп кім ойлаған. Бірақ өмірдің өзі сондай ғой. Қимайсың, қимағанмен қолдан келер шара қайсы. Дулат ағамыз өміршең туындыларымен ұлтымыз бен халқымыздың санасында, жүрегінде сақталады. Себебі Дулат ағамыздың қай шығармасындағы кейіпкерлердің ұлттық колориті мол, бояуы қанық. Мәселен, «Гауһартас» шығармасындағы Салтанаттың өзі мен үшін жиырмасыншы ғасырдағы дала қызының символикалық бейнесі іспеттес. Салтанаттың болмыс-бітіміндегі шынайылық, сұлулық, әдемілік, мөлдірлік пен тазалық, адамгершілік күллі қазақ қызының бейнесін айшықтап тұрғандай. Дулат ағаның «Гауһартасы» қазақ қыздарына арнап қойылған рухани ескерткіш. Бұл шығарма біздің театрда ғана емес, күллі қазақ театр кеңістігінде үлкен жанартау секілді құбылысқа айналды. «Гауһартас» спектаклінің премьерасы өткеніне екі жылға жуықтады, осы уақыт ішінде үш жүз мәрте қайта қойыппыз. Бұл жалғасын таба беретін, көрермен тарапынан үнемі сұранысқа ие болатын қойылым.

Былтыр кітап сататын «Меломан» дүкендер желісі ең көп сатылған он кітапты атаған кезде, Дулат ағамыздың «Гауһартасы» көш бастап тұрды. Спектакль мен прозалық шығарманың арасындағы байланыстың тығыз орнағаны сонша – қойылымнан шыққан көрермен жазушының шығармасын оқуға асықты. «Гауһартас» шығармасын оқи отырып қазақ жігіттері жарды, ананы, әйелді қалай сыйлау, аялау керек, осы сезімнің тереңіне барды деп сенемін. Бір ғана шығармасы арқылы қарапайым қазақ шаңырағының жан сарайын ашып көрсеткендей болды. Сондықтан «Гауһартас» спектаклін әр сахналаған сайын әйелді қадірлеп, құрметтеген қоғам – нағыз өркениетті қоғам екенін қайталай беруден жалыққымыз жоқ.

Әдебиет, мәдениет – ұлттың рухани әлемін, таным-тағылымын биіктететін дүниелер ғой. Дулат ағамыздың қай шығармасы да қазақ әдебиетінде шоқтығы биік туындылар. Ағамыз: «Гильгамеш туралы мифологиялық аңыздың желісімен мифологиялық-философиялық драманы жазып беремін. Бұл менің драматургиядағы соңғы нүктем болады. Әттең-ай, қазір денсаулығым сыр беріп жүр, біресе қан қысымым көтеріледі, біресе жүрек соғысым жиілейді. Бірақ мен қалай да аяқтап беремін» деп еді. Сол арманына жете алмай қалды.

Дулат ағамыздың артында қалған мәдени мұра қазақ руханиятында орны елеулі құндылық, таусылмас қазына. Ағамыздың өзі де ұлт жүрегінде асқақ тұлғасымен қала беретіні анық. Театрымыз үшін де бүгін қаралы күн, себебі ағамыздың «Гауһартас» шығармасы театрымыздың төлқұжатына айналған еді. Дулат аға театр ұжымымен бес-алты мәрте кездесті. Ағамыз әр кездесу сайын балаларға бірнеше сағаттап өмір, өнер, әдебиет хақында ойларымен бөлісетін, батасын беретін. Дулат ағамызбен сыйласып, рухани аға-дос, іні-дос боп жиі сырластық. Ғұмырдың сан түрлі кезеңінде сені жазықсыз ғайбаттаған сәттерде ағамыз: «Ешкімге кек сақтама. Шығыс даналарының даналығы менің өмірлік ұстанымым болды, Асхатжан. Сен – мейірімді азаматсың.

Жамандықтың өлетін жері жақсылардың кеудесі. Сенің кеудең сол жақсылардың кеудесі болсын» деген еді. Енді ағамыздың мәңгілік ғұмыры басталды. Сол мәңгілік ғұмырына септігімізді тигізгіміз келеді. Болашақта Дулат ағамыздың «Қарғын» романына инсценировка жасап, сахнаға шығарсам деген жоспарым бар. Дулат ағамыз ұлтына рухани ұстаз, ұйытқы бола алған тұлға. Ол өмірдегі өзінің азаматтық, қайраткерлік, суреткерлік миссиясын абыроймен атқарды.

Асхат МАЕМИРОВ