Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 19:38

Ғауез Нұрмұхамбетов. «ДЕСАНТ»

Ғауез Нұрмұхамбетов
Фото: ЖИ / Жас Алаш коллажы

СҚО әкімі Ғауез Торсанұлының алмаған білімі, істемеген жұмысы жоқ. Экономист те, заңгер де, агроном да, ғалым да, тіпті механизатор да – бір өзі. Еңбек жолын егіс алқабынан бастағанын ескеріп, «Тракторист» дей салуымызға да болар еді.

Алайда біз шенеуніктердің шинелін шешіп, «иіс-қоңысын» тексеріп, кейіпкерлерімізді аса тұқырта бергіміз келмейді. Керісінше, жақсысы болса, асыруға мүдделіміз. Бірақ мұнымыз «жаманы болса, жасырамыз» деген сөз емес. Ал «Ғауез Торсанұлының жақсы жері қайсы?» деген сұрақ туғанда, аузымызға алдымен оралғаны осы болды. Бұл кісі Әуе-десант әскерінде (ВДВ) борышын өтеген. Яғни, десант, немесе өздерінің тілімен айтқанда, «вдвшник».

Механизатордан әкімге дейін

Кейіпкеріміз 1968 жылы Қостанай облысының Майское ауылында өмірге келген. 1992 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ғалым агроном» мамандығы бойынша, 2002 жылы Челябі мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша, 2008 жылы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша тамамдаған. Басқаша айтсақ, Ғауез Торсанұлы оқудан жалықпайтын кісі. Құры оқи бермей, ғылыммен де шұғылданған. Нәтижесі – экономика ғылымдарының кандидаты.

Ал еңбек жолын 1985 жылы Қостанай облысы Комсомол ауданы «Магнайский» совхозының №1 бригадасының механизаторы болып бастаған. Білесіз, сексенінші жылдардың ортасы – комсомолдардың дүркіреп тұрған заманы. Бұл кезеңде кейіпкеріміз бар болғаны 17 жаста еді. Механизаторлықтың қыр-сырына қаныққан Ғауез Торсанұлы жерлес апасы, адал еңбектің ардакүреңі Кәмшат Дөненбаева секілді Еңбек ері атануы да мүмкін еді. Бірақ еркек біткеннің басты міндеті саналатын әскери борышы кейіпкерімізді негізгі бағытынан бұрып әкетті. Әскерден бұлшық еті бөлшек-бөлшек болып оралған жігіт бұзылған трактордың бөлшектерімен алысқысы келмеді. Бұл кезде Кеңес одағы құлап, колхоз-совхоздар құруға айналған. 1992 жылы Ғауез Торсанұлы Торғай облысындағы бір совхозға агроном болып барды. Екі жылдан кейін Қостанайға қайтіп оралып, «Московский» совхозының бас агрономы болды. Былай қарасаңыз, осы қарқынымен ауданның ауыл шаруашылығы бөліміне баратын-ақ маман. Бірақ Торсанұлы «трюк» жасады, 3 жылдан кейін, яғни 1997 жылы Таран ауданы әкімінің креслосына отырды.

Егер механизатор кезінен бері есептесеңіз, айналасы оншақты жыл, ал агроном болып, резіңке етікпен егістік аралап жүретін кезінен бастасаңыз – бес жыл. Осы бес жылда совхоздың қатардағы маманы ауданның бірінші басшысына айналды. Немесе кейіпкеріміз әскердегі «әдісіне» салып, аудан әкімінің кабинетіне «аспаннан салбырап» түсті.

Осыдан кейін Ғауез Торсанұлы төмендеп көрген жоқ: ана аудан, мына ауданға әкім болды. Қостанай қаласын басқарды. 2015 жылы Қостанай облысына Архимед Мұхамбетов әкім болып келгенде, кейіпкеріміздің жұлдызы жанды. Архимедті айналсоқтап, қасынан шықпады. Мұхамбетов облысты 7 жыл басқарса, Нұрмұхамбетов 7 жыл бойы бірінші орынбасары болды. Архимед отырса, Ғауез де отыра берер ме еді, кім білсін, 2022 жылы Мұхамбетов-Нұрмұхамбетов «дуэті» аяқталды. Облысқа Құмар Ақсақалов келгенде, кейіпкеріміз Сенатқа қарай еріксіз «сырғыды». Бірақ барғанынан қайтқаны тез болды. 2023 жылдың қаңтарында сенатор болған кейіпкеріміз қыркүйекте шенеуніктік «шинелін» қайта киіп, СҚО әкімінің орнына жайғасты.

Ғауез Нұрмұхамбетов
Фото: ашық дереккөз

Журналисті жақтан ұру және «қайым айтыс»

Әуе-десант әскерінде борышын өтегендердің күш-қуаты «бойына сыймай» жүретінін байқаған шығарсыз. «ВДВ, алға!» десең бітті, кешегі десанттар қарсы келгеннің бәрін жайпап өте шығады. Өйткені ВДВ – элиталық әскери бөлім, сондықтан өздерін өзгелерден жоғары қояды. Ал ВДВ күнінде (2 тамыз) тойламайтын десант жоқтың қасы. Сондай тойлардың соңы төбелеске ұласып жататыны – табиғи заңдылық. 2017 жылы тікелей эфир жүргізіп тұрған журналисті «артығырақ сілтеген» бір вдвшник жақтан бір ұрып, экраннан «шығарып» жіберген. Бір тәуірі, бұл оқиға біздің елде емес, Ресейде болды. Интернеттегі бейнежазбаға қарасаңыз, НТВ арнасының тілшісі Никита Развозжаев тура ВДВ күнінде Горкий саябағынан тікелей эфир жүргізеді. Дәл осы кезде журналистің қасынан әлдебіреудің дауыстап әлдене айтып жатқаны естіледі. Тілші «сөйлемеңізші, өтініш!» дейді, ал анау мұны жақтан бір ұрады. Тікелей эфирдің қиын жері осы ғой, студияда отырған журналист қыздың көзі бақырайып кетеді, әрі бұған миллиондаған көрермен куә болады...

Құдайға шүкір, біздің вдвшник журналиске жұдырық жұмсаған Дмитрий Орловқа қарағанда, әлдеқайда ұстамды. Бірақ кейде әрнені сұрап, «миын ашытатын» тілшілермен тәжікелесіп қалатыны бар. Мысалы, өткен жылы әріптесіміз Мәдина Жатқанбаевамен жатта кеп «айтысқан». Айтысқанда, екеуінің қолында домбыра болған жоқ. Тілшінің қолында – смартфон, әкімнің алдында – микрофон тұрды. Бірақ журналист пен әкімнің «қайым айтысын» сөзбе-сөз қайталасақ, ұзаққа кетеміз.

Сондықтан мәселені түсіндірейік. 2025 жылы СҚО-да үй құстары белгісіз аурудан қырылған. Халық шырылдап, әкімдіктен көмек сұрайды. Ал ондағылар «Тауық өлсе, Торсанұлы теуіп өлтірген жоқ қой, біздің не кінәміз бар?» деп ойлаған ба, әйтеуір, үн-түнсіз жатып алады. Сосын халық журналистерден жәрдем сұрап, дау көтереді. Сол кезде Астанадан арнайы барған әріптестеріміздің бірі Мәдина Жатқанбаева болса керек. «Астаналық тілшілер келді» деген ақпарды естіген соң, әкімдіктегілер де орнынан қозғалып, өлген қаз-үйректі қапқа салып тасып, өлексесін тау қылып үйіп, өртеген сияқты. Міне, журналист осыны айтты да, «Әкімдік бірдеңе істеу үшін неге журналистер баруы керек?» деген сыңайда сұрақ қойды. Әкімнің жауабы мынадай болды: «Мүмкін осындай жағдай сіздердің келулеріңізбен сәйкес болып қалған шығар, кім біледі енді. Бірақ мұны тексеріп алу керек, даталарын нетіп, Руслан Жатканович, бәрін тексеріңдер, Марат Білімбаевичтен сұрап, жарай ма?».

Мұны экраннан көрген жұрт тіпті ашуланды. «Үй құстары қырылып болғанда, бұлар әлі тексергелі жүр ме?» деп күйінді. Дегенмен әкім айтқан «тексерудің» де халық пен жергілікті билікті бір-біріне жеккөрінішті еткен ерекше маңызы бар болатын. «Оны түсіну үшін құстар қалай қырылды?» деген сұраққа жауап тауып алу керек. Тұрғындардың айтуынша, кесел тиген қанаттылар түнімен ішіп, таңға жуық төрт-бес жігітпен жалғыз төбелескен вдвшник құсап, денесі дел-сал боп құлайды екен. Сосын көп ұзамай, аузы-мұрнынан көбік ағып, тыпыр-тыпыр ете қалатын көрінеді. Бұған жергілікті ветеринариялық станция пастереллез деген диагноз қойыпты. Ал оған халық келіспейді. Неге? Себебі құстар пастереллезден өлсе, оған үкімет өтемақы төлемейді. 7 мың үйрек-қазды қырып салған кесапаттың тегін емес екенін сезген жұрт Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтына талдау жасатады. Бұл мекеме «H5N1 – яғни құс тұмауының ішіндегі ең қауіптісі» деген қорытынды береді.

Өкінішке қарай, институттың айтқаны емес, жергілікті биліктің дегені болды. «Үй құстары пастереллезден қырылды» деген ресми жауап айтылды. Яғни көктемде Башқұртстаннан балапан сатып алып, қыста семіртіп сатпақ болған жұрттың үміті күйреді. Несие алғандар шығынға батты. Онсыз да жалақысы төмен, табысы аз өңірдің кедей-кепшігі көбейді. Бір қызығы, халық қысылған сайын әкімдік байып бара жатқандай көрінеді, кейде. Мұның сырын енді келесі бөлімде айтайық.

Ғауез Нұрмұхамбетов
Фото: ашық дереккөз

Ғауездің «ғазалдары» мен өтірігі

Ғауез Торсанұлының бір қасиеті – өзіне ұнамайтын сауалды қайтара сұрасаң да, тура жауап бермей, орағытып сөйлей береді. Мысалы, «Алтынбек Сапаров субсидия ала ма?» деген сұрақты ылғи айналып өтеді. Алтынбек Сапаров – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың туған бауыры. Оның 2019-2020 жылдары бюджеттен шамамен 713 млн теңге субсидия алғаны жұртты да, журналистерді де елең еткізген. Содан бері «Алтынбек қанша алады?» деген сауал кейіпкеріміздің алдынан кесе-көлденең шығып қалып жүр. Бірақ мардымды жауап жоқ.

Кейіпкерімізге ұнамайтын тағы бір сауал – «Петропавл қашан Қызылжар болып өзгереді?». Жауап жоққа тән. Асып кетсе, «Аймақта онсыз да мәселе жеткілікті, сондықтан бұл қазір маңызды емес» дей салуы мүмкін. Мұндай жалтарма жауаптарды «Ғауездің «ғазалдары» дей салсақ, болатын сияқты. Ал мынау бір өтірігін қарапайым халық қалай жору қажеттігін түсінбей қалды. Tengrinews тілшісіне сұхбат берген әкім журналистің «Қандай көлікпен жүресіз?» деген сұрағына: «Кәдімгі қызметтік көлік. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында отандық көлік мінемін, Kia K9 көлігімен жүремін», – деп жауап берген.

Вдвшник отаншыл болмағанда, енді кім отаншыл болуы керек? Әріптесіміз әкімнің жауабына тәнті болып, кәдімгідей іш тартып қалады. Алайда журналистің көңілі сәлден кейін нілдей бұзылғанын байқайсыз. Өйткені алыстан келген тілшіні сыртқа ертіп шыққан әкім Lexus 570 көлігіне отырады. Сыртта Kia түгілі, оның көлеңкесі де жоқ. Тілші қарындасымыз да мықты екен «Әкім мырза, жаңағы отандық көлігіңіз қайда?» деп әңгімені көбейтпей, Торсанұлының сөзі мен ісі қабыспайтын жерді әлеуметтік желіге салып кеп жіберді. Осы бейнежазбаны көрген жұрт «Ойпыр-ай, шімірікпей қалай өтірік айтады?!» деп таңданды. Енді біреулер «Оған таңданатын несі бар, қанша дегенмен вдвшник қой, мұндайлар өздерін батыр шалыс көреді. Әманда батыр шалыстар қазір айтқанын қазір ұмытып қалады» десті.

Ел не десе де, біздің айтпағымыз басқа. Білдей бір облысты басқарған сырықтай шенеунік сирағын екі бүктеп, жеңіл көлікке қалай отырады? Жоқ болса, амал жоқ. Бар болған соң мінеді, бай болған соң қандай көлікке мінсе де, жарасады. Сондықтан мұны да «Ғауездің «ғазалдары» қатарына қоса салғымыз келіп отыр. Алайда «ғазалдың» жөніне қанша жапсырсаң да, жуымайтын, мемлекеттің ақшасын оңды-солды жұмсауға келгенде, ғазалдан гөрі тажалға көбірек ұқсайтын тағы бір мәселе бар.

2025 жылы облыстық әкімдіктің ғимаратын жөндеуге 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінгенін естіген солтүстіктегі жұрттың өкпе-бауыры солқ ете қалды. Неге екенін болжап отырған шығарсыз, аймақта су тасқынынан жыл сайын зардап шегетін халық көп. Өңір – республика бойынша жалақы мөлшері ең төмен, ал коммуналдық төлемдер құны бойынша ең жоғары аймаққа жатады. Яғни солтүстіктегі жұрттың жағдайы өзге аймақтарға қарағанда, ауырлау. Ал халыққа қарайласуы тиіс әкімдік «сазарғаннан сазарып», ел-жұрттың қырылған үйрек-қазына да өтемақы төлегісі келмейді. Ал өздерінің ғимаратын жөндеп алуға ақша аямайды.

Осы мәселе көпшілікті шулатқанда, Торсанұлы бүй деді: «Бұл ғимарат 1950 жылы салынған. Осы уақыт ішінде ешқашан жөндеу көрмеген. Мұнда барлық басқармалардың 70 пайызы орналасқан, мемлекеттік қызметкерлер күнделікті осында жұмыс істейді».

Осылай деген кейіпкеріміз «бөрінің артындай шулаған жұртты қатырдым» деген шығар. Бірақ қанша айтсаң да, «қатпайтын» мәселе сол ғой, 70 пайыз басқарма басқа жақтан көшіп келген жоқ. Олар кеше де, оның арғы күні де дәл осы ғимаратта отырған. Ғауез Торсанұлына дейінгі әкімдер де, үкіметтің ақшасын шашып, өз кабинеттерін жөндеуге арланды. Жоғарыдан жасқанды, халықтан ұялды. Бірақ бірден ескертейік, бұл – СҚО әкімінде ұят жоқ екен дегенді білдірмейді. Біздіңше, Ғауез Торсанұлы өгіздей қымбат көлігіне ғимараттың жұпынылау сұлбасы сәйкеспейтініне ұялған сияқты. Ал негізінде ұялатын мәселе мүлде басқа болатын.

Ғауез Нұрмұхамбетов
Фото: ашық дереккөз

«Қайраңдағы балық» және есепсіз миллиардтар

Білетін шығарсыз, елімізде 15 облыс өзін-өзі асырай алмай, қайраңдағы балықтай үкіметке аузын ашып отыр. Жыл сайын республикалық бюджеттен олардың көмейіне «нәр» тамызылады. Мәселе, кімнің қанша алатынында. Біреулер уыстап алса, біздің кейіпкеріміз құлаштап алады. Қарапайым салыстыру үшін айтайық, 2026 жылы Алматы облысына – 108 млрд, Ұлытау облысына – 60 млрд, Павлодар облысына – 7 млрд дотация бөлу қарастырылған. Ал СҚО-ның «алашағы» – 334 млрд. Қарапайым есепке салсақ, СҚО – Алматы облысынан 3 есе, Ұлытау облысынан 5,5 есе, Павлодар облысынан 47 есе артық ақша алады.

Біз мұны Ғауез Торсанұлын ұялтайын деп айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені аймаққа қаржы бөлінерде әкімдердің қай әскери бөлімде борышын өтегені есепке алынбайды. Облыстағы өндіріс орындары, табиғи байлықтары, географиялық орналасуы, т.б. бойынша талдау жасалады. Сосын «мынау – саған, мынау – оған» деп аш балаға мәмпәси таратқандай, үлестіріледі. Сонда мәселе неде? Мәселе – үкімет берген сол ақшаның әр тиынын санап, ұқыптап, құнттап жұмсай білуде. Дәл осыған келгенде, кейіпкеріміздің жағдайы парашюті ашылмай қалған десанттың жандалбасасын еске түсіреді.

Естідіңіз бе, естімедіңіз бе, өткен жылы Жоғары аудиторлық палата СҚО-да тексеру жүргізген. Тексеру барлық ведомствоны қамтып, ұзын-ырғасы 215 млрд теңгенің қайда жұмсалғанын шотқа салды. Құдай ұрғанда, қанша есептесе де, 28 млрд теңгенің есебі шықпай, аудиторларды аң-таң қылған. Ал 28 млрд дегеніңіз сұмдық ақша! Жоғарыдағы есепке тағы бір қарасаңыз, Павлодар облысын 4 жыл асырайтын қаржы! Сонда ол қаржы қайда кетеді? Әкімге сенсеңіз, ешқайда кетпеген сыңайлы, тек «қаржылық бұзушылықтар» болған және оның 90%-ы немесе 25 млрд теңгесі бюджетке қайтарылған.

«Ең бастысы, бюджет қаражатын ұрлау немесе мақсатсыз пайдалану фактілері тіркелмеді. Барлық бұзушылық тек рәсімдік сипатта, құжаттардағы сәйкессіздік пен мемлекеттік қызмет көрсетудегі кемшіліктерге байланысты», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

«Рәсімдік сипат» пен «құжаттағы сәйкессіздік» қайдан шығады? Мемлекеттің қыруар қаржысын жоғалтып жібере жаздаған жауапты шенеуніктердің «адами сипаты» дұрыс па, бұрыс па? Олар өздерінің қызметіне сәйкес пе, сәйкес емес пе? Егер Астанадан аудиторлар келмесе, 28 млрд теңге «сәйкессіздіктің» кесірінен «суға ағып» кетуі керек пе еді? Мемлекеттен алақан жайып, сұрап алған қыруар қаржының есеп-қисабын бақылай алмаса, Ғауез Торсанұлының өзі не істеп отыр? Миллиардтардан жаңылатын әкім экономика ғылымдарының кандидаты деген атақты қалай қорғаған?

Міне, осындай сұрақтар көтерілгенде, кейіпкерімізді ақтауға тырысқан оқырмандардың да болғаны рас. Олардың ой-пікірін тұжырып айтсақ, былай: «Ғауез Торсанұлы негізі, аса жаман адам емес. Десант болған соң сол ғой, кейде өзін әуеде қалықтап жүргендей сезінеді. Сондай сәттерде «қаржылық бұзушылықтарды» байқамай қалған шығар. Дегенмен бір кемшілігі бар. «Бұзушылыққа әуес бұзықтардың» тұмсығын бұзбаса да, жамбасынан теуіп тұруға неге болмайды?! Оған құзыреті де, күш-қуаты да жетеді ғой...».

Негізі адам тебу – дұрыс емес. Егер бюджеттің ақшасын рәсуа қылғалы тұрған шенеунікті байқап, облыстың бірінші басшысы ретінде жамбасынан теуіп, ертеңгі жазадан аман алып қалса, ақтауға болатын шығар. Қалған уақыттың бәрінде біреуге зәбір көрсеткендерді қоштауға болмайды. Бірақ есіңізде болса, адам теппейтін әкім «ескерткішті теуіп құлатты» деген әңгіме өткен жылы тараған.

 Ғауез Нұрмұхамбетов
Фото: Жас Алаш коллаж

«Аруақты басқа тебу»

Бұл – кейіпкеріміз үшін жұртты өзінен теріс айналдырған өте ыңғайсыз жағдай болды. Солтүстік Қазақстандағы Жамбыл ауданы Петровка ауылы маңындағы Аққұсақ қонысында бой көтерген мемориалдық кешен 2025 жылдың 27 қыркүйегінде ашылуы керек еді. Игі істі қолға алғандар ескерткіштің ашылуын Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орайластырып, жоспарлаған. Бастысы, бұл шаруаға мемлекеттен соқыр тиын бөлінбеген. Кешеннің салынуына демеуші болған кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаев болса, тағы бірі – Міржақып Дулатұлының жиен немересі Ерлан Әбенұлы. Яғни қарапайым халық, асылдың сынығы, жақсының тұяғы.

Ал Аққұсақ біреулерге айдала болып көрінгенімен, қасиетті мекен. 1918 жылы шілдеде дәл осы жерде Алаш қайраткерлері бас қосып, Алаш орда әскерін жасақтау мәселесін талқылаған. Оған Қызылжар және Көкшетау уездерінен 22 болыс өкілдері қатысқан. Қалғанын «Жас Алашта» жарияланған «Кәсіпкер салады, әкімдік бұзады: СҚО әкімдігінің салғырттығы Алаш кешенін дауға айналдырды» атты мақаладан оқып алсаңыздар болады.

Ал біз негізгі мәселеге көшейік. Мемориалдық кешен ашылуына санаулы күн қалғанда «жабылды». Тіпті ескерткіштің бұзыла бастағанын дәлелдейтін суреттер әлеуметтік желіге тарап, әлеуметтің ашуына тиді. Кешеннің гранит тастары ойылған, биіктігі 28 метрлік стелланың ұшар басына орнатылған, тәуелсіздіктің символы бейнесінде қанатын қомдап тұрған қыран құс жерге «құлап» түскен. Стелланың жанына келіп, жоғарыға – бір, төменге – бір қарағандар «мынау тегін адамның ісі емес, дәу де болса, десанттың өзі теуіп құлатқан болды» деп болжады. Ал енді біреулер «үй құстарына тұмау жұқтырған жабайы үйрекпен шатастырып алған шығар» деп қыжыртты. Ал үшіншілері «бұл – Алаш арыстарын қорлау, аруақты басқа тебу» деп бағалады.

Біздіңше, осы соңғы нұсқа шындыққа бір табан жақын сияқты. Әйтпесе, 28 метр биікте тұрған «темір құсты» теуіп түсіретіндей Ғауез Торсанұлы дию емес қой. Ендеше, мәселе неден шықты? Әбден ашылуына жақындағанда, әкімдік ескерткіштен мін тапқан. «Құжаттары дұрыс рәсімделмеген» деген уәж айтқан. Ал осы жобаның басы-қасында жүрген ғалым Дастанбек Баймұқановтың айтуынша, жоба басталарда ешкім қарсылық білдірмеген.

Егер шындығына келсек, айдаладағы Аққұсақ тұрмақ, иінтірескен Алматының өзінде саябақтардың ішінен қаншама мейрамхана салынды. ҚазҰУ қалашығындағы дөкейлердің «дөңкиген» нысандары қаншама дау тудырды. Мұндай мысалдарды барлық қаладан да кездестіруге болады. Сонда қаладағы «қыстырылып» салынған нысандардың құжаты жасалады да, жапан даладағы мемориалдық кешеннің құжаты жасалмай ма? Жасалмаса, облыстың басшысы ретінде Ғауез Торсанұлының өзі неге жасап бермейді? Әлде кешеннің құрылысынан шынымен де мүлтік шыққан ба? Онда неге әкімдік бастапқыда тоқтатпаған?

Естеріңізде болса, біз жоғарыда кейіпкеріміздің «алмаған білімі, істемеген жұмысы жоқ» дегенбіз. Соның бір мысалы – Торсанұлының кеудесінде көптеген медальдарымен бірге «Құрметті құрылысшы» деген төсбелгісі де қоса жарқырайды. Демек бұл кісі құрылыстан да қара жаяу емес. Сондықтан «анаусы анандай екен, мынаусы мынандай екен» деп кешеннің жұмысын кейін тарта беретін шабармандарына сеніп отыра бермей, Аққұсаққа өзі барғаны дұрыс. Алаш арыстары – бар қазаққа ортақ болғанда, Торсанұлына бөтен емес. Тіпті әскери киімін киіп барып, кірпіш қаласа да, қымбат көлігін сатып жіберіп, ақша қосса да, жарасады. Ал жараспайтын мәселе – біреу. Егер мемориалдық кешен «десант тепкен» күйінде қалып, өзі басқа жаққа ауысып кетіп жатса, Ғауез Торсанұлының халық алдындағы беделі мен қызметтік карьерасына өшпес дақ болып түседі.

Түйін

Шенеуніктердің «шинелін шешкен» соң, «алқымынан алмай», жағасын түзеп, етек-жеңін қаусырып қоятынымыз бар. Өкпелесе, өздері білсін, біздің мақсат – жанашырлық. Мәселен, Ғауез Торсанұлы әкімдердің рейтингі түзілген сайын алдыңғы қатарда жүреді. Бұған Сіз сенбеуіңіз мүмкін, бірақ біз сенеміз. Өйткені біз кейіпкерімізге «күш беру» үшін тізімнің соңынан бастап санаймыз. Мысалы, toppress түзген әкімдердің 2025 жылғы рейтингінде Торсанұлы топ жармаса да, 5-орында тұр. Ал Сіз санасаңыз, 20 әкімнің ішінде – 16-орын.

Жанашырлықтың жөнін түсінген шығарсыз, «Өгізге «өк» деген де – күш». Вдвшниктің көш соңында жүргені – біздің де жанымызға батады. Батқан соң да, біраз дүниенің басын шалдық. Ал одан нәтиже шығару – әкімнің шаруасы. Өзіне жанашыр журналистерді «кері саната» бергісі келмесе, бірдеңе істейтін шығар, не көрініпті...

Сансызбай Нұрбаба